Ислам & сандық валюта

Әмірліктерде биткоиндар шариғатқа сәйкес, алтынмен қорғалады.

11 Сәуір 2018 10:33 Автор: Арыстан Рысбек
Ислам & сандық валюта, ислам, криптовалюта, БАӘ, вируалдық шариғат, OneGram, Al Maali Consulting, Дарул Ихсан, Кордоба Капитал

Кейінгі кездері әлемнің қаржы нарығында криптовалюта төңірегінде пікірталас көп. Кейбір мемлекеттер электрондық ақшаға мүлде тыйым салып жатса, енді біреулері оған ешқандай шектеу қойып отырған жоқ. Соңғыларының қатарында Біріккен Араб Әмірліктері бар. Бірақ, мұсылмандық монархия болғандықтан, мұнда виртуалдық валютаға шариғат тұрғысынан келген.

Дубайдың әйгілі Алтын базарында төрткүл дүниеден жиналған клиенттер білезіктер мен алқалар үшін саудаласып жатқанда, қаланың өзге бір ауданында алтын құймалар қаржы инженериясында жаңа рөл ойнай бастады.

Дубайда былтыр OneGram деген стартап-компания ашылды. Ол қазір алтынмен қорғалған криптовалюта шығара бастады. Бұл ақшаның мақсаты – криптовалютаның ислам дініне қайшы еместігіне мұсылман инвесторларының көзін жеткізу. Осылайша, биткоин, эфириум тәрізді электрондық ақша түрлеріне бүгінде исламның негізгі қаржы орталықтары – Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азияда қызығушылық ерекше оянып отыр.

Биткоиндар – алып-сатарлардың назарында. Сол үшін исламда оған күдікпен қарау заңды да. Шариғат принциптеріне сәйкес, табыс ақша спекуляциясының емес, шынайы экономикалық белсенділіктің нәтижесінде келуі керек. Сондықтан, «криптовалютаға дін рұқсат бере ме?» деген мәселе қазір ислам ғалымдарының арасында қызу талқыға түсіп отыр.

Бұл дауды басу үшін электрондық ақша өндіретін компаниялар криптовалюталарды құнды металмен қамтамасыз етіп, ислам кеңесшілерінің мақұлдауына ие болуы керек. Осыған орай, OneGram криптовалютаның әр бірлігін қоймада сақталған шынайы алтынның бір граммымен қолдауды жөн деп тапқан.

«Алтын ислам қоғамдарында алғашқы ақша түрлерінің бірі болды. Біз шариғат ережелерінің блокчейн технологиясымен сәйкес келетінін дәлелдегіміз келеді», – дейді аталған компанияның негізін қалаған британдық азамат Ибраһим Мұхаммед «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында.

Әмірліктерде былтырдан бері алтынмен қамтамасыз етілген миллиондаған доллардың электрондық мәнеті шығарылған. Олардың 60 пайыздайын сату жоспарланып отыр. OneGram фирмасы мамыр айының соңында биржаға шығармас бұрын бұл криптовалютаның барлығын жасап үлгеруден үмітті.

Және де осы валютаны Дубайдағы Al Maali Consulting компаниясы ислам қағидаттарына қайшы емес деп қаулы шығарған. Айта кету керек, Al Maali Consulting – «қаржылық инструменттер шариғат стандарттарына сәйкес келе ме?» деген сауалға өз пікірін айтатын әлемдегі он шақты фирманың бірі.

Десек те, Біріккен Әмірліктер алтынмен қорғалған криптовалюта өндірген алғашқы мемлекет емес. Былтыр қазан айында дәл осындай ақшаны Малайзияда HelloGold деген кәсіпорын шығарды. Оны қолдануға Куала-Лумпурдағы Amanie Advisors деген орталықтың ислам ғалымдары рұқсат беріп отыр.

Шариғат комитеттері
Зерттеулерге қарағанда, Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы банктердің тек 20-30 пайызы ислам қағидаттарын орындап жұмыс істейді; мұсылмандардың көбі молырақ кіріс әкелсе немене қолайлы болып жатса, қарапайым қаржы түрлерін қолданады.

Бірақ, діни рұқсаттың бұл мәселеде ықпалы зор. Және де сол рұқсат шариғат принциптеріне жүгінетін ислам қорлары мен институттарының криптовалютамен жұмыс істеу тетіктерін айқындауға тиіс.

«Ең үлкен қиындық сол – бұл проблема төңірегінде әңгіме көп, айқындық шамалы», – дейді HSBC банкінің Малайзиядағы өкілі Зияд Махомед. Ол қазір исламдық транзакцияларды қадағалайтын шариғат комитетіне төрағалық етіп отыр.

Дегенмен, мемлекеттік деңгейдегі шариғаттық басқару органдары криптовалютаға рұқсат беру мәселесінде әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Бірақ, көптеген елдің үкіметтері биткоиндар қаржы нарығын тұрақсыздыққа ұрындырады деп қауіптенсе де, жаңа технологияның игілігін көруге қарсы емес. Мәселен, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің орталық банктері азаматтарға биткоин саудасының қауіптілігін ескертсе де, оған тікелей тыйым салып отырған жоқ.

2014 жылы исламдық қаржыландыру жайлы оқулықтардың авторы, калифорниялық танымал ғалым Монцер Ках биткоинды заңды айырбас құралы десе де, алаяқтар алдында оның осал екенін жоққа шығармады. Осығани қарамастан, Махомедтің сөзінше, сол кезден бастап, Оңтүстік Африканың ислам заңгерлері криптовалютаны жақтап, оны қоғам қабылдайтын ақша деп есептеп жүр.

Алайда, былтыр қаза айында Дурбандағы Дарул Ихсан орталығы бұл пікірді мақұлдаудан тартынып, биткоиндар қаржы пирамидасын құруға пайдаланылуы мүмкін екендігін ескертті. Бұған қоса, Түркияда, Ұлыбританияда кейбір ғалымдар сандық валютаны қолдануға қарсылық білдіріп, ал Мысырдың Бас мүфтиі қаңтар айында мәлімдеме жасап, криптовалютаны саудалауға болмайтынын атап өтті.

Малайзиядағы Исламдық қаржы жөніндегі халықаралық зерттеу академиясының зерттеуші-ғалымы Фаррух Хабибтің пікірінше, бұл мәселе төңірегіндегі дебаттардың өршуіне сандық монеталар мен жетондардың жүздеген түрінің пайда болуы және ол ақшаларды бөлу, өндіру, саудалау фунцияларының біркелі болмауы себепші.

«Олар тауарлық, жобалық, бизнестік тұрғыдан алғанда, бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан, бұндай ақшалардың барлығына бірдей шариғаттың ортақ ережелері сәйкес келе бермейді. Яғни, шариғат биткоин мен өзге де валюталар саудасын белгілі бір деңгейде реттей алатын шығар. Бірақ, сол электрондық монеталардың ерекшеліктері діни заңда аса ескерілмеген», – дейді Хабиб.

Күрделі мәселе
Лондондағы «Кордоба Капитал» компаниясының директоры Харрис Ирфанның ойынша, шариғат жөніндегі ғалымдардың көбі сандық валютаның күрделілігіне терең бойлай бермейді.

«Өз басым ақша аударымдарының заңдылығына қатысты шариғат зерттеушілерінің пәтуаларын бірден қабылдай салуға шақырмас едім. Бұл өте күрделі мәселе», – дейді Ифран. Ол қазір Британияда шариғатқа негізделген өнімдер үшін аккредитация қағидаттарын әзірлейтін сараптамалық орталықтағы исламдық топқа жетекшілік етеді. Ал, малайзиялық зерттеуші Махомедтің сөзінше, әлемдік деңгейде «криптовалюта – байлықтың немесе малдың бір формасы» деген ортақ көзқарас қалыптасып келеді. Бірақ, ғалымдар «криптовалюта нағыз валюта ма?» деген сауалға әлі нақты жауап тапқан жоқ. Мұндай жауап исламда зекет пен мұрагерлік үшін де қажет екен. Ал, Джиддадағы Фикх академиясының Фатва департаментінің директоры Әбдүлкәрім Қамардың мәлімдеуінше, криптовалютаға қатысты қандайда бір қарар әлі қабылданған жоқ және ол жайындағы ресми сессияны биыл өткізу жоспарланып отыр.

Арыстан Рысбек