Калифорниядан Марсқа

4617

НАСА Қызыл планетаның бетін ғана емес, құрамын да зерттеуге кірісті.

Калифорниядан Марсқа

АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА сенбі күні Марсқа қонушы модуль ұшырды. Ол Қызыл планетаға табан тірегеннен кейін сол ғаламшарда болып тұратын жер сілкіністерінің үнін таспаға жазады.

"Инсайт" (InSight) аппараты сенбі күні Калифорния штатының Тынық мұхит жағалауында орналасқан Ванденберг әуе базасынан Atlas V деген зымыранмен ұшырылды. Осылайша НАСА Құрама Штаттардың батыс жағалауынан алғаш рет планетааралық модуль аттандырып отыр.   

АҚШ, Германия, Франция және өзге де еуропалық мемлекеттер атсалысқан 993 млн долларлық жобаның мақсаты – Марстың жер қыртыстары туралы адамзаттың білім көкжиегін кеңейте түсу және осы зерттеу арқылы біздің күн жүйеміздегі жер тәрізді өзге де тау-тасты планеталардың 4,5 млрд жыл бұрын қалай қалыптасқанын анықтау.

"Бұл еліміз үшін, Америка үшін ғана емес, әлем үшін де маңызды мәселе", – дейді НАСА өкілдері.

Старттан кейін 1 сағат 40 минут өткенде ғарыш кемесі ракетаның жоғарғы сатысынан ойдағыдай бөлінді. Егер бәрі жоспарға сәйкес жалғасатын болса, 485 млн шақырымдық сапардан кейін модуль қарашаның 26-да Марсқа қонуы тиіс. "Инсайт" сейсмикалық зерттеу, геодезия және жылу таратқыш құралдарымен жабдықталған.

НАСА-ның жетекші ғалымы Джим Гриннің сөзінше, мамандар Марста зілзалалардың, қар көшкіндерінің, метеор соққыларының болып тұратындығынан қазірдің өзінде хабардар.

"Марс неліктен жер сілкіністеріне бейім?" Қызыл планетаны зерттеп жүрген адамдар ретінде біз осы жайлы фундаментальдық мағлұматты білуге тиіспіз", – дейді Джим Грин.

Негізгі құралдар
Модульдің бортындағы негізгі құрал – сейсмометр. Оны Франция ғарыш агенттігінің мамандары жасаған. "Инсайт" Марстың үстіне қонғаннан кейін механикалық қолымен Қызыл планетаның жүрек соғысын тыңдау үшін сейсмометрді топыраққа түсіреді.

Екінші аса қажетті құрал – өз күшімен орнығатын зонд. Ол планетаның бетіндегі қызуды бақылау үшін топыраққа 3-5 метрге дейін бойлай алады. 2030 жылға дейін Марсқа адам жіберу жоспарланып отыр. Сондықтан бұл ғаламшардың температурасын түсіну ғалымдар үшін өте маңызды. 

"Инсайт" қонатын аумақта температура 100 градусқа дейін төмен деген болжам бар. Ал күндіз Марс экваторында ауа-райы -20 және -73 градусқа дейін суық болуы мүмкін. Джим Гриннің пікірінше, келешекте адамдар Марста өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін ондағы температураны анықтау – негізгі міндеттердің бірі.

Қызыл планетаға "Инсайттың" соңына екі жерсерік те аттанды. Көлемі портфельдей ғана болатын бұл сателлиттер модуль мен Жер арасында байланыс орнатуы керек.

Екіжылдық сапар
Күннен және батереядан қуат алатын модуль Марста жер уақытымен есептегенде 26 ай, ал Марстың уақытымен бір жыл жұмыс істейді. Осы кезеңде "Инсайдер" кемінде 100 зілзала туралы ақпарат жинауы керек. Сол сілкіністер жайлы мәліметтерді сараптай отырып,  зерттеушілер Марстың жер қыртысының құрамын түсінуден үмітті.

Жердің тектоникалық және өзге де күштері оның жаратылу тарихынын сыр шертетін дәлелдерді өшіріп тастады деген пікір бар. Ал Марстың құрылымы үш млрд жылдан астам уақыт бойы соншалықты өзгеріске ұшырай қоймаған.

"Инсайт" ғарыш кемесі 2016 жылы Марсқа аттануы тиіс еді. Алайда температуралық сынақ нәтижесінде оның сейсмометрінен ақау табылғандықтан, алғашқы стартты кейінге қалдыруға тура келді.

Бұл модульдің салмағы – 360 келі. Оны көкке самғата отырып, АҚШ өз тарихында осымен 21-рет Қызыл планетаға "қол созды".

Америка бірінші рет өткен ғасырдың 60- жылдары Марсты зерттеуге "Мэринер" деген кеме ұшырған. Содан бері әлемнің 20 шақты мемлекеті дәл осындай миссиямен космосқа зонд жөнелткен.

Ендігі арман - Марсты отарлау
2012 жылы голландиялық кәсіпкерлік топ Марста адам үшін 2023 жылы база салуға қор жинай бастады. Mars One деп аталған бұл бағдарламаның әубастағы мақсаты – Қызыл планетаға барған адамдарды сол жерде өмір-бақи қалдыру еді. Осы арманды жүзеге асыру үшін тіпті бүкіл әлем бойынша астронавттардан өтініш жиналды және ғарышкерлерді ғаламшарға жеткізу мақсатында әйгілі SpaceX ракетасын қолдану бастамасы көтерілді.

Бұл жоспар бойынша, Марсқа алғашқы екі адам 2025 жылы қонып, содан кейін оған екі жыл сайын 4 адамнан жіберіп тұру көзделді. Сонымен қатар адамдардың өзге планетаға көшу оқиғасын дүниежүзі телекомпанияларынан көрсетіп, одан түскен табысты осы бағдарламаны қаржыландыруға жұмсалуы тиіс болды. Алайда Mars One компаниясының басқарма төрағасы Бас Лэнсдроп кейіннен мәлімдеме жасап, Марсқа адамдарды орналастыруға бағытталған 12 жылдық жоспардың бос қиялға көбірек ұқсайтынын атап өтті.

Дегенмен Марсқа адам қоныстандыру идеясы өзектілігін жойған жоқ. 2016 жылы SpaceX компаниясы Марсты отарлау үшін ең алдымен оған жүк тасымалдайтын инфрақұрылымды дамыту туралы ұсыныс жасады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу