Қаржыландырудың қарқынында мін болған жоқ

Қаржы министрлігі 2018 жылдың I тоқсанындағы бюджеттің шығыс бөлігін орындау қорытындысы туралы есеп берді.

12 Мамыр 2018 10:10 Автор: Камила Абдиева
Қаржыландырудың қарқынында мін болған жоқ ,  бюджет, қаржы министрлігі, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау    , қорғаныс, ТКШ, қоғамдық тәртіп

Осы жылдың қаңтар-наурызында еліміздің мемлекеттік бюджетінің кіріс бөлігі 2,65 тлрн, шығыс бөлігі 2,41 трлн теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15% және 13,5%-ға көп. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, қорғаныс пен ТКШ, қоғамдық тәртіпке арналған шығыстарды қаржыландыру қарқынды жүрді.  

Азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету 20,2%-ға немесе 105 млрд теңгеге, яғни 654,1 млрд теңгеге дейін артты. Оның 619,2 млрд теңгесі әлеуметтік қамтамасыз ету мен төлемдерге, нақтырақ айтсақ, зейнетақы (479,2 млрд тенге, +22,8%, немесе 89 млрд теңгеге)  мен жеке тұлғалардың басқа да трансферттеріне (139,8 млрд теңге, +5,8%) бағытталған.

Денсаулық сақтауға арналған шығыс 23,6%-ға (+62,6 млрд),  328,2 млрд теңгеге дейін өскен. Қаражаттың негізгі бөлігі республикалық бюджет желісі (316,7 млрд теңге) бойынша игерілген, оның 297,7 млрд теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге кеткен.

Мемлекеттік шығыстың өсімі бойынша көш бастап тұрған үштікке қорғаныс саласы да кірді, оған кеткен қаражат 137,9 млрд теңге, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 35,6%-ға көп. Ведомстволық жіктеуге сәйкес, қаражаттың басым бөлігін (126,5 млрд теңге) қорғаныс министрлігі әскери қажеттілікке, Қазақстан қарулы күштерінің әскери және мобилизациялық әзірлігін қамтамасыз етуге жұмсаған.

I тоқсанда ІІМ-нің  қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету құны 40%-ға, 29,6 млрд теңгеге дейін шарықтап кеткен. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету 41,9 млрд теңге болып, қылмыстық-түзету жүйесін ұстау мен мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінген қаражат 17,5%-ға ( 7,8 млрд) және 27,7%-ға (8,1 млрд теңге) өскен.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа кеткен шығындар біршама өскен, яғни 1,5 есе (29,7 млрд) өсіп, 88,7 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұған «Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда тұрғын үй салу (35,2 млрд теңге жұмсалған) басты себеп болған.

Білім беру саласын (423,8 млрд теңге) қаржыландыру жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер (158 млрд теңге) сияқты аса қатты өзгерген жоқ. Көлік пен коммуникацияға арналған шығыс құрылыс пен республикалық автожолдарды жөндеуге жұмсалатын шығынды оңтайландыру есебінен 2,8%-ға қысқарған. Көлік бойынша айтарлықтай қысқару (57,2 млрд теңге) республикалық бюджет бөлігіне қатысты болды.

Ауыл, орман, су мен балық шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау мен жер қатынастарына арналған шығын «Шараларды үкіметтің кезек күтірмейтін шығындар қоры есебінен өткізу» бабы бойынша 37,3%-ға  (83,4 млрд теңгеге дейін) артқан. Бұл жерде әңгіме су тасқындары салдарын жою туралы болуы ғажап емес.

Шығыстардың басқа да баптары ішінде негізгі шығын көлемі «АХҚО әкімшілігі» АҚ (20 млрд теңге) пен «Астана Экспо-2017»ҰК» АҚ-қа (13,5 млрд тенге) тиесілі болды. Үкіметтің қарызына қызмет көрсетуге кеткен шығын 21%-ға өсіп, 156,7 млрд теңгеге жетті.

Шығыстарды ведомстволық жіктеу бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау (623,2 млрд теңге), қаржы (561,5 млрд), денсаулық сақтау (317,6 млрд), ауылшаруашылығы(145,6 млрд), инвестиция және даму (134,8 млрд теңге) министрлігі көшбасшы болды. Барлық шығынның 86,4%-ы ағымдағы сипатқа ие болды, тек 13,6%-ы ғана капиталдық инвестиция.

Шығыс пен кіріс бөлігінде көлік құралдарын сатып алуға кеткен шығынның 2,3 есе өскенін, сондай-ақ ЭСА бойынша шикі мұнайға арналған түсімнің 7,5%-ға, 187,8 млрд теңгеге дейін түсуін ерекше атап кетуге болады.

Гүлназ Ермағанбетова, Камила Абдиева