Ішкі нарық 9 шілдені күтіп, іштен тынып тұр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2950

Арада ай өтпей жатып теңге дәлізінің тербеле беруі кепілсіз тұтынушылық несиенің пайызын кенеттен көтеріп жіберуі мүмкін.

Ішкі нарық 9 шілдені күтіп, іштен тынып тұр

ҰБ өткен аптада базалық мөлшерлемені пайызға төмендеткені туралы хабарды қаржыгерлер қауымы кездейсоқ жаңалық емес екенін айтады. Бұл Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикадағы үйлесімділікті реттеп отыруға бағытталған саясатының кезекті жаңалығы екен. Бұл жолғы жаңалықта тұңғыш рет әлемдік конъюнктураға тәуелді екеніміз ҰБ және үкімет тарапынан мойындалыпты. ҰБ алдағы уақытта инфляцияның максималды шегін өзі қалаған уақытта түзетіп отыруға шамасы келмей қалғанын түсінді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сараптамалық орталығының директоры Павел Афанасьев экономикалық конъюнктура инфляция деңгейін төмендетуге бағытталғанын айтады. Себебі экономикалық субьектілерді несиелендіру ресурстары бізде әлі тым жоғары болғандықтан, бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған. Сол себепті Ұлттық банктің мұндай жағдайда барынша ұстамды саясатқа басымдық беруі – дәл қазір дұрыс шешім.

"Қазір реттеуші ұйымдар кезекті инфляция белгілерін ішкі нарықтан байқай бастады. Бұған Мәскеу биржасында доллар-рубль жұбындағы өзгерістер ықпал етуі мүмкін. Ресей рублінің ревальвациялық динамикасы біраз уақытқа дейін сақталады", – дейді Павел Афанасьев.

Павел Афанасьевтың пайымдауынша, базалық мөлшерлеменің төмендеуі ең қысқа мерзімді РЕПО-овернайт сияқты қаржылық құралдарға әсер етуі мүмкін. Себебі мұндай қаржы құралдарының табысы – бір күндік валюталық своп, басқаша айтқанда бір-біріне қарама қайшы валюталар жұбының бір күндік операциясы барысындағы түсімінен түскен пайда. Мұндай операция кезінде соңғы нәтиже осыған байланысты болмақ.

"Бұл тиісті ақша ағындарын қалыптастыратын, реттейтін, тәуекелі жоғары операция. Сондықтан, мұндай операция экономиканы қаржыландырудың түпкі нәтижесіне тәуелді. Ал салымшыларды несиелендірудің пайыздық мөлшермелесін төмендету 1 күн немесе бір аптаның еншісіндегі шаруа емес. Оған ұзақ уақыт кетеді", – дейді Павел Афанасьев.

Тәуелсіз сарапшы-экономист Александр Юрин де бұл жолғы жаңалық ҰБ-ның қаржылық-несиелік саясатының жалғасы екенін айтады. Бірақ бұл жолы ҰБ пайыздық мөлшерлемені төмендетуге алдыңғы әрекеттеріне қарағанда барынша сақтықпен қарап, ең төменгі деңгейдің бағын сынап отыр. Қаржы трейдерлерінің пайыздық мөлшерлеме арасындағы болмашы айырмашылықтардан бұрынғыдай пайда көріп қалуға мүмкіндік беретін тетіктердің бәрінің жолын жауып тастады. ҰБ бұл жолы пайыздық мөлшерлемені бұдан әрі төмендетуге, мысалы 8 пайыздық деңгейге де түсіре алмайды.

"9 пайыздық мөлшерлемеден төменгі деңгейге түсіру Ұлттық банктің саясатына қайшы келеді. Бұл мөлшер жыл аяғына дейін сақталуы мүмкін. Сондықтан қысқамерзімді несиелерді қаржыландырған кезде осы факторға көңіл бөлген жөн. Қаржылық мөлшерлемені төмендете беруді экономикалық мүмкіндігіміз көтере алмайды. Себебі 9 пайыздық мөлшерлеменің өзі теңге-доллар жұбында теңгенің әлсіреуіне алып келді. Бұл пайыздық мөлшерлемені төмендете беру бізге тиімді болмайтынын көрсетті", – дейді Александр Юрин.

"Финам" компаниясы сараптамалық орталығының жетекшісі Сергей Дроздов ҰБ-тың бұл жолғы шешіміне, ішкі фактор емес, әлемдік конъюнктурадағы жағдайлар ықпал еткенін айтады.

"Сарапшылар осыған дейін пайыздық мөлшерлеме деңгейіне қатысты шешім қабылдаған кезде мүмкіндігімізді асыра бағалауға болмайтынын, ең алдымен әлемдік конъюнктурадағы жағдайларды қаперге алу қажеттігін айтумен келді. Себебі біздің ел әлемдік конъюнктураның атмосферасына ықпал ете алатын деңгейге жеткен жоқ. Әлемдік конъюнктура ҚХР немесе АҚШ елдері экономикасының өсу деңгейін және оның жан-жағына әсерін қаперге алады. ҰБ осы жолғы шешімінде әлемдік фактордың мультипликативті ықпалын ескеріп отыр. Бұл жақсы жаңалық", – дейді Сергей Дроздов.

Сергей Дроздов осы ретте АҚШ-тың Федеральды резервті жүйесі негізгі ставканы 2,5 пайызға көтергенін және ол елдің бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін өзгертпейтінін хабарлағанын айтты. 2019 жылы АҚШ бұл деңгейді 2, 9 пайызға көтеруі әбден мүмкін екен.

"Ұлттық банк мұндай жағдайда пайыздық мөлшерлемені бұдан әрі төмендетуге жол бермейтін шешімдерді алдын-ала қабылдауға мәжбүр болады", – дейді Сергей Дроздов.

Оның пайымдауынша, АҚШ-тың негізгі пайыздық мөлшерлемені көтерген сайын теңге әлсірей беретінін айтады. Мұндай жағдайда ҰБ, бұрынғыдай теңге бағасын қолдан тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан ақша бөледі де теңге бағамын экономикаға жағымды көрсеткіште қолдан ұстап келген еді. ҰБ үшін де, Үкімет үшін де "құтқару жастықшасы" міндетін атқарып келген сценарий алдағы уақытта біздің пайдамыздан кері бұрылып кетуі әбден мүмкін. Себебі теңге бағамына әсер ететін факторлар соңғы айларда тым көбейіп кетіпті. Бұл жағдай ҰБ-ға бұрынғыдай таңдау мүмкіндігін барынша азайтып отырғанға ұқсайды.

"Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені 9 пайыздық деңгейге жеткізуі барынша шектеулі сипат алатынын біліп отырмыз. Экономикалық өсім үшін мұндай тәсіл емес, барынша жеңілдетілген монетарлы саясат керек. Ұлттық банк пен үкімет бұл жолғы негізгі міндеті теңге бағамының тұрақтылығын бақылаумен ғана шектеледі. Себебі біздің ұлттық валютамыз пайыздық мөлшерлеменің төмендегеніне емес, энергия тасымалдаушылар нарығындағы конъюнктураға тәуелді. Бұл үкіметтің осы күнге дейін экономиканы әртараптандыруға немесе мұнайға тәуелділік деңгейін төмендету үшін қабылдаған шешімдерінің нәтижелі болмағанын көрсетіп тұр", – дейді Сергей Дроздов.

Сарапшылар ҰБ пайыздық мөлшерлемедегі кезекті өзгеріс туралы 9 шілде күні білетінімізді айтады. Демек, 20 күннен кейін біз тағы теңгенің қандай күшпен теңселетініне куә боламыз. Осы ретте сарапшылар ҰБ "бұл жолы қымбат пәтер емес, жаңа теледидар, жаңа автокөлік немесе айфонның" жаңа маркілерін сатып алумен ғана көтеру кімге тиімді?" деген заңды сұраққа сұраққа жауап таба алмай басы қатып отырғанын айтады. Бізде экономиканың өсіміне әсер ететін жанама фактор тұрғындардың сатып алу-сату қабілетінің жоғарылығы, несиеге жүгіну факторының жиілігі болып келген еді. Соңғы айларда қазақстандықтардың төлем қабілетінің төмендей бастағанын несиеге жүгіну деңгейінің төмендегенінен байқаймыз. Мемлекеттік бағдарламалар өз нәтижесін біз күткен деңгейде берген жоқ.

Бұл туралы қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев ҰБ үкіметтен экономикаға мотивация беру туралы жасырын тапсырма алуы әбден мүмкін деген болжамды алға тартады.

"Экономиканың өсіміне адамдардың әдемі өмір сүруге деген қажеттілігін пайдаланып қалу" әрекеті тым ақылды шешім емес. Психологиялық тұрғыда, тұрғындар пәтер алуға емес, автокөлік немесе "Айфонның" соңғы үлгісін алуға көбірек жүгінеді. Және оның несиесінің тәуекелі де жоғары емес. Мұндай шешім тұрғындарының 80 пайызы тұрмыстық техниканы несиеге алып, қарызға белшесінен батқан елде өзін-өзі ақтайды. Ал үкімет болса банктер сол несиені экономиканы сауықтыруға жұмсайды деп үміттенеді. Банктер мен үкіметтің мүддесінің тоғысқан нүктесі – осы. Бірақ банктер бұл үмітті ақтамай жүр", – дейді Ілияс Исаев.

ҰБ мен үкіметтің пайыздық мөлшермені төмендету туралы шешімін ішкі нарық та "алақайлап" қабылдамапты. Бұл жолы экономиканың субьектілеріне және ҰБ-ның қаржылық-несиелік саясатына деген сенім төмендеп кетуі мүмкін. Алдағы 9 шілде күні ҰБ шешімінде бір өзгеріс болмаса, біз кезекті инфляцияға қарай тағы бір қадам алға жылжиды екенбіз. "Бұл жолғы инфляция бағаның қымбаттауына ғана емес, банк депозиттерінің "долларлануына" да алып келеді" дейді сарапшылар.

"Бұл жолғы инфляцияның деңгейі қандай болады?" деген біздің сұрағымызға сарапшылар толыққанды жауап бере алмайды. Себебі ішкі нарық та, ҰБ да "кезекті, 9 шілдедегі шешімнен кейін жағдай қандай болады?" деп іштен тынып отыр. Араға ай өтпей жатып теңге дәлізінің тербеле беруі кепілсіз тұтыну несие пайызын кенеттен көтеріп жіберуі мүмкін. Тұтыну несиесі пайызының кенеттен көтерілуі ҰБ-ға да, мемлекетке де оңайға соқпайын деп тұр. ҰБ банктер арқылы түсіп тұрған қосымша кірістен айырылса, халық әдемі өмір сүреміз деген мүмкіндігінен айырылады. Мұндай жағдайда ҰБ-ға несиелік саясатына формалды болса да өзгеріс енгізуге тура келеді.

"Бізге мұнайлы экономика әлемдік жағдайға тәуелді екенімізді тым қатты сездірмеді. Мұнай біздің экономика үшін әрі бақ, әрі тежеуші фактор екенін түсіне алмадық. Алда бізді бұдан да қатал сынақтар күтіп тұр. Біздің Ұлттық банктің қаржылық-несиелік саясатының бәсекелік қабілетін әлемдік ашық нарық анықтайтын болады. Сол себепті Ұлттық банк қабылдаған пайыздық мөлшерлеменің деңгейін осы жолы ғана экономиканың барометрі деп қабылдауға болады. Үкімет мүшелері де, Ұлттық банк те енді халық алдында есеп бергенде өздерін қалаған көрсеткіш емес, реалды цифларға жүгінетін болады. Бұл фактор біздің үкімет пен Ұлттық банктің ес жиып, көзінің ашылуына себеп болатын шығар", – дейді Ілияс Исаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу