Қант қымбаттамайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4323

Алматының алыпсатарлары қанттың бағасын өзара келісіп қымбаттатқан.

Қант қымбаттамайды

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінге дейін елімізде 259 мың тонна қант өндірілген. Оның 138 мың тоннасы ел аумағында пайдаланылса, 121 мың тоннасы импортталған.

Министрлік кәсіпкерлердің: "Алдағы уақытта қант тапшылығы сезілуі мүмкін" деген болжамын жоққа шығарды.

"Біздің елде қант және қант шикізатын импорттауға ешқандай шектеу жоқ. Қазақстанның қант өндірушілері 8 жылдан бері ЕЭО аясында шикізатты баж салығынсыз алып келді. Биылғы жылдың 27 шілдесінен бастап осыған дейінгі жеңілдік алынып тасталды. Бірақ бұл шара қант бағасының  қымбаттауына және тапшылығының тууына негіз бола алмайды", – деп хабарлады министрлік.

"Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі "Астанада қант тапшылығы болуы мүмкін" деген сөз шындықпен жанаспайтынын мәлімдеді.

Корпорацияның баспасөз қызметі азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру шеңберінде 1500 тонна қант сатып алынғанын алға тартып, дәл қазір елорда да 945 тонна қант қоры бар екенін жариялады.

"Қаладағы ірі сауда орындарында қанттың 1 келісі 213-240 теңге аралығында сатылып жатыр. Қордағы қант көлемі Астанада қант тапшылығын болғызбауға кепіл бола алады. Қант қымбаттайтын болса, тауар интервенциясына қатысты жүзеге асырылып жатқан шаралар күшейтіледі", – деп мәлімдеді "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Астанамен салыстырғанда Алматыда қант қымбат бағада сатылып жатыр. Алматылықтар бір келі қантты 245 теңгеден сатып алып жүр. Мұның себебін Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы тамақ өндірісі бөлімінің басшысы Дамир Тазабек: "Біз күн сайын қаладағы барлық сауда орталықтары мен дүкендерді, сондай-ақ базарлардағы азық-түлік бағасын саралап отырамыз. Байқағанымыз, қанттың бағасы алыпсатарлардың өзара келісіп алуының салдарынан өскен. "Қант тапшылығы болуы мүмкін" деген негізсіз сөзді естіген қант жеткізушілері мен өткізушілері базардағы бағаны бірден көтеріп жіберген", – деп түсіндірді.

Оның сөзінше, ірі сауда орталықтарында қант бағасы көтерілмеген. Бағаны Алматы тұрақтандыру қоры реттеп отырған.

"Қазан айының бірінен бастап Алматы, Жамбыл облыстарында үш қант  зауыты  іске қосылады. Бұл қант тапшылығы болады деген әңгіменің негізсіз екенінің дәлелі", – деді бөлім басшысы.

Негізі қанттың қымбаттайтыны және тапшылығы туралы қауесет Алматыдан шықты. Кәсіпкерлер 2018 жылдың 1 тамызынан бастап ақ қант әкелуге арналған нөлдік жеңілдік алынып тасталуына осылай қарсылық білдірді.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу