Қант қызылшасы күнге қақталып жатыр

Қажет Андас Қажет Андас
4934

Дихандар егіс алқабына ат ізін салмаған облыстық комиссия мүшелеріне өкпелі.   

Қант қызылшасы күнге қақталып жатыр

Биыл Жетісудың қызылша өсірушілері 300 мың тонна өнім жинап, одан 36 мың тонна қант алуды жоспарлады. Алайда құбылмалы ауарайы дихандардың адымын аштырар емес. Өткенде алқап бұршақ астында қалғанда мұндағылар "бұйырғаны қалар" деп өз-өздерін жұбатты. Одан кейін үсті-үстіне жаңбыр жауғанда да сабыр сақтады. Енді егістікті күн қақтап жатыр. Бұған қоса су тапшылығы сезілуде.  

Жыл басында тұрғындар алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов: "Биыл қант қызылшасының алқабын 9 мың гектарға дейін ұлғайтамыз. 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 36 мың тонна қант өндіреміз", – деді. Сөйтті де зауыттарды жаңғырту мен шикізат қабылдау бекеттерін көбейтуді тапсырды. 

Облыс әкімінің пәрменін орындау  мақсатында "Көксу қант зауыты" ЖШС 1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартып, зауыт құрылғыларын жаңартты.

"Зауытқа күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге 200-ге жуық адам жұмылдырылды. Кеңес одағы кезіндегі құрылғылар Швейцария, Германия, Украина, Ресей мемлекеттерінен алынған заманауи жабдықтарға ауыстырылды", – деді бізге ЖШС директоры Әділбек Абатов.

Айта кетейік, биыл кезінде 1,5 мың адамның басын біріктірген "Ақсу қант зауыты" ЖШС іске қосылады. 10 жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған кәсіпорын жыл соңына дейін 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс.

"Зауытты қайта жаңғыртуға бөлінген 8 млрд теңгеге қазір жаңа  қондырғылар әкелінді. Алдағы уақытта мұнда тәулігіне 3 мың тонна қант қызылшасы  өңделеді. Әзірге жұмыстың 20%-ы аяқталды. Алдағы уақытта  2 компрессор мен су сорғыш құрылғысы ауыстырлып, жаңа сүзгілер орнатылады", – деді "Энергосмост" консорциумының өкілдері.

Кәсіпорынды жаңғыртуға инвестор 6 млрд теңге құйыпты. Қалған 2 млрд қаржыны облыс әкімдігі  "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бөліп беріпті.

Зауытқа жаңа инвестордың келуі жергілікті шаруалар үшін өте үлкен қуаныш. Кәсіпорын қалыпты жағдайда жұмыс істей бастағанда зауыттың бұрынғы жұмысшылары қайтадан жұмысқа орналасады. Осылайша жоба  Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді.

Облыс әкімінің қант қызылшасының егіс көлемін арттыру және қант өңдеу жұмысын жандандыру туралы берген тапсырмасын орындау барысындағы жұмыста мін жоқ. Бірақ шілденің шыжыған күні мен судың тапшылығы дихандардың дегбірін алып, мазасын қашырып тұр. Ал екі зауыттың тыныс-тіршілігін бақылап отыру үшін құрылған облыстық комиссия мүшелері күн қақтап  жатқан қант қызылшасын көзбен көруге бүгінге дейін уақыт таппаған. Осыған наразы болған жұрт: "Комиссия мүшелері қаржының күшімен қаңқасы бүтінделетін зауытты қайта-қайта аралағанша, егіс алқабындағы жағдайды көзбен көріп, су тапшылығынан туындаған мәселені шешпей ме? –  деп реніштерін білдіріп жатыр.  

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу