Қан-сөлі жоқ жобаға инвестор көзін сүзбейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3176

Қазақстанда әкім-қаралар мен шенеуніктер инвесторларға қызықсыз жобаларды ұсынады.

Қан-сөлі жоқ жобаға инвестор көзін сүзбейді

Кеше үкімет отырысында премьер Бақытжан Сағынтаев осындай тосын мәлімдеме жасады. Ол жауапты тұлғалардың инвесторларға арналған жобаларды дайындау деңгейіне көңілтолмастық білдірді.

"Инвесторлар үшін жобаларды дайындау – өте үлкен проблема болып табылады. Үлкен олқылық та осында жатыр. Біз әкімдіктермен ауқымды жұмыс жүргіздік, әкімдердің осы жұмысқа жауапты орынбасарларын шақырдық, көрсеттік. Бірақ ақыр соңында шетелдік инвесторларға ұсынатын жобаларымыздың тізімі тіпті де татымды болмай шығады. Ылғи бір сүреңсіз жобалар. Шетелдік инвесторларды бүгінде біз ұсынып отырғаннан басқа жобалар қызықтырады, олар басқаны күтеді. Яғни бұл – инвесторлардың ынта-ықыласын тудыра алатын жақсы жобаларды іріктеу бойынша лайықты жұмыс жүргізіліп отырған жоқ деген сөз. Әкімдерден осы мәселеге – жергілікті жерлердегі жобаларды сапалы таңдауға назар аударуды сұраймын", – деп нықтады үкімет басшысы 28 наурызда селекторлық режімде өткен үкімет жиынында. 

Сарапшылар кезінде "кеңес шекпенінен" шыққан шенділердің және олардың кейінгі ізбасарларының шетелдік бизнес-орта алдында елді лайықты ұсынуға, халықаралық тілмен айтқанда "презентациясын өткізуге" үйрене алмай-ақ қойғанын айтады. Олар аузын ашса болды, кеңсе тіліне құрылған баяндамадан басқа, тартымды ештеңе шықпайды.

Ресейлік сарапшы, сыртқы және қорғаныс саясаты кеңесінің мүшесі, Мюнхен халықаралық қауіпсіздік конференциясының жас лидерлерінің бірі Александр Габуев тақырыпқа орайлас қызықты бір оқиғаны айтып берді.

"Соңғы жылдары әсіресе, азиялық инвесторларды тарту ресейлік меморгандар, өңірлер және мембанктер үшін басты KPI-ға айналды (Key Performance Indicators, "ки пи ай" – тиімділіктің басты көрсеткіші). Батыстың санкциялары қысып, елден капитал қашқан тұста Ресей мемлекетінің басты үміті Азия болып отыр. Алайда әзірге азиялық инвесторлар Ресейге мол қаржы салуға сонша ұмтылыс пен ықылас танытып отырған жоқ. Оның мәнісі неде? Азиялық инвесторлардан Ресейде бизнес жүргізудің оң және теріс жақтары туралы сұрай қалсаңыз, небір таңғажайып оқиғаларды естисіз. Соның бірін Гонконг ауқаттылары жиі ауызға алады. Бұл хикая осы елдің қаржы министрі Джон Цан мен ірі бизнесмендердің орыс еліне саяхаты турасында болып келеді", – дейді ол.

Александр Габуев жаһандық алпауыттардың бірі саналатын гонконгтік ірі инвесторлардың әңгімелерін өз естеліктерімен салыстыра алады, себебі, сол сапарда ол "Коммерсант" іскерлік басылымының журналисті ретінде Цан мырзаға өзі еріп жүрген.

"Барлығы 2009 жылдың қаңтарында, алдыңғы қаржылық дағдарыс белең алған тұста басталды. Сол кездегі РФ вице-премьері  Алексей Кудрин көз алдыда жүдеп-жадап бара жатқан ресей экономикасы үшін инвестиция тарту мақсатында алғаш рет Азия қаржылық форумына аттанды да сонда өзінің гонконгтік әріптесін Ресейдің Азия-Тынық мұхит аймағына ашылған қақпасы болып табылатын Владивостокқа сапарлауға шақырды. 2010 жылдың мамырында сол елдің қаржы министрі Джон Цан Гонконгтың ірі іскерлік қауымдастықтарының өкілдері мен бірнеше олигарх отбасылардың өкілдерінен делегация сайлап, біздің жаққа сапарлап шықты" деп баяндады сарапшы.

Гонконгтік бизнес үшін барынша қызықты мүмкіндіктер РФ Таяу Шығысы мен Қытайдың Солтүстік-Шығысы арасындағы ынтымақтастықтан туындайды деп санаған олар алдымен ҚХР-дың шекарадағы Харбиніне ұшып келеді.

Шың елінің жергілікті шенеуніктерімен және бизнесмендерімен келіссөз жүргізген олар артынша туристік автобусқа отырып, шекарадан әрі жол тартады. Инвесторларды айран-асыр қылғаны сол, шекара бекетін кесіп өтісімен жақсы, сапалы жолдар таусылған: шекарадан Владивостокқа дейінгі трасса қазір де сұрықсыз кейпімен Ресейдегі ең үрей ұшыратын жолдардың бірі саналады.

"Соңғы жылдары шалғайдағы қараң қалған шекаралық кенттен шағын, бірақ гүлденуші қалаға айналған Суньфэньхэмен салыстырғанда, Ресей аумағындағы жол бойындағы сұрықсыз елді мекендер инвесторлар көңілін біраз жабырқатады. Әсіресе, шекараға жақын жерде жол бойындағы тұғырға қойылған "Вперед, на Харбин!" деген ұранды жазуы бар Т-34 танкін көргенде қалталы қонақтар жүрек тұсын ұстаған. Ал ресейлік шенеуніктермен кездесуі инвесторларды шынымен естен тандыра жаздаған. Жоғарыдан "сендерге гонконгтік қалталылар келе жатыр" деген хабар алған приморлық басшылық тайлы-таяғымен жетіп келеді. Бірақ уәде етілген ең бай инвесторлар орнына туристік автобустан түсіп жатқан джинсы киген, пластик-сағаттар таққан бір топ адамды көргенде, еңселері түсіп кетеді. Осыдан кейін Владивосток қаласының мэрі Игорь Пушкарев пен сол кездегі өңір губернаторы Сергей Дарькиндер шетелдік инвесторларға еш ықылас танытпай, қолдарындағы аса қымбат сағаттарына қарағыштап, бар кейіптерімен уақыттары тығыз екенін білдірді. Ізінше, өзгелерге табыстап, тайып тұрды.

Келесі екі күн бойы гонконгтік ірі бизнесмендерді құрылыс алаңдары арасында әрі-бері тасыған, орыс тіліндегі презентациялар көрсеткен. Қонақтардың инвестклимат пен инвесторларды қолдау шаралары туралы сұрағына жергілікті шенеуніктер нақты жауап бере алмай, өңірдің дамуы мен бюджеттік шығындарға қатысты қаптаған сандар мен көрсеткіштерді қарша жаудырған.

Ақыр соңында Владивостоктағы корейліктер тұрғызған жалғыз оңды қонақүйде өткен қонақасы үстінде топтағы ең жас инвестор, Гарри Поттерді көзге елестететін британдық Сэм Свайер (Cathay Pacific және Dragon Air әуекомпанияларына иелік ететін отбасының мұрагері, Гонконгтағы ең қымбат жылжымайтын мүліктің иесі) "Владивосток-Гонконг" арасында әуе рейсін ашу мүмкіндігін қарастыру үшін келгенін әңгімеледі. "Уақыты келмеген сияқты" деп көңілсіз байлам түйді ол. Қалаға атбасын бұрған жиырма инвестордың кейін бірде-бірі оралмады. Кейде Азиядағы инвестфорумдарда олардың кейбірін ұшырастырып қаламын. "Владивосток қалай? Hyatt тұрғызамыз деп еді ғой?" деп сұрайды. Мен жоспарланған бесжұлдызды екі қонақүйдің бірі де іске қосылмағанын айттым, олар мұның себебін түсінгендерін білдіріп, бас изейді" деп аяқтады әңгімесін Александр Габуев.

Мұндай хикаяларды Қазақстанда да кездестіруге болады. Шетелдік ірі инвесторлардың қанағатшыл келетінін, ысырапқа көп салынбайтынын, қарапайым киініп, жұлдызы аз қонақүйлерге түнеп, дәмхана, тіпті асханадан тамақтануды ар санамайтынын талай байқап жүрміз. Оларды жергілікті шенеуніктердің мейрамханақұмарлығы, салтанат пен дәулетін паш ететін нышандарды бадырайта көрсетуге ұмтылып тұратындығы шошындырады.

Қызығушылық танытқан инвесторлар сұрағына нақты жауап бермей, алдын ала әзірленген және таратылған кітапша-буклеттерді қарауға кеңес берумен шектелетініне қынжылады. Бизнес-форумдардың бірінде шетелдік бизнесмендер әртүрлі жобалармен қызықтыруға тырысып, аузы дамыл таппаған қазақстандық жауапты тұлғадан ол айтқан салада табысқа жеткен шетелдік инвесторлар тарихын (Success Stories) айтып беруді сұраған. Ол не істеді дерсіз? Шенеуніктер қолданатын қызықты, бірақ кесірлі тәжірибе-тәсіл бар: егер депутаттың не қоғам өкілінің қойған сұрағына жауабы жоқ болса не мәселе туралы ештеңе білмесе, жауапты кейін жазбаша беретінін айта салды. Бұл жолы да солай болған. Бірақ сол күні кері аттанып кететін шетелдік инвестордың е-поштасының мекенжайын сұратпаған. Сонда жауапты қалай жібереді?...

Дәл осындай кедергілерді жою үшін біздің инвесторлармен байланысатын шенеуніктерді даярлау қажет-ақ. Біз отандық өнімдерді әлемдік нарықта ілгерілетуге жауапты қаптаған құрылымдарда ағылшын тілін білмейтін қызметкерлер жұмыс жасайтынын көріп, біліп жүрміз.

Қазақстанға сапар жасап, уақытын босқа жоғалтқан инвестор мен іскер тұлға енді ешқашан оралмауы мүмкін. Ең сорақысы сол, ол әртүрлі басқосуларда бастан кешкендері мен "жабайылық көріністері" туралы өзге әріптестері мен серіктестеріне айтып береді. Осылайша, төмендегі шенеуніктер ел басшылығының имидждік жобалары мен іс-шараларының "ки-пи-айына" нұқсан келтіруі ықтимал.

Әрине инвесторларды тарту бағытында Қазақстан жүргізіп жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Инвестиция тарту жөнінен еліміз посткеңестік кеңістіктегі көшбасшы саналады. Біз бұл саладағы кейбір көрсеткіштер бойынша тіпті Ресейді де басып оза бастадық.

Бірақ қалай болғанда да ел үкіметіне, елбасы айтқандай, әрбір инвестормен "дербес-персоналды" жұмыс жасайтын кез келді.

Қорыта келе сандарды сөйлете кетсек. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сейсенбідегі үкімет отырысында жария еткен мәліметі бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі былтыр 834,1 млрд теңгені құраған. Жоспар 750 млрд теңге болыпты. Алайда "2016 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 млн долларға азайған".

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу