Жоспардан асып, теңгесі тасып жатса да

7 бағытқа басымдық беретін «Алматы-2020» бағдарламасына артық ақша жұмсалмайды.

23 Сәуір 2018 17:27 Автор: Бұлбұл Болат
Жоспардан асып, теңгесі тасып жатса да, «Алматы-2020» бағдарламасы, мақсатты индикатор, нәтиже, болжам

Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға соңғы 2 жылда триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл жоспарланғаннан 17% артық көрсеткіш.

Қаланың ресми ресурсында жарық көрген есепте 2017 жылға 459,4 миллиард теңге бөлінгені баяндалып, іс жүзінде 538,7 млрд теңге жұмсалғаны жазылды. Неге бұлай деген сұраққа «кейбір іс-шаралар алдағы есептік кезеңнің қаржысына жасалды» деп жауап берілді. Сондай-ақ осы жерде: «Қаржыландырудың жобасы алдын ала есептеу негізінде құрылды. Сондықтан жұмсалып жатқан қаражат іс барысында  дәлме-дәл келмеуі мүмкін» деп нақтыланды. Алайда бұл шығыс көлемі әу баста белгіленген  шектен шығады, яғни асып кетеді деген сөз емес.

Айта кетейік, жобаға қажетті қаржының 523,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 573,3 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, қалған 436,9 млрд теңгесі инвестиция есебінен өтелуі тиіс.

2017 жылы жоспар бойынша бағдарлама 83 мақсатты индикаторды қарастырды. Нәтижесінде 60 мақсатты индикатор бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Төрт бағыт бойынша жоспар жүзеге аспай қалды. Қалған 16 индикаторға қатысты әзірге нақты мәлімет жоқ.

Алматы – Қазақстанның ірі экономикалық орталығы. Ол аумалы-төкпелі  жағдайға қарамастан, бизнес-бастамалар үшін қолайлы орта саналады.

Қазіргі таңда Алматы еліміздегі ЖІӨ-нің 20,9%-ын, салық және салықтық емес түсімнің 32%-ын және барлық сауда операцияларының 41%-ын қамтып отыр. Бұған қоса Алматы Батыс Еуропа-Батыс Қытай тасжолындағы ірі логистикалық хаб саналады. Қала елдің сыртқы сауда айналымының шамамен 20%-ын игеріп тұр.

«The Economist» баспасы сарапшыларының болжамынша, 2025 жылға қарай Алматы капитал, технология және білікті маман тарту бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті жүз қаланың құрамына енеді.

Күңгей болған жерде көлеңкенің болатыны заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда Алматының да өзіне тән кемшіліктері бар. Мысалы бүгінгі таңда алып шаһар әлеуметтік ортаның рейтингінде орташа деңгейдегі қалалардан кейін орналасқан. «Merker» агенттігі өлшеген өмір сапасының көрсеткішінде Алматы 230 қаланың ішінде 176 орынды, ал «Economist Intelligence Unit» өмір сапасының  индексінде 140 мегаполистің арасында 100-ші орында тұр.

Ифрақұрылым мен экология көрсеткіші бойынша да Алматы әлемнің дамыған қалаларынан едәуір қалып келеді. Бұл көрсеткіште Алматы «Mercer» индексінде 230 қаланың ішінде 175 орынды иеленген, ал «Numbeo» индексінде 297 қаланың ішінде 214 орынға тұрақтаған.

Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы осы олқылықтардың орнын толтыруды көздейді. Мақсатқа жету үшін жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік қала, экономикалық тұрақты қала, бизнес пен жеке капиталға арналған қала, интеграцияланған қала, белсенді азаматтар қаласы деген 7 бағытқа басымдық беріліп отыр. Жобаның басты міндеті Алматыны әлемнің ең озық қалаларының қатарына қосу. Бұл бағыттағы жұмыс жоспарлы түрде жүзеге асып жатыр.

Алматыны ең қолайлы мегаполис атандыру үшін дат архитекторы Ян Гейл жобасы іске қосылды. Жоба «Алматы тұрғындар үшін» деген ұстанымды темірқазық тұтады.

Бізді Алматының 2020 жылғы экономикалық жағдайы қатты қызықтырды. Сондықтан осы мәселеге ерекше назар аудардық. Жоспар бойынша, межелі мерзімде Алматының ЖІӨ 12,5%-ға өсіп, жергілікті бюджеттегі салықтық және салықтық емес түсім көрсеткіші 26,8%-ға жетуі тиіс екен. Өңдеуші өнеркәсіптің еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 20,9 мың АҚШ долларын еңсеріп, өңір экспорттық үлесі 60%-ды бағындыруы керек. Ал азық-түлік өнімдері өндірісінің негізгі капиталға салынатын инвестициясы 27,5%-дан асуы тиіс. Мұның сыртында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 92%-ды, бөлшек сауданың нақты көлемі 101,8% -ды, ал инновациялық-белсенді кәсіпорындар үлесі 15%-ды құрайды деген болжам бар.

Бұлбұл Болат