Ипотекалық несие қайта қаржыландырылады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4470

Үкімет шетелдік валютамен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландырудың мүмкіндігін қарастырып жатыр.  

Ипотекалық несие қайта қаржыландырылады

Үкімет ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысты Ұлттық банк ұсынған түзетулерді зерделеу үстінде. Алайда министрлер кабинетіндегілер нақты жауапты жариялауға асығар емес. Сондықтан қандай шешім және оның қашан қабылданатыны әзірге белгісіз.

Аbctv.kz-ке пікір білдірген премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев ел үкіметі Ұлттық банкпен бірлесіп, қаржыландыру тетіктерін талқылап жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, Ұлттық банк 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін берілген ипотекалық қарыздарды долларына 188,35 теңге бағамымен қайта есептеуді ұсынып отыр. Ұлттық банктің қаржылық қызметтерді, тұтынушылар құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьевтің айтуынша, алдын-ала есептеулер бойынша бұл мақсатқа шамамен 160 млрд теңге қажет. Ұлттық банктің бағалауынша, мұндай есептеулерді талап ететін 25-30 мың несие қарастырылған.   

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл бастаманы қолдауға да әрі қолдамауға да болатынын алға тартты.

"Бір жағынан бұл девальвацияға қатысты барлық мәселе мен сансыз сұрақтардың нақты шешімі болмақ. Бірақ бұдан да ауқымды мәселе бар. Ақша қайдан алынбақ? Әрине, бюджет есебінен емес. Экономикаға жаңа қаржы керек деген сөз. Сондай-ақ бұдан кейін өздеріне осындай жағдай жасалғанын қалайтын өзге топтардың төбе көрсетуі де ықтимал. Сондықтан бұл ауқымды мәселе. Қазір осыны зерделеп жатырмыз", – деді министр abctv.kz-ке.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық банктің бастамасын қолдап отыр. Қауымдастық өкілдері шетелдік валютамен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының шарттарында 2009 жылдан кейін берілген несиелер және бірнеше девальвация өтсе де, өз міндеттерін ерікті түрде өтеп жатқан қарыз алушылардың мүддесі ескерілмеген дейді.  

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, шетелдік валютамен берілген ипотекалық қарыздардың жалпы көлемінің (204 млрд теңге) 60%-ы проблемалық (121,8 млрд теңге) екен. Сондай-ақ шетел валютасымен қарыз алушылардың төлем тәртібіне қарамастан, қарызының мөлшері айырбас бағамдарының өзгеруіне айтарлықтай әсер етеді.  

"Ұлттық валюта бағамына енгізілген түзетулер шетел валютасымен қарыз алғандардың борыштық жүктемесін теңге эквивалентінде 2,5 есеге арттырып жіберді. Деректерге сүйенсек, 22788 отбасыға пәтерін жоғалтып алу қаупі төніп тұр", – деді қауымдастық өкілдері.

"Ұсынылған өзгерістер енгізілген жағдайда жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген барлық ипотекалық несиелер теңгеге ауыстырылады. Банктердің қоржынындағы шетелдік валютадағы несиелердің саны 70%-ға азаяды. Сонымен қатар банктер мен қарыз алушылар валюталық тәуекелдерден іргесін аулақ салады. Проблемалық шетелдік валюталық қарыздардың 62%-ы стандартты деңгейге ауыстырылады деп күтілуде. Несиелерді қайтару да арта түспек. Ал қарыз алушылар борыштық жүктемесін 40%-ға төмендетеді. Тиісінше ай сайынғы төлем сомасына да өзгеріс енгізіледі", – деп мәлімдеді abctv.kz-ке Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығындағылар.       

Қауымдастықтың дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында банктер 116,6 млрд теңгеге 20630 несиені қайта қаржыландырған (оның ішінде шамамен 7,0 млрд теңгесі өтелетін қаражат есебінен). Сондай-ақ 141 млрд теңгеге 23028 өтініш мақұлданған. Қаражаттарды игерудің жаңғыртылатын механизмін ескере отырып 2026 жылға дейін банктер 41 мыңға жуық несиені қайта қаржыландырады деп күтілуде.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу