Израиль Газаны бомбалаған сайын Хамас қолындағы тұтқындарды өлтіріп отырмақ

2180

Құрбандар саны 1600-ге жақындап қалды.

Израиль Газаны бомбалаған сайын Хамас қолындағы тұтқындарды өлтіріп отырмақ Фото: АР агенттігі

Хамас қозғалысы Израиль ескертусіз палестиналықтардың үйін бомбалаған сайын, израильдік тұтқындарды өлтіріп отыратынын жариялады.

Құрбандар қатары 1600-ге жақындап қалды. Израиль телеарналары Хамастың шабуылынан қаза тапқан израильдіктердің саны 900-ге жетіп, кемінде 2600 жараланғанын және ондаған адамның тұтқынға алынғанын хабарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Соғыстың үшінші күнінде Израиль мәйіттерді әлі тауып жатыр. Құтқарушылар Беери фермерлік қауымдастығынан 100 адамның өлі денесін көргендерін айтып отыр. Бұл – осы елді мекен халқының шамамен 10 пайызы.

Ал Газаның Денсаулық сақтау министрлігі сенбіден бері Израильдің әуе соққыларынан кем дегенде 687 палестиналық қаза тауып, 3726 адам жараланғанын мәлімдеді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шабуылға ұшыраған нысандардың арасында көппәтерлі үйлер мен ауруханалар бар.

Дүйсенбіден сейсенбіге қараған түнде де шайқас жалғасты. Израиль әскері Газа секторындағы нысандарға теңізден және әуеден соққы бергенін, соның ішінде Газа жағалауындағы Исламдық жиһад пен Хамас нысандарына тиесілі қару-жарақ қоймасын да бомбалағанын хабарлады.

Куәгерлердің айтуынша, Хамастың бірнеше қауіпсіздік штабы мен министрліктері соққыға ұшырап, кейбір жолдар мен үйлер бұзылған. Израиль, сонымен қатар, палестиналық жеке телекоммуникация компаниясының штаб-пәтерін де бомбалады. Бұл жағдай сектордағы стационарлық телефон, интернет және ұялы телефон қызметтеріне кері әсер етуі мүмкін.

Хамастың баспасөз хатшысы Әбу Убайданың мәлімдеуінше, Израильдің әрбір ескертусіз бомбалау операциясынан кейін тұтқындағы бір израильдік өлтіріліп отырады. Бұған Израиль әскерінен дереу жауап болған жоқ. Израиль Сыртқы істер министрі Эли Коэннің сөзінше, өткен демалыс күндері Хамастың тосын шабуылы кезінде 100-ден астам адам тұтқынға алынған.

Тағы бір айта кететін жайт, екі күннің ішінде 300 000 резервисті армия қатарына шақыра отырып, Израиль жиырма жылға жуық уақыт бұрын тастап кеткен Газада құрлықтық операция бастауы мүмкін екенін аңғартып отыр.

"Біз ешқашан мұндай көлемде резервистерді шақырған емеспіз. Шабуылға көшеміз", - дейді бас әскери өкіл және контр-адмирал Даниел Хагари.

Халықаралық жауап

Италия, Таиланд, Украина үкіметтері де өз азаматтарының қаза тапқанын хабарлады. 10-нан астам британдық өлді немесе із-түзсіз жоғалып кеткен.

Президент Джо Байден болса, кем дегенде 11 америкалықтың өлтірілгенін және кепілге алынғандар арасында АҚШ азаматтары болуы мүмкін екенін атап өтті.

Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант 2,3 миллион адам тұратын Газаға азық-түлік пен жанармайдың жетуіне жол бермеу үшін күшейтілген блокада жариялап, халықаралық айыптауға тап болды.

"Басып алынған аумақтағы халықты азық-түлік пен электр қуатынан айыру -  әскери қылмыс, ұжымдық жаза", - дейді Human Rights Watch ұйымының Палестина мен Израиль бойынша директоры Омар Шакир.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриштің мәлімдеуінше, БҰҰ 137 мыңға жуық палестиналықты уақытша баспанамен қамтамасыз еткен.

Тель-Авивке жыл сайын 3,8 миллиард доллар әскери көмек беретін Вашингтон Израильге әуе қорғанысына қажетті жабдықтар мен оқ-дәрілер және басқа да қауіпсіздік көмектерін жіберіп жатыр. Бұны АҚШ қорғаныс істерінің жоғары лауазымды өкілі дүйсенбіде хабарлады.

Британ, Франция, Германия, Италия және АҚШ үкіметтері дүйсенбі күні бірлескен мәлімдеме жасап, Палестина халқының "заңды арманын" мойындап, израильдіктер мен палестиналықтар үшін әділдік пен еркіндік тең қажеттігін атап өтті.

Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси мен оның түрік әріптесі Тайып Ердоған болса, Хамас пен Израильді зорлық-зомбылықтарды дереу тоқтатып, бейбіт тұрғындарды қорғауға шақырды.

Кең ауқымды соғыс қаупі 

Ливандағы Хезболла қарулы тобы дүйсенбі күні Израильдің солтүстігіне зымыран жаудырды. Бұл шабуылға осы шииттік қозғалыстың үш мүшесінің Израильдің соққысынан мерт болуы түрткі болған.

Мұндай оқиғалар инвесторларды алаңдатып отыр. Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс салдарынан биржаларда мұнай бағасы бірден 4 пайызға қымбаттап, 87 доллардан асты. Кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл жанжал кең ауқымды аймақтық соғысқа ұласатын, Иранның мұнай экспорты бәсеңдеуі ғажап емес. Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы шиеленіс ұзаққа созылса, әлем экономикасының дамуы тежеледі деген қорқыныш бар. Осыған байланысты АҚШ, Еуропа, Азия биржаларында мыңдаған компания акцияларының құнын көрсететін индекстер төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу