"Израильдің Хамасқа қарсы соғысы бірнеше жылға созылады"

2449

Батыс державалары Израилді Палестина мен Ливан жеріне басып кіруден айнытуға тырысуда. Израиль министрі армияға басқыншылықты бастауға рұқсат етілгенін жеткізді. 

"Израильдің Хамасқа қарсы соғысы бірнеше жылға созылады" Фото: crimea-news.info

Алдыңғы күні Израиль билігі өзіне шұғыл аттанған АҚШ Президенті Джо Байденмен келіссөздер жүргізіп, қолы босамады. Ал кеше оның ізін ала жеткен Ұлыбритания Премьері Риши Сунак шапқыншылықтың проблеманы шешпейтінін айтып, көндіруге күш салды.

Сонымен бір мезгілде әуеден аяусыз соққыланған Газа секторына әскер кіргізу операциясының кейінге ысырылғаны мәлім болды. Сондықтан армия едел-жедел мобилизацияланған резервистердің бір бөлігін үйлеріне кері қайтара бастады. Оларға: "бұл соғыс ұзаққа созылады, соның барысында әлі шақырыласыздар" деп түсіндірілген.

"Осы оқиғалардың, яғни Батыс лидерлерінің елге ағылуы мен әскердің таратыла бастауы арасында еш байланыс жоқ дегенге сену қиын. Байден сапарын қорытындылай келе, ақпарат құралдары арқылы Иранға: "Израильге қарсы шабуылдау тіпті ойыңа кіріп те шықпасын!" ("Don’t do it!") дегенде, бұған біраз еврей қуанды. Бірақ шынында АҚШ Президенті бізге "Don’t do it!" деген болып шықты. Мұның артында әскери қисын болуы мүмкін: ұзақ әрі жаппай соғысты қолдауға Батыстың қаруы да жетпеуі ықтимал. Қалай болғанда, осымен 13 күннен бері ЦАХАЛ резервистері Газа секторына кіру туралы бұйрық күтіп, қаңтарылып тұр. Көп күн бұрын жарияланған операция басталған да жоқ", – деп жазады израильдік "Detaly" басылымы.

Walla әскери сарапшысы Амир Бохбот операцияның бөгелуінің басқа бірнеше себебін атады. Біріншіден, Израильдің өз елді мекендерін ішке еніп кеткен лаңкестерден тазарту, шекарадағы ахуалды тұрақтандырып, дуалды қалпына келтіру, алғашқы күндердегі қателіктерден сабақ алып, қорғанысты, соның ішінде "Темір күмбезді" күшейту біраз уақыт алды.

Бұдан бөлек, біраз жылдардан бері қақтығысқа қатыспаған израильдік армияның жауынгерлерінің Сириядағы соғыста ысылған содырларға қарсы тұра алмайтыны байқалып қалды. Хамастың жеңіліп, шегінуіне оның қарсыласынан әлдеқайда нашар қаруланғаны, артиллериясының нашар болуы, бронды техникаларының жоқтығы көбірек ықпал етті. Салдарынан ЦАХАЛ-дың (Израильдің қорғаныс армиясы) 306 солдаты қаза тапты, бір мыңға жуық жауынгері жараланды, мертікті. Тиісінше, екі апта бойы израильдік армия тұрақты әскерлерінің ұрысқа дайындығын арттырумен айналысуда.

Дегенмен, израильдік ақпарат құралдары жердегі операцияның кейінге шегерілуіне 18 қазанда АҚШ лидері Джо Байденнің және кеше британдық Үкімет басшысы Риши Сунактың сапары түрткі болды деген пікірде.

Оның үстіне Газаға израильдік солдаттардың баса көктей кіруін болдырмау үшін "Хезболла" ("Хизбалла") Ливан жақтан атқылауды өрістетіп, Израильдің солтүстік шекарасына қысымды арттырды. Ендеше құрлықтық операцияны бастағысы келсе, ЦАХАЛ "Хизбалламен" соғысқа да даяр болғаны жөн.

"Сондықтан мобилизацияланған резервистердің бір бөлігін үйлеріне жіберу туралы шешім қабылданды. Резервистердің өз бизнесі, жұмыс орындары бар. Олардың жаппай соғысқа алынуына экономика зардап шегуде. Олардың рухы асқақ, рұқсат болса, лаңкестерге лап қоюға дайын тұр. Бірақ біз алға, болашаққа қарауға тиіспіз. Экономика қаусап қалса, сыртқы қарыздарға тәуелді болса, мемлекет мықты болмайды. Мемлекет мықты болмаса, қоршаған жауға төтеп бере алмайды. Сол себепті біз бұл соғыстың ұзайтынын түсініп, соған орай жоспар құрып отырмыз", – деді журналистерге анонимді түсініктеме берген жоғары лауазымды дереккөз.

Былайғы сарапшылардың да байламы соған ұқсас. Америка Құрама Штаттарының Ирак пен Ауғанстандағы күштерінің қолбасшысы болған Дэвид Петреустің (David Howell Petraeus) айтуынша, Израильдің армиясын Газа секторында көп жылдарға созылатын әскери іс-қимылдар күтіп тұр.

"Бұл адам қаны есепсіз төгілетін сұмдық шайқастар болады. ЦАХАЛ әуеден бомбалауын құрлықтағы басқыншылыққа ұластырса, бұл тез-ақ Могадишодағыдай алапат қырғынға айналады", – деді генерал Петреус еуропалық Politico басылымына сұхбатында.

Офицер 1993 жылғы 3–4 қазандағы оқиғаны бекер еске салып отырған жоқ: сонда сомалилік лаңкестер үш америкалық Black Hawk тікұшақтарын атып құлатқан. Содан апатта тірі қалғандарды құтқаруға тырысқан америкалық жауынгерлер Сомали астанасында қала ішінде қиянкесті шайқастар жүргізуге мәжбүр болыпты.

БҰҰ-ның өзі санкция берген, тарихта "Рейнджерлер күні" (сомалише Ma-alinti Rangers) деген атаумен қалған Могадишодағы сұрапыл шайқаста америкалық Арнаулы мақсаттағы күштерге генерал М.Айдида бастаған Сомали ұлттық альянсының қарулы күштері қарсы тұрды. Сомали тұрғындарының нақты қаншасы қаза тапқаны белгісіз: АҚШ-тың Сомалидегі арнайы өкілі бейбіт тұрғындарды қоса алғанда, шамамен 2 мыңға дейін сомалилік мерт болғанын немесе жараланғанын жариялады. Шайқастарда 19 америкалық солдат жан тапсырған.

"Хамас ақылға сыймас, варварлық, қанішер шабуылы кезінде қолынан не келетінін паш етті. Егер ол қорғаныста да сонша әккі, айлалы болса, онда Израилдің қорғаныс армиясы қорқынышты салдарларға тап болуы мүмкін. Қала ішіндегі шайқастар аса күрделі. Онда қарсылас жанкешті террористерді, қолдан жасалған түрлі жарылғыш құрылғыларды, торуылдарды, тұзақ миналарды және басқаларын кеңінен қолданатыны даусыз. Мен бірқатар ірі қалалардағы операциялар кезінде әскерге қолбасшылық еттім. Оның қайталанғанын қаламас едім. Көтерілісті басу операциялары бір немесе екі жылда аяқталмайды. Әдетте олар ондаған жылға созылады. Ауғанстанда одан да ұзады", – деді Дэвид Петреус.

Алайда Израиль жердегі операциясынан бас тартпай тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа секторында қалыптасқан ауыр ахуалды ескеріп, көмек қолын созды. Бірақ Израиль тарапы секторды құрлықтан да, теңізден де бұғаттап, жіберер емес. ДДСҰ гуманитарлық жүктер тиелген фуралар жөнелтуге дайын тұрғанын жариялады. Израиль Рафиах бақылау-өткізу бекетін ашпаса, олар Газаға жете алмайды.

Газаның Денсаулық сақтау министрлігі дизелді отынның таусылуы салдарынан ауруханалар бірінен соң бірі жабылып жатқанын мәлімдеді. Отын жетіспегендіктен, секторда осымен бесінші аурухана жұмысын доғарған. Тіпті Газа секторының солтүстігіндегі йемендік "Әл-Саид" ауруханасы да отын мен электрдің жоқтығы салдарынан жабылуға мәжбүр болғанын хабарлады. Бұдан бөлек, авиасоққылардан қирап, "Бейт-Ханун", "Карама" ауруханалары, балалар ауруханасы және басқасы жұмысын тоқтатты.

Жерден басып кірмегенімен, Израилдің армиясы палестиналық қалаларды қиратуын жалғастырды. Кеше ЦАХАЛ Газа секторының солтүстік бөлігіндегі ең биік ғимаратты – 14 қабатты "Андалусияны" үстемелете соққылап, шөге құлатты. Оның орнында бетон үйіндісі ғана қалғанын палестиналық арналар түсірді.

Израильдің армиясы Хамас басшыларынан басқа палестиналық ресми тұлғаларды өлтіре бастады. Газа билігі Газа секторының ұлттық қауіпсіздік күштерінің қолбасшысы Джихад Мухисанның қаза тапқанын хабарлады. Мухисан әуе шабуылы кезінде Шейх Радван ауданындағы үйінде отбасымен бірге өлтірілді. 

Қазіргі кідіріске қарамастан, ЦАХАЛ Газаға басып кіруге ары қарай қызу әзірленуде. Ол ниетінен бас тартпады. Израилдің экономика министрі Нир Баркат "ABC News"-ға сұхбатында израилдік әскерилер Газа секторындағы жердегі операцияға рұқсат алғанын және соған толық дайын болғанда оны бастайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, Израилдің ендігі басты мақсаты – Хамасты жою болады. Басты басымдық та сол.  

Сонымен қатар кеше, Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант сектормен арадағы шекарада тұрған әскерилерге қайрылды.

"Сіздер қазір Газаға алыстан қарап түрсыздар. Сіздердің бәріңіз алда Газаны ішінен көресіздер. Мен осыған уәде беремін", – деді министр Й.Галант.

Сонымен бірге Батыс соғыс ұзаса, Палестинадан ғана емес, Израилден де босқындардың легі артатынына шұғыл әзірленуде. Америка 30 қарашадан бастап, израилдіктерге АҚШ-қа визасыз кіруге рұқсат етпек болған. Алайда "қалыптасқан жағдайға байланысты" бұл бағдарламаны тездетуге шешім қабылдап, визасыз режимді 19 қазаннан бастап енгізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу