Қант дағдарысы қайта орала ма

4513

Қазақстанда қант өндірісі күрт құлдырады.

Қант дағдарысы қайта орала ма

Өткен айда бір топ алматылық бизнесмен елімізде құмшекер тапшылығы туындағалы отырғанын айтып, дабыл көтергенде, жауапты министрліктер мен шенеуніктер бірауыздан оны жоққа шығарып, елімізде бұл шикізат жетіп-артылатынына қоғамды сендіріп баққан.

Алайда күз аяқталып, егін жинау науқаны түгесіліп қалған тұста шенділердің оптимизміне негіз болмайтын жағдайлар анықтала бастады. Нақтырақ айтқанда, Energyprom сарапшыларының хабарлауынша, Қазақстанда қант өндірісі бір жыл ішінде төрттен бірге, 26%-дайға құлдырап кеткен. Мұны ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің деректері растайды.

Сонымен бірге, тәттінің осы түрінің бағасы бір ай ішінде 5%-ға, ал жыл басынан бері 12%-дайға қымбаттап шыға келді.

Қант өндірісі биылғы тоғыз ай қорытындысы бойынша небары 180 мың тоннаны құрады. Бұл 2017 жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда, 25,7%-ға кем. Сарапшылар шенеуніктердің көркем көрсеткіштері мен жарқын үміттері жыл басындағы статистикаға сүйенуі мүмкіндігін айтады: себебі, осы жылғы қаңтар-сәуір айларында құмшекер өндірісі өткен жылғы төрт айдағы көрсеткіштен 82%-ға өскен. Содан кейінгі айларда динамика күрт өзгеріп, өндіріс "құзға бет алыпты".

Қазақстанда қант өндірісінің "отаны" – Жамбыл облысы: аталған өнімді шығарудың ең көп көлемі – 74,7%-ы осында шоғырланған. Тиісінше, көркем тілмен айтқанда, осы өңір "түшкірсе", бүкіл сала "қалшылдай" бастайды. Осы орайда Жамбыл облысында бір жыл ішінде қант өндірісі 32,3%-ға құлдырап, өнім көлемі бар-жоғы 134,4 мың тоннаға әзер жеткен.

Өңірде сектор алпауыты – "Орталықазиялық қант корпорациясының" (ЦАСК) екі бірдей филиалы жұмыс жасайды: Тараз және Меркі қант зауыттары өткен ғасырдың басында дала төсін дүбірге бөлеген атақты индустрияландырудың "қарлығаштары" болып табылады. Ал ЦАСК-тың бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.

Тәтті өнімнің тағы 23,2%-ын Алматы облысы қамтамасыз етті. Бұл өңірде Көксу қант зауыты, Ақсу, Боралдай кәсіпорындары және басқалары өндіріс көрігін қыздыруда. Айта кету керек, Жетісу өңірінде сала қазір көркеюде: ол биылғы жылдың төртінші тоқсанына 41 мың 811 тонна көрсеткішпен аяқ басты. Бұл бір жыл бұрынғыдан 5,7%-ға көп. Дәл осы Алматы облысының қанты Қостанай облысына жеткізіліп, сондағы отандық кондитерлік алыпты – жылына 80,4 мың тонна кәмпит, шоколад, печенье және басқа да өнімдерді шығаратын "Баян Сұлу" фабрикасының өндірісінде жаратыла бастады.

Нәтижесінде, Жетісу қантқа деген өз қажеттілігін толық қамтамасыз етумен шектелмей, өзге өңірлердің тамағын "тәттілеуге" белсене кірісті.

Қазақстанда құмшекер жасаумен айналысатын басқа да өңірлер бар, рас, олардың нәтижелері ауыз толтырып айтарлық емес. Мәселен, Алматы қаласы 2 мың 895 тоннасын, Шымкент қаласы – 795 тоннасын, Атырау облысы – 57 тоннасын, Қарағанды облысы – 32 тоннасын, Түркістан облысы 4 тоннасын шығарады.

Әрине, биылғы 12 ай қорытындысы бойынша көрсеткіш өзгерері сөзсіз. Бірақ әзірге бұл сектор өткен жылдарға қызыға қарайтын күйде. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Қазақстан 2013 жыл бойында 356,9 мың тонна, 2014 жылы – 374,7 мың тонна, 2015 жылы – 283,8 мың тонна, 2016 жылы 458,2 мың тонна қант өндірген. Сала осы рекордынан кейін төмендеуге бет алды: 2017 жылы шығарылым көлемі азайып, 372 мың тоннаны құраған. Биыл оған да жетпей қалу қаупі бар.

Қазақстандықтар мен отандық кондитерлік және басқа да кәсіпорындар жыл сайын 500-550 мың тонна құмшекер тұтынады. Жетпегені шетелден тасылады. Салдарынан, өндірістің төмендеуі аясында импорт ауқымы артуда. Елге сырттан әкелінген қанттың көлемі 2018 жылғы қаңтар-тамыз айларында ғана бірден 28,5%-ға артты: 2017 жылғы 129,3 мың тоннадан 166,1 мың тоннаға дейін ұлғайған.

Қазіргі кезде ішкі нарықтың 53,5%-ы жатжұрттық өнімге тәуелді болып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 40,8% ғана болған.

Ресми статистика бойынша бүгінде қанттың бөлшек саудадағы орташа бағасы 241,2 теңгені құрайды. Бұл былтырғыдан 11,9%-ға жоғары. Ең қымбат баға Семей мен Түркістан қалаларында қалыптасты: бір келісіне орташа есеппен, 257 теңге сұрайды. Одан кейін Көкшетау (252 теңге), Алматы (251) және Өскемен (251) қалалары тұр. Ең арзаны – Ақтөбеде: бір келісі шамамен 208 теңгеге сатылуда.

Қазақстанда қант қызылшадан және қант құрағынан жасалады. Оның ішінде қызылшаны өзіміз өсіреміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2017 жылы отандық аграршылар 463,1 мың тонна қызылша жиған. Оның негізгі бөлігі Алматы (245,9 мың тоннасы) және Жамбыл (206,1 мың тоннасы) облыстарына тиесілі. 11,1 мың тоннасы Солтүстік Қазақстан облысында жиналған. Алайда жергілікті осы шикізат небары 48,1 мың тонна қант алуға ғана жеткен.

Сондықтан қазақстандық қант зауыттары қант құрағын сырттан тасымалдап, негізгі өнімді содан алады. Бұл ретте отандық өндірушілерді басқа бір шектеу алаңдатуда. Өз қызылша өсірушілері мен одан өнім жасаушыларының лоббиін ілгерілеткен Ресей мен Беларусь бірлестік аясында 2019 жылдан бастап, қант өндірісі үшін импорттық шикізатқа баж салығын енгізуге қол жеткізген. Тиісінше, Қазақстан биылғы жыл соңына дейін ғана құрақты жеңілдікті режиммен тасуға құқылы. Жаңа жылдан бастап, Еуразиялық одақ аясында бірыңғай ставка күшіне енбек. Сарапшылардың есептеуінше, шикізат бағасы екі еседей қымбаттауы ықтимал.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің тұрақтандырушы қорларында қанттың қоры жеткілікті екендігіне иек артады. Бұдан бөлек, қантты көтерме жеткізушілер де өз қоймаларында біраз өнім ұстап отырған көрінеді.

Қант құрағына баж салығының енгізілуіне қатысты ведомство мынадай түсініктеме берді:

"Мемлекет пен бизнес елді қантпен өз ресурстарымыз есебінен қамтамасыз етудің резервтерін табуы қажет. Кедендік бажды енгізу ірі экспорттаушылар құптамайтын, бірақ маңызды шара. Ол сайып келгенде, ішкі өндірістің өсуіне әкелуге тиіс. Оған өту оңай болмайды. Дегенмен, мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оны жүзеге асыру керек болады".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу