Кәмелетке толмаған қыздардың 40 пайызы түсік жасатады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3525

Қазақстанда жыл сайын кәмелеттік жасқа толмай, жүкті боп қалатындардың саны 5 мыңнан асады.

Кәмелетке толмаған қыздардың 40 пайызы түсік жасатады

Мұндай статистиканы қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтің өзінен естідік. "Инвестиция – жастарға. Ешкімді тыс қалдырмайық" атты халықаралық конференцияда баяндама жасаған министрдің дерегінше, әлемде жыл сайын 18 жасқа толмаған 15 миллион қыз жүкті боп қалады екен. Ал олардың 40 пайыздан астамы аборт жасап тынады. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да көңіл көншітерліктей емес. Министрдің сөзіне сенсек, жыл сайын орташа есеппен Қазақстандағы 15 пен 18 жас аралығындағы 5 мыңнан астам қыз бала көтереді.

"Қазақстанның жасөспірімдері арасындағы суицид деңгейі төмендеп келеді. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы 14-28 жас аралығындағы 970 жас өз-өзіне қол жұмсаған. Ал былтыр бұл көрсеткіш 818 адамды құрады. Десек те, осының өзі біздің елге көптік етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын әлемде 67 мыңға жуық жасөспірім суицидтің құрбаны болады", – деді Дархан Кәлетаев.

Сондай-ақ министр қазақ жастарына мемлекеттік тұрғыдан барынша қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте, ҚР президенті жанынан жастар саясаты жөніндегі кеңес, жастар және отбасы істері жөніндегі комитет жұмыс істейтінін жеткізді.

"1993 жылдан бастап 13 мыңнан астам қазақстандық "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Ал 2017 жылдан бастап жастарымыз кәсіптік-техникалық білімді тегін алуда. Аталған бағдарлама бойынша 38 мыңнан астам қыз-жігіт оқып шықты. Ғаламдық даму индексінде Қазақстан жастары 180 елдің ішінде 61-орында тұр", – деді Дархан Кәлетаев.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бүгінде Қазақстандағы жастардың жалпы саны 4 миллион адамды құрайды. Олардың 2,3 миллионы қалалық жерде өмір сүреді. Ал 1,7 миллионы – ауыл тұрғындары. 

"Болашағын ойлаған мемлекет жастарға көңіл бөледі. Жастарға жұмсалған ақша – болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан біздің елде жастар саясатына арналған стратегиялық бағдарламалар, мемлекеттік ірі жобалар жүзеге асырылуда. Ел президентінің 2019 жылды "Жастар жылы" деп белгілеуінің өзі тегіннен тегін емес. Жастар – елдің белсенді тұрғындары. Сондықтан олар болашақта Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады", – деді Нұрлан Нығматулин халықаралық конференцияда жасаған баяндамасында.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, жастарға заңдық тұрғыдан да барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" жəне "Волонтерлік қызмет туралы" заңдар қабылданды. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді.

Бүгінде Қазақстанда 549 жастар ұйымы жұмыс істеуде. Оның 10-ы республикалық мәртебеге ие.

2018 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құрады. 

Халықтың қоныстануы мен дамуы бойынша парламентшілердің азиялық форумы ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір әлемде 10-24 жас аралығындағы тұрғындардың жалпы саны 1,8 миллиард адамды құрайды. Бұл – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Ал әлемдегі жастардың 60 пайыздан астамы Азия-Тынық мұхиты аймағына (Орталық Азия да осының ішінде) тиесілі екен.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу