Қалғымайтын қала

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3373

Астаналықтар күнде де, түнде де дамыл таппайды.

Қалғымайтын қала

Астанаға көшіп келгелі бір жылдан асты. Таныстар да, туыстар да "Елорда қалай?" деп жиі сұрайды. Жауабым дайын: Астана – қалғымайтын қала.

Күндіз халықтың дені жұмыста, оқуда болады да, қаладағы қызу тіршілік кешқұрым басталады. Содан таңға дейін ұласады.

Бұл қалада қалғымайтындар кімдер? Әрине, жастар.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Астана халқының саны 1 млн 30 мың адамды құрап отыр. Ал елордалық жастардың үлесі 2016 жылы 220 мыңға тең болған екен. Одан бері екі жыл өтті. Демек, 14 пен 29 жас аралығындағы ұл-қыздардың саны 300-ге жуықтады.

Елордада қалғымайтын тағы бір топ бар. Ол – таксишілер. Білуімізше, такси парктерінің жұмысы кештен таңға дейін қызады. Адам тасуды кәсіпке айналдырғандар осы аралықта ақшаны "күреп" табатын көрінеді. 2GIS анықтамалық қызметінің деректеріне мән берсек, Елордада ірілі-ұсақты жүзеге жуық такси паркі көпшілікке қызмет көрсетеді. Соның ішіндегі ең танымалдарының бірі – "Яндекс.Такси" компаниясы. Компания өкілі Виталий Хромцовтың сөзінше, таксишілер негізінен кешкі уақыттан таңға дейін жұмыс істейді. Өйткені, дәл осы аралықта жұмыс жандана түседі екен.

Қалғымайтын қаланың тұрғындары жеті қараңғы түнде "Қайда барады?", "Не істейді?" деген заңды сауал туындайды. Мұның да жауабы дайын. 2GIS анықтамалық қызметінің мәліметінше, Астанада 1 мыңға жуық кафе-мейрамхана жұмыс істейді. Соның жартысына жуығы клиенттерді тәулік бойы қабылдайды екен. Демек, аталған кафе-мейрамханаларда түнгі уақытта да адам арылмайды деген сөз. Яғни, кафе-мейрамханалардың тәулік бойы жұмыс істеуі қожайындарына пайдалы болып отыр ғой.

Бұдан бөлек, Елордада халықаралық әуежай, екі теміржол вокзалы, бір автовокзал барын ескерсек, Астананың бір сәтте қалғымайтындай жөні бар. Өйткені, жолаушылар ағыны күшті. Әуежай, вокзалдардан күнде де, түнде де адам арылмайтыны әу бастан белгілі. Мәселен, 2017 жылы Астана халықаралық әуежайындағы жолаушылар ағыны 2016 жылмен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Яғни, әуежай былтыр 4 млн 295 мың адамға қызмет көрсеткен. Ал "Нұрлы жол" теміржол вокзалы арқылы тәулігіне 17 мыңнан астам адам қатынайды екен. Осыншама адамға күндіз-түні қызмет көрсетіледі.

Сондай-ақ Астанада күндіз жабық тұрып, түнде ғана жұмыс істейтін түрлі мекемелер бар. Атап айтқанда, көңіл көтеру орындарының, түнгі клубтардың, қонақ үйлердің жұмысы түнде берекелі болатыны белгілі. Ал Қазақстанның астанасына келген қонақтар мен жергілікті халық жеті қараңғы түнде қайда барып, демаламын деп бас қатармасы және анық. Өйткені, мұндай мекемелер мұнда жетерлік.

Badoo.com сайты әлемдегі қалғымайтын қалалардың үздік ондығын жариялаған екен. Көбіміз Нью-Йоркты қалғымайтын қала деп жүрміз ғой. Алайда, сайттың онлайн-зерттеуіне бұл шаһар енбеген екен.

Badoo.com қалғымайтын қаланы қалай анықтаған? Жалпы, бұл – танысу сайты. Badoo.com-ды түнгі уақытта 188 елдің 120 миллион тұрғыны пайдаланады екен. Осылайша, сайттың мәліметінше, әлемдегі тынышсыз қала Мысыр астанасы Каир екен.

Badoo.com сайтының маркетинг жөніндегі директоры Ллйод Прайдың сөзінше, Каир тұрғындары әлем бойынша ең соңғы болып ұйқыға жатады екен. Бұл қаладағы үлкен өзгерістер де түнгі уақытта орын алады-мыс.

Сонымен қалғымайтын қалалардың ондығына Каир, Монтевидео (Уругвай), Бейрут (Ливан), Малага (Испания), Сарагоса (Испания), Мадрид (Испания), Барселона (Испания), Валенсия (Испания), Севилья (Испания) және Буэнос-Айрес (Аргентина) енген. Байқап отырғандарыңыздай, тұрғындары түнгі уақытта да тыным таппайтын ел – Испания. Бұл мемлекеттің 6 қаласындағы тіршілік түнде қызады екен.

Ал біз үшін Қазақстанда қалғымайтын жалғыз қала бар. Ол – Астана!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу