Қарағанды жатақханалары студенттерге бұйырмай тұр

4503

Кеншілер қаласындағы жатаханаларда студенттер емес, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен қызметкерлері тұрып жатыр.

Қарағанды жатақханалары студенттерге бұйырмай тұр

Қарағанды облысының орталығында орналасқан үш мемлекеттік университеттің жатаханаларындағы келеңсіздік жалпақ жұртқа ресми түрде жария болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің арнайы мониторингтік тобы Қарағандыдағы жоғарғы оқу орындарында тексеріс жүргізді. Мамандар бірқатар былықтың басын ашты.  

Қарағанды мемлекеттік университетінің жатаханасына келген топ мамандары өздерін құпия түрде таныстырып, жатаханаға бір түнеп шығуға рұқсат алған. Комендант бұл қызмет үшін 5 мың теңге алып, бөгде адамды ойланбастан жатахана бөлмесіне орналастырған. Сондай-ақ аталған жатаханада студенттердің орнына университет қызметкерлерінің отбасымен бірге тұрып жатқаны анықталған.

"Студенттердің тұрақты табысы жоқ, ал университет мамандарына ақшаға пәтер жалдап тұруына болады. Студенттің жатар орыны болмағандықтан, ол білім алуды емес, жалдап тұратын пәтер жайын ойлайды. Бұдан кейін студент сессияға бармай-ақ ақша бере салуды қарастырады", – дейді мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің арнайы мониторингтік тобының басшысы Ермек Әбілдин.

Биыл наурыз айында президенттің бес бастамасы жарияланған болатын. Аталған бес бастаманың ішінде елбасының студенттерді жатаханамен қамтамасыз ету керек деген тапсырмасы бар. Осы орайда, облыс әкімі Ерлан Қошанов Қарағанды өңірінде колледж бен университеттер үшін 4 студенттік жатахана салу жоспарда бар екенін мәлімдеген болатын.

Бүгінде Қарағанды өңірінде 84 мың студент бар. Оның 25 мыңы сырттан келіп оқитын жастар. Қазіргі уақытта кеншілер өлкесінде студенттерге жатақханадан орын жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, студенттер жатаханасында 2750 орын тапшы. Сондықтан, жатаханадан тиісті орын бұйырмаған студенттерге жалдамалы пәтер жағалаудан басқа амал қалмай отыр.

Сонымен қатар, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен медициналық университеттің жатаханаларында тұратындар тізімі көп жылдардан бері жаңартылмаған.

"Қазіргі уақытта жатаханадан орын табу үшін таныс іздеу керек. Бұл ешкімге де құпия емес. Ал онда тұратындардың тізімін жаңартпай сол күйі қалдыра беру жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықты тудыруға алып келеді", – дейді Ермек Әбілдин.

Ал Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жатаханасында шетелден келетін қонақтар үшін vip-бөлмелер жасақталған. Бүгінде бұл бөлмелерде ректорат қызметкерлері тұрып жатқан көрінеді.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің арнайы мониторингтік тобы жүргізген тексерістен кейін аталмыш жоғарғы оқу орындарында тексеріс басталды.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу