banner

Қару-жарақ сататын дүкендер жабылып жатыр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4317

Бұған терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар себеп болуда.

Қару-жарақ сататын дүкендер жабылып жатыр

Қазақстанда "Терроризмге қарсы күрес туралы" заң 1999 жылы шілде айында қабылданды. 2016 жылы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес қару-жарақтың жекелеген түрлерінің саудасы мен сақталуына бақылау күшейтілді.

Заң арқылы тұрғын үйлердің төменгі қабатынан қару-жарақ сататын дүкен ашуға тыйым салынып, қаруды атуға дайын күйінде саудалауға шектеу қойылды. Қару-жарақ дүкендерінде тегіс ұңғылы мылтық сатылмайтын болды. Ал қару-жарақ дүкендерінің күзет қызметі ішкі істер министрлігімен тығыз байланыс орнатуға міндеттелді.

Заң талабының қатаңдатылуына Ақтөбе, Алматы қалаларында болған терактілер түрткі болды.

2016 жылы 5 маусымда Ақтөбедегі "Паллада" қару-жарақ дүкені мен ұлттық гвардияның бөлімшесіне және 2016 жылы 18 шілдеде Алматы қаласының Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК-ға жасалған қарулы шабуыл кезінде Ұлттық ұланның сарбаздары, полиция қызметкерлері мен қала тұрғындары сонымен қатар радикалды топ өкілдерінің өздері қайтыс болды. 31 адамның қазасы біздің ел терроризмнен тыс емес екенін көрсетті.

Айта кетейік, Қазақстанда қару-жарақ дүкеніне шабуыл 2011 жылы Тараз қаласында да жасалған. Онда Мақсат Қариев есімді жанкешті "Маке" қару-жарақ сататын дүкеніне баса-көктеп кіріп, 5 полицей мен қаланың 2 тұрғынын мерт қылған. Мұнысымен қоймай, ҰҚК-нің ғимаратына оқ жаудырып, ақырында өзін-өзі жарып жіберген.

"Терроризмге қарсы күрес туралы" заң жаңа үлгіде қолданылғанға дейін Қазақстанда 103 қару-жарақ сататын дүкен болған. Соңғы 2 жылда олардың 35%-ы жабылған.

"Қорамсақ" қару-жарақ қауымдастығының вице-президенті Сергей Катновтың дерегінше, жабылмаса да қару-жарақ сатуын тоқтатқан дүкендер бар.

"Бизнестерінен уақытша бас тартқан кәсіпкерлер сатылымдағы қару-жарақтың барлығын құқық қорғау органдарына өткізді. Олар қару-жарақ сататын дүкендерін заң талабына сәйкестендіргеннен соң қару-жарақты өздеріне қайтарып алып, кәсіптерін ары қарай жалғастырады", – деді Сергей Катнов.

Оның сөзінше, заң арқылы тұрғын үйлердің төменгі қабатынан қару-жарақ сатуға тыйым салу кәсіпкерлерді қосымша материалдық шығынға ұшыратса да, қауіпсіздік шарасының күшейуіне ықпал еткен.

"Жеке ғимарат жалдап, қару-жарақ саудасын ары қарай жалғастырып жатқан кәсіпкерлерді білемін. Қуантарлығы, олар қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударып жатыр. Мысалы қару-жарақ саудасымен табыс тауып жүрген бір азамат дүкен сөресіне қару-жарақтың өзін емес, муляжын қойып жүр. Ол дүкенге кіріп-шығу тәртібін де қатаңдатқан", – деді Сергей Катнов.

"Қорамсақ" қару-жарақ қауымдастығы вице-президентінің сөзінше, бұдан біраз бұрын қауымдастық ішкі істер министрлігіне  қару-жарақтың жекелеген түрлерінің саудасы мен  сақталуына бақылауды күшейту қажет екені туралы хат жолдаған.

"Ішкі істер министрлігі бізді бірден қолдады. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға өз үлесімізді қосқанымыз үшін қуанамыз", – деді Сергей Катнов.

Естеріңізге салайық, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда азаматтық тұлғаларға травматикалық қару сатып алу мен пайдалануға тыйым салынды. 2007 жылға дейін травматикалық қаруды адамдар тіркеусіз сатып ала беретін.

Қарусыздануды қолдаған қазақстандықтарға мылтықтары мен тапаншаларын ішкі істер органдарына тапсырғаны үшін 30 мың мен 150 мың теңге аралығында сыйақы берілді. Бұл үшін бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

Нәтижесінде ел азаматтарынан 20 мың қару сатып алынды. Ал тыйым салынған қаруды үкіметке өткізбегендер қару қолдануға рұқсаттары бар болса да, қылмыстық жауапқа тартыла бастады.

Ішкі істер министрлігі травматикалық қаруды газ тапаншасы мен электршокерге алмастыруды ұсынды. Мұны қалың көпшілік құптамады. Олар травматикалық қаруды жаппай қолдануға рұқсат беруді сұрады. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері бұлай жасауға болмайтынын, бұл қоғам мүшелері үшін қауіпті екенін алға тартты.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу