Қақпақсыз құдық қаптаған қала

3673

Көкшетау тұрғындары кәріз құдығының қақпағына ақша жинап жатыр.

Қақпақсыз құдық қаптаған қала

Көкшетау қаласы Юбилейный шағын ауданы №40 үйдің маңайындағы бес кәріз құдығының қақпақсыз, ашық-шашық жатқанына біраз болды. Құдыққа құлап, мертігуден қауіптенген тұрғындардың базынасын тыңдауға әкімдіктегілер құлық танытпай отыр. Себебі олар құдайдың құтты күні қолды болатын қақпақтарды қалпына келтіруден әбден мезі болған.

Көкшетауда қақпақсыз құдықтар өте көп. Ашық жатқан құдыққа түсіп кетіп, жарақаттанып жатқан адамдар да аз емес. Солардың бірі Ермек Қанатұлы. Сұхбат беруші Әуезов көшесіндегі қақпақсыз құдыққа құлап, майып болған.

"Қараңғыда келе жатып, құдыққа түсіп кеттім. Абырой болғанда он екі мүшем сау. Басқаша болғанда сорлап қалар ма едім, кім білсін?" – дейді ол.

Әкімдіктегілердің сөзінше, былтыр 500-ден астам кәріз құдығының қақпағы ұрланып, барлығы қалпына келтірілген. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында 200-ге жуық қақпақ үшті-күйлі жоқ болып кеткен.

Сұғанақ қолдарға қандай тосқауыл қоярларын білмеген құзырлы орындар шойын қақпақтарды пластмасса қақпақтарға алмастырса да, ұрлық жалғаса берген. Себебі пластмасса қақпақтар нағыз олжаның өзі екен. Темір қабылдайтын жердегілердің айтуынша, бір темір қақпақ бар жоғы үш мың теңгеге қабылданады. Ал темір қақпақты алмастыратын полимер қақпаққа 13 мың теңге ұсынылады. Пластмасса қақпақтар Астанада қабылданатын көрінеді. Өйткені мұндай қақпақтар құрылыста шикізат ретінде пайдаланылады екен.

Жалпы, полимер қақпақтар шойын қақпақ секілді берік емес. Үстінен жеңіл көлік 3-4 рет өтсе, іске алғысыз болып қалады. Салмағы тым жеңіл болғандықтан, оны балалар да ашып жаба алады. Алайда әкімдіктегілердің қолды болған темір қақпақтарды пластмасса қақпақтармен алмастырудан басқа амалы жоқ.

Қала тұрғыны Жанат Бикеновтың айтуынша, оның үйінің жанындағы кәріз құдығының қақпақсыз тұрғанына екі ай болған.

"Құдықтың беті біресе қаңылтырмен, біресе ағашпен жабылып тұрады. Өзіміз немесе балаларымыз түсіп кетпесе екен деп үнемі үрейленіп жүреміз", – деді ол.

Кәріз құдығы қақпақтарының қалпына келтірілуінен ұрлануы тез. Мұның себебін Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Мырзабек Мырзахметов былай түсіндіреді: "Кәріз құдығының ұрланған қақпақтарын мемлекеттік сатып алу арқылы қалпына келтіреміз. Бізде дайын қақпақ болмайды. Қаржыны байқау ұйымдастыру арқылы бөлгіземіз. Байқау жарияланғанша, нәтижесі шыққанша, тиісті жұмыс атқарылғанша біршама уақыт өтеді", – деді Мырзабек Мырзахметов.

Көкшетаулықтар қала әкімдігінен барлық темір қабылдайтын жерлерге бейнебақылау орнатып, осы бизнеске қатысы барларды тезге салуды сұрайды. Ал әкімдік "жомарттың қолын жоқ байлайды" дегенді алға тартып, қылар қайрандары жоқ екенін айтады.

Амалдары таусылған қала тұрғындары қазір кәріз құдықтарының қақпақтарын сатып алу үшін ақша жинап жатыр.

Азия Асылбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу