Қор нарығына қатысуға ниетті 1% қазақстандықтар – Алматы, Астана және Ақтау тұрғындары

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
18313

Қазақстандық инвесторлар басымдық беріп келген қаржы құралдарының классикалық түрі бұрынғыдай тартымды және қызық болып қала береді.

Қор нарығына қатысуға ниетті 1% қазақстандықтар – Алматы, Астана және Ақтау тұрғындары Фото: kursiv.kz

Қазақстанның ішкі нарығында инвестициялық жобаларды қаржылындырудың тамаша мүмкіндігі калыптасыпты. Тіпті мұндай мүмкіндікті оптимист сарапшылардың өзі болжауға да тәуекелі жетпей келген екен.

"Фридом финанс" инвестициялық компаниясының бас директоры Тимур Турловтың пайымдауынша, Қазақстандағы инфляция деңгейін Ұлттық Банк белгілеп берген мөлшерлемеден 0,5-1 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туып тұр. Егер, осы үрдіс жалғаса берсе, 2018 жылдың аяғына дейін инфляция деңгейі 7 пайыз емес, 3-4 пайыз дәлізінде ұстап тұруға мүмкіндік бар.

"Мұнай бағасындағы өзгеріс қана емес, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме деңгейін төмендетуге деген талпынысы да инфляция деңгейіне ықпал ете алады", – дейді Тимур Турлов.

Тимур Турлов осы тұста Ресейдегі инфляция деңгейі бірнеше жылдан бері 3-4 пайыздық дәлізде болғанын еске түсірді.

"Қазақстандағы инфляция шегі осы деңгейге жақындап қалды. Бұл инвест жобаларды қаржыландырамын деген инвесторлар үшін тамаша мүмкіндік", – деп атап өтті Тимур Турлов.

Тимур Турлов, осы тұста қазақстандық инвесторлар басымдық беріп келген қаржы құралдарының классикалық түрі бұрынғыдай тартымды және қызық болып қала беретінін айтты. Себебі жылжымайтын мүлік бағасы соңғы 10 жылда арзандаған жоқ, керісінше өсті. Банк салымдары мөлшерлемесі де ішкі нарықтың ыңғайына жығыла бастады. Валюталық депозиттің пайыздық мөлшерлемесі 1 пайыз болса, теңге пайызы 10 пайыз.

"Алдағы екі-үш айда теңге депозиті 10 пайыздан төмен болмайды. Бұл банктердегі теңге түрінде сақталған депозиттің үлесін арттырады. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын осыдан 10 жыл бұрынғы деңгеймен салыстыруға болмайды. Тұрғындардың инвестиция салуға деген қызығушылығы Қазақстанның қаржы нарығы тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті", – деп атап өтті ол.

Тимур Турловтың айтуынша, қазақстандық қор нарығының арзан және тиімді бола түсуіне осы факторлар әсер етіп отырған көрінеді. Қор нарығының банк өнімдерімен салыстырғанда жоғары табысты болуына да аталған факторлар мультипликативті тұрғыда әсер етіп отыр екен. Тіпті қазақстандықтардың 1 пайызы қор нарығы құралдарын пайдалана бастапты.

"Бұл көрсеткіш АҚШ-та 60 пайыз, ЕО елдерінде 10-20 пайыз. Түркиялықтардың 15 пайызы қор нарығы арқылы инвестжобаларды қаржыландыруға басымдық береді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайыздық деңгейде. Бұл қазақстандықтардың мүмкіндігімен салыстырғанда өте аз. Қазақстандықтардың басым көпшілігі әзірге банк салымдарына басымдық береді", – деп атап өтті Тимур Турлов.

Қазақстандықтарға қор нарығының тартымдылығын арттырудың кезі енді келді. Бірақ оның тартымдылық шекарасы Алматы мен Астанадан әріге аса алмай тұр. Алыс аудандардағы инвесторлар үшін KASE-нің сауда алаңдары әзірге қол жетімді емес. Қор нарығына қатысуға ықылас білдіріп отырған қазақстандықтардың 1 пайызы – Алматы, Астана және Ақтау қалаларының үлесінде.

"Бұл тиімді ме, ұтылып қалмаймыз ба?" деген көп көңіліндегі күмәнге қор нарығы инвестициялық кеңесшілерінің Алматы мен Астанадан әрі аса алмай отырғаны себеп екен. Тимур Турловтың пайымдауынша, бұл уақытша құбылыс екен. Қор нарығы басшылары, инвестициялық компаниялар 2016-2017 жылдар арасында конференциялар өткізіп, Қазақстанның барлық аймағындағы инвесторлармен онлайн-трансляция арқылы байланысқа шықты. Нәтижесінде қазақстандықтардың басым көпшілігі инвестор болуға дайын. 2018-2020 жылдар арасында жекешелендіру барысында "Самұрық-Қазына" компаниялар тобына тиесілі "Қазақстан теміржолы", "Самұрық-Энерго", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазпошта", "ҚазМұнайГаз", "ТауКен-Самұрық", "Эйр Астана" компаниялары акциялары сатылымға шығарылуы инвесторлардың қызығушылығын оятып отыр.

Тимур Турлов "Фридом Финанс" компаниясының ұсыныс беруімен KASE-де 600-ден аса жаңа есепшот ашылғанын айтты.

Осы және басқа факторларды ескерген "Қазақстан қор биржасы" мен "Фридом Финанс" компаниясы басшылары инвесторлар үшін байқау жариялайтынын осы жиында мәлім етті.

"Қазақстан қор биржасы" АҚ басқарушы директоры Аслан Қалиғазиннің айтуынша конкурсқа қатысу үшін үшін "KASE", "HSBK", "KCELL", "KEGC", "KZTK", "CCBN", "KZTO", "RDGZ", "AKZM", "BAST", "ABBN", "BAС " акцияларымен сауда жасау керек.

Бірінші орын – "ТЕSLA" автокөлігі, екінші орын – екі адамға Парижге жолдама, үшінші орын жүлдесі – "Apple Macbook Air".

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу