Қалауын тапса, қағаз да тірек

Қазақстан экономикасының биылғы көрсеткіштерін қағаз көркейтуде.

13 Маусым 2018 18:07 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Қалауын тапса, қағаз да тірек, экономика, қағаз өндірісі, картон, ұлттық экономика министрлігі

«Ағымдағы жылы отандық өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсуде. Өсім 5,4%-ды құрады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,5%-ға жетті. Өңдеу салаларының арасында әсіресе, қағаз өнімдерінің өндірісі екі мәндік өсімді қамтамасыз етті. Оның биылғы жыл басынан бергі көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14,4%-ға артып отыр», – деп қуана хабарлады осы сейсенбідегі үкімет отырысында еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменов.

Расында, 2018 жылғы қаңтар-сәуір айларында қазақстандық қағаз және қағаз өнімдерін өндірушілер 18,4 миллиард теңгенің тауарын шығарған екен.

Бұл ретте өндірістің ең үлкен көлемі еліміздің ірі мегаполисіе, қаржылық және шығармашылық орталығы – Алматыда және оның айналасында шоғырланған. Алатау бөктеріндегі алып қаламызға сектордағы барлық өндірістің үштен бір бөлігіне жуығы – 29,5%-ы тиесілі. Ал Алматы облысы тағы 25,7%-ды еншіледі.

Бір ғажабы, ірі 12,2%-дық үлесті Шығыс Қазақстан облысындағы компаниялар қосып отыр.  

Мамандар мұның мәнін былайша түсіндіріп отыр. Олардың айтуынша, өндіріс көлемі бойынша көшті бастаған осы «үштік» аумағында қаптама материалдарын өндіруші «Қазполиграф» компаниясы және түсқағаз (обои) шығаратын «Әйгерім» ЖШС (ШҚО), қағаз және қатырма-картон құтыларын жасайтын «Kagazy Recycling» ЖШС және «Іле картон-қағаз комбинаты» АҚ-ы (Алматы облысы), шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіретін «Карина Trading» ЖШС зауыты (Алматы) секілді ірі компаниялар жұмыс жасайды екен.

Биылғы 4 ай ішінде осы кәсіпорындарға Алматы қаласында 5 миллиард 415,3 млн теңге, Алматы облысында 4 миллиард 719,4 млн теңге, ал ШҚО-да 2 миллиард 236,4 млн теңге кіріс құйылған.

Дегенмен, бірер уақыттан кейін бұларға басқа өңірлер де терезесі тең бәсекелестік құруы ғажап емес. Табысы бойынша кейбір өңірлер жақындап қалды. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы (1 миллиард 676,1 млн теңге), Қарағанды облысы (1 миллиард 538,4 млн теңге) және Астана қаласы (1 миллиард 33,7 млн теңге) бар.

Қағаз және қағаз өнімдері өндірісі өзге аймақтарда да қанат жаюда. Мәселен, Павлодар облысына бұл сала 618,5 млн теңге, Қостанай облысына 288,5 млн теңге, Ақтөбе облысына 224 млн теңге, Ақмола облысына 187,8 млн теңге, Батыс Қазақстан облысына 150,6 млн теңге, Атырау облысына 101,2 млн теңге әкелген.

Өзгелерінің көрсеткіші мардымсыздау: Жамбыл облысының көрсеткіші 84,7 млн теңге, Солтүстік Қазақстан облысы – 55,3 млн теңге, Қызылорда облысы – 35,3 млн теңге, Маңғыстау облысы – 6,6 млн теңге.

Егер жылдық көрсеткіштерді алсақ, қағаз өндірісі жаһандық және қазақстандық күйзелістер мен дағдарыстарға қасқая қарсы тұрып, тұрақты өсіп келе жатқанын байқаймыз. Атап айтқанда, статистика комитетінің дерегінше, отандық осы сектор жалпы алғанда 2012 жылы 28 миллиард 233 миллион теңге, 2013 жылы 29 млрд 649 млн теңге, 2014 жылы 33 млрд 605 млн теңге табыс тапқан. 2015 жылы қарқынын сәл баяулатып, 33 млрд 770 млн теңгенің өнімін өткізген. Ары қарай тағы өрлей жөнелді. Мәселен, 2016 жылы өндіріс көлемін 48 миллиард 416 млн теңгеге, ал былтырғы жылы 53 миллиард 454 млн теңгеге жеткізді. Биыл тіпті сексен миллиардтық межені бағындырады, ал осы қарқынын жоғалтпаса, жылдам-ақ кірісі жүз миллиардтық салалар қатарынан ойып орын алады деп күтілуде.

Егер тарата айтсақ, Қазақстанда дәретхана қағазының өндірісі артқан: ол биылғы қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда бірден 37,4%-ға ұлғайып, жалпы көлемі 8,9 мың тоннаға жетті (2017 жылы 6,4 мың тонна). Қол сүртуге арналған қағаз орамалдар шығару көлемі 1,3 мың тоннаны құрады, бұл былтырғыдан 21,2%-ға көп. Жыл басынан бері қазақстандық кәсіпорындар 1,8 мың тонна майлық-салфеткалар жасап, нарыққа сатқан. Сөйтіп, олардың көлемін тағы 14,7%-ға көбейтті (былтыр 1,5 мың тонна болған).

Бұлар сыртында қораптар, жәшіктер, сөмкелер секілді қағаз бен қатырма қағаз өнімдерін шығару көлемі де 18,3%-ға өсті. Отандық өндірушілер олардың 27 мың тоннасын әзірлеген. Өткен жылғы 4 айдағы көрсеткіш 22,7 мың тонна болып еді.

EnergyProm сарапшылары Қазақстанда гигиеналық бұйымдар арасында осы жылғы І тоқсанда дәретхана қағазына деген ішкі сұраныс артқанын айтады: еліміздің нарығында бұл өнімдердің сатылымы бірден 15,8%-ға өскен. Ал гигиеналық орамалдардың, жөргектердің (оларды жасауда да қағаз пайдаланылады) саудасы бірден 22%-ға азайып кеткен.

Сарапшылар келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2017 жылы 2,6 мың тонна дәретхана қағазы сырттан әкелінген көрінеді. Бірақ бұл заттар импорты 2016 жылмен салыстырғанда, 20,2%-ға кеміпті. Оларды өз өнімдеріміз ығыстыруда. Сонымен қатар, отандық дәретхана қағазының өзге елдер нарықтарына экспорты былтыр 21 тоннаны құраған, яғни алдыңғы жылға (8,9 тонна) қарағанда 146,1-ға артып отыр.

Гигиеналық орамалдар, тампондар, балалар жөргектері және басқа да санитарлық-гигиеналық бұйымдардың 2017 жылы небары 104,7 тоннасы өзімізде өндірілген. Ал 1,6 мың тоннасы шетелден тасылған. Рас, осы тауарлардың елімізде жасалған 15 тоннасы жаһандық нарыққа жол тартыпты.

Тағы бір елеулі жайт сол, кеңсе қағаздары нарығында да ішкі сұраныстың құлдырауы тіркелген. Дәлірек атқанда, дәптерлер сатылымы 6%-ға, хат-конверттер, ашық хаттар саудасы 1,2%-ға кеміген. Дәптерлердің жайы түсінікті: елімізде мектептер бірте-бірте цифрлануда.

Ал халықтың хат жазуды қойып бара жатқаны сөзсіз.

Бақыт Көмекбайұлы