Ішкі нарықтың 60%-ын импорттық көкөніс жаулап алған

Мамандар өз нарығымыздан Қытайдың азық-түлігін ысыру үшін жылыжай өндірісін дамыту қажет деп отыр.

04 Тамыз 2018 12:42 Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
Ішкі нарықтың 60%-ын импорттық көкөніс жаулап алған, көкөніс, импорт, жылыжай, отандық өнім

Қазақстан жылыжайлар қауымдастығының мәліметінше, елімізге сырттан келетін көкөністер тасқыны толастамай тұр.  Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бөлек Қытайдан, Польшадан,  Мексикадан, Америкадан көкөніс пен жеміс-жидек тасуда озық көрсеткіш көрсетіп отыр. Мысалы, 2018 жылдың қаңтар, ақпан айларындағы деректерге жүгінсек,  осы екі айдың ішінде ішкі нарыққа 254,7 мың долларды құрайтын 806,4 мың тонна картоп, 1,694, 4 мың долларға  968,9 мың тонна  пияз, 33 мың долларға 322,1 мың тонна қызанақ әкелінген. Статистикаға сүйенсек, қазір сырттан келетін көкөністердің көлемі ішкі нарықтың 60 %-ін қамтып отыр.

Бұған қатысты ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Бақберген Елемесов көкөніс, бау-бақша өнімдерінің импорты жыл  сайын өсіп бара жатқанын,  болашақта бұл үрдіске арнайы бір шектеу қоймасақ, шеттен келген өнімдердің қауіпсіздігі тұрғысынан кепілдік аз екенін айтады.

Оның айтуынша, қазірде көптеген елдер импорт тасқынына шектеу қойып отыр. Ал осы тұста біздің бейқам отыруымызға болмайды. Бір ғана көкөніс импортының ішкі нарықтың 60%-ын құрауы бұл – ойландыратын нәрсе.

«Біз картопты Ресей, Беларусь елдерінен тасимыз. Қызанақ, қияр, қарбызбен тәжіктер қамтамасыз етеді. Алма, лимон, ананасты Қытай мен АҚШ-тан, Мексикадан аламыз. Бір сөзбен айтқанда, елдегі көкөніс пен жеміс түрлерінің басым бөлігі сырттан келеді. Әрине, сырттан келетін тауарға шекарадан ішкі нарыққа жеткенше он есе баға қосылады. Мысалы, Қытайда бір дана лимонның бағасы 15 теңге болса, біздің ішкі нарыққа енгенше ол лимонның бағамы 150 теңгеге бірақ өседі. Тағы бір мысал, өздеріңіз білесіздер, 2016 жылы Ресейге тұс-тұстан санкциялар салынып, Ресей мен Украина арасы шиеленісіп тұрған кезде біздегі көкөніс бағалары шарықтады. Бір ғана картоптың бір келісі ол кезде 300 теңгеге жетті. Өйткені біз бұл аралықта Ресейден көкөніс таси алмай қалдық. Санкцияға бұғатталған Ресей ол кездері көкөністерін сыртқа бермек түгілі өзіне жеткізе алмай жатқан еді. Негізі сырттан келетін көкөністер бізді жарылқамайды. Шекарада бір кедергі тап болса олардың бағасы да қымбаттап, ішкі нарыққа он есе шарықтаған бағамен енеді. Сондықтан бізге елдегі жылыжай өндірісін дамытып, отандық өнім өндіруге басымдық беретін кез жетті», - дейді Бақберген Елемесов.

Көкөніс өндірісіне қатысты басымдық беріп айтатын тағы бір дүние  - оның сапасы екені даусыз. Биоматериалдарды талдау және зерттеу орталығының технологы Айзада Қалымбетованың айтуынша, бізге енетін көкөністердің дені шірімейтін, жылтыраған, түрін бермейтін өнімдер екен.

«Қазір көптеген елдер будандастыру арқылы, түрлі химиялық қоспаларды қосып дәрілер егіп көкөніс алудың көрсеткішін арттырып отыр. Әлем бойынша 2000 тектес өсімдікті будандастыру арқылы көкөніс алуға болады. Олардың ішінде ең көп будандастырылатыны қызанақ, соя, арахис, картоп, сәбіз, бидай. Біз «китайский» деп атап кеткен көкөністердің бір ерекшелігі олар суыққа тоңбайды, үсімейді, ал ыстықта шірімейді. 2 млрд-тан астам халықты асырау үшін Қытайға қазір бұлайша өнім алу таптырмайтын үрдіс. Қытай елі бүгінде гендік модификацияға түсетін неше түрлі өнімнің түрін ойлап тапты. Сол тәрізді бұл үрдісті АҚШ, Польша, Мексика елдері де дамытып отыр. Тәжіктердің де егілген, химиялық қоспалар енгізілген көкөністері базарымызды басып алған. Сондықтан болашақта бұл үрдіске белгілі бір шектеу қою керек. Олай етпесек, қытай өнімдері біздің экономикамыздан бөлек, денсаулығымызға да кері әсерін тигізеді», – дейді Айзада Қалымбетова.

Технолог маман отандық өнім үлесін арттыруға назар аударатын кезең жеткенін алға тартып отыр. Ол үшін әрине бірінші кезекте елдегі жылыжай өндірісіне мән берілуге тиіс.

Жалпы, деректерге көз жүгіртсек,  Қазақстанда 1356 гектар жылыжай бар. Бірақ олардың көпшілігі жұқа үлдірден салынғанына байланысты халықаралық талапқа сай болмай отыр.

«1356 гектар жылыжайдың 1100 гектары жұқа үлдірден салынған. Мұндай жұқа материалдардан салынған жылыжайлар тек оңтүстік өңірлерде ғана жарамды. «ҚазАгро» ұлттық холдингі жабық гидропоникалық жылыжайлар салу үшін 2017 жылы 46,5 млрд қаржы бөлген болатын. Бұл сома бойынша 147 гектар жылыжай салынған. Бірақ бұл жылыжайлардан алынған өнімнің нәтижесі әлі көрінген жоқ. Себебі бізде маусым айында халықтың көкөніске деген сұранысы 145 мың тонна болса, біз соның 50 мың тоннасын ғана өтей алыппыз. Қалған сұранысты өтеу импорттың үлесінде болған. Әрине, бұл ретте Қазақстанның климаты көкөніс өсіруге қолайсыз дейтіндер де бар. Бізден гөрі қазір көкөніс өсіруде өзбектер озып тұр. Өзбектердің көкөністері көптеген елдерге экспортталып жатыр. Ал бізде экспорт түрі әлі жетіле қойған жоқ. Сондықтан өзгелердің химиялық синтездеуден өткен көкөнісін тұтынуға мәжбүрміз. Мұның арты әрине денсаулығымызға да, экономикамызға да кері ықпал етері даусыз», - деді ауыл шаруашылығы ғылымының РһD докторы Әйгерім Салқынбаева.

Жалпы, ауыл шаруашылығы ғылымын зерттеуші Әйгерім Салқынбаеваның айтуынша, бізде көкөніс өндіруге қатысты отандық өнім үлесін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл ретте маман айтып отырғандай, елімізде өз өніміміздің әлеуетін арттыру мақсатында «2017-2021» бағдарламасы іске қосылған.

«Аталмыш бағдарлама аясында шаруалар жылыжай салатын болса, арнайы субсидия бөлінеді. Яғни, жылыжай құрылысының 30%-ын субсидиялайды. Сондай-ақ үкімет тарапынан жылуға, күн энергиясын қолдануға, тұқым, тыңайтқыш алуға кеткен шығындарды жабу үшін де субсидия беріледі. Егер осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланғанда отандық өнімнің үлесін арттыруға болар еді. Әттеген-айы, сол бізде Үкіметтің  қолдауын толыққанды пайдалана алмай жатқан салалар көп. Бұл енжарлық па, әлде қағазбастылықтың салдары ма, ол арасы маған беймәлім. Бірақ келешекте диқандар осындай тиімді жеңілдіктерді пайдалана алса екен», - дейді Әйгерім Салқынбаева...

Қарлығаш Зарыққанқызы