Иранмен алыс-беріс жеңілдейді

Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімді бекітті.

17 Мамыр 2018 11:40 Автор: Фархат Әміренов
Иранмен алыс-беріс жеңілдейді, Астана экономикалық форумы, АЭФ-2018, ЕАЭО , Еуразиялық экономикалық комиссия, Иран, сауда айналымы, экспорт , импорт
Фото: inform.kz

Келісімге сәйкес, одаққа мүше мемлекеттер мен Иран арасындағы өзара сауда айналымы одан әрі жандана түспек. Нақтырақ айтсақ, импорттық кедендік баж салықтары төмендейтін болды. Бұл тараптар үшін тиімді қадам болып отыр. Келісім мерзімі – үш жыл.

Астана экономикалық форумында белгілі болғандай, жоғарыда аталған келісім аясында Иран 246 тауар бойынша тарифтік жеңілдіктер қарастырса,  Еуразиялық экономикалық одақ 175 тауарға жеңілдік берді. Бұл ретте, Иран Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына импорттық кедендік баж салығын азайтады. Атап айтқанда, Иран нарығына жеңілдікпен жөнелтілетін отандық тауарлардың қатарында сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, жасымық, бұршақ, арпа, жүгері, өсімдік майы, макарон өнімдері, кондитерлік бұйымдар, болат, рельстер, аккумулятор, арматура, құбыр және басқа да тауарлар бар.

Ал Иран Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін қат тауарларды жеңілдікпен экспорттайтын болды. Атап айтқанда, пісте, құрма, інжір, мейіз, бақша дақылдары, апельсин, лимон, кондитерлік бұйымдар, шырынның кейбір түрлері, құрылысқа қажетті бояулар мен лактар, ыдыс-аяқтар, жууға арналған заттар, кілемдер, пластмассадан жасалған бұйымдарды одақ елдеріне экспорттауда айтарлықтай жеңілдіктерге ие болды. Еуразиялық экономикалық одақ Иранның негізгі экспорттық тауарларына (алма, қызанақ, қияр) маусымдық жеңілдіктер ғана қарастырып отыр. Яғни, Иран өзінің негізгі экспорттық тауарларын қараша және наурыз айларына аралығында ғана жеңілдікпен экспорттай алады. Ал бұл уақыт аралығында ЕАЭО елдерінде алма, қызанақ, қияр секілді өнімдер өсірілмейтіні белгілі.

Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы Тигран Саргсянның айтуынша, ЕАЭО мен Иран ислам республикасы арасында еркін сауда аймағының құрылуы нәтижесінде кедендік баж салықтары айтарлықтай төмендейді.

«Кәсіпкерлер келісім күшіне енген сәттен бастап жеңілдіктерге ие бола бастайды. Иран өнеркәсіптік тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ аумағына экспорттағанда кедендік баж салығы орташа есеппен 7%-ға, ал одақ елдері үшін 3,3%-ға төмендейді. Ауыл шаруашылығы тауарларына салынатын кедендік баж салығы орташа есеппен Иран үшін 19%-ға, ал одаққа мүше мемлекеттер үшін 5%-ға азаяды. Аталған келісімнің біз үшін маңызы зор. Себебі, бұл екі жақты еркін сауда аймағының жаңа форматы болып табылады», – деді Тигран Саргсян Астана экономикалық форумында.

Алқа төрағасының сөзінше, уақытша келісім ЕАЭО мен Иран арасындағы жалпы сауда айналымындағы тауарлардың тек 50%-ына қатысты болып отыр.

«Осының өзі бұл келісімнің тараптар үшін маңызды екенін көрсетеді. Осы орайда, үш жылда еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімді толық форматты келісімге ауыстыруға мүмкіндік бар», – деді Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылы Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы жалпы сауда айналымы 2,7 млрд долларды құраған. Уақытша келісім бұл көрсеткішті бір жарым есеге дейін арттырады деп күтілуде. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Иран арасындағы екі жақты сауда айналымы 2018 жылдың І-тоқсанында 170 млн долларды құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға көп. 

«Соңғы бес жылдағы статистикаға сүйенсек, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Иран бағытындағы экспорты тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары, ауылшаруашылық тауарлары, минералды өнімдер, ағаш және қағаз өнімдері экспорты жыл өткен сайын ұлғая түсуде. Ал Иран тарапынан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне дәстүрлі ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау тұрақты болып отыр. Сондай-ақ, соңғы жылдары химиялық және минеральды өнімдер экспорты да еселене түсті», – деді Тигран Саргсян.

Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы атап өткендей, Иран Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болмаса да, аталған ұйымның қағидаларына сәйкес келетін міндеттемелерді мойынына алып отыр.

«Уақытша келісімде екі жақты дауларды шешудің тиімді тетіктері де қарастырылған. Бұдан бөлек, бизнес-диалог құру мақсатында тараптарды жоғары лауазымды тұлғалары деңгейінде бірлескен комиссия құрылатын болды. Сонымен қатар, келісім сауда саласындағы техникалық кедергілерді реттеуге жол ашады», – деді Тигран Саргсян. 

Фархат Әміренов