Кәсіпкерлер күрделі терминалдарға көшкісі келмейді

3294

Енді ломбардтардың, дәріханалардың, букмекерлердің және басқа да он жеті түрлі бизнестің әр тиыны бақылауға алынады.

Кәсіпкерлер күрделі терминалдарға көшкісі келмейді

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың биылғы 19 қаңтардағы №6-р өкімімен бекітілген "Қазақстан Үкіметінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарының" 69-тармағын орындау мақсатында және кәсіпкерлерді кезең-кезеңмен "бақылау-кассалық машиналарға көшіру" үшін қаржы министрлігі арнайы бұйрық жобасын әзірледі.

"Салық төлеушілер Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы" қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №206 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы" деген ұзақ атауы бар бұл құжат 2018 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Оған сәйкес, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне кәсіпкерлік қызметтің 17 түрі мәжбүрлі түрде көшірілмек. Бұл үшін сол тізімдегі қызмет түрлерімен айналысатын бизнесмендердің барлығы арнайы бақылау-кассалық аппараттар сатып алып, төлем жүйелеріне қосылуға міндеттенеді.

Сонымен, алдағы күзден бастап, жаңа немесе қолданыста болған автокөліктерді сатумен айналысатын, "темір тұлпарларға" техникалық қызмет көрсететін және оларды жөндейтін, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін және басқа да керек-жарақтарын көтерме немесе бөлшек саудалайтын, сондай-ақ, сусындардың көтерме саудасымен, фармацевтикалық тауарлардың көтерме және бөлшек саудасымен (бұл санатқа дәріханалар да кіреді) шұғылданатын кәсіпкерлерге қарапайымын емес, дәл "деректерді тіркеу және беру (ДТБ) функциясы бар" бақылау-кассалық машиналарын орнатып, барлық алыс-берісін солар арқылы жүргізуге тиіс болады.

Бұл қатарға сондай-ақ тоқыма өнімдерін, темірден, шыныдан жасалған бұйымдарды, лак, сыр және бояу материалдарын, киімді, сағаттар мен зергерлік бұйымдарды сататын бизнесмендер де жатады.

Бұдан бөлек, кассасын күрделі әрі қымбат терминалмен жабдықтау міндеті барлық ломбардтарға, жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру және оларға қатысты басқа да операцияларды жүзеге асыратын агенттіктерге", жылжымайтын мүлікті ақыға немесе келісімшарттық негізде басқарумен айналысатын ұйымдарға, жарнамалық агенттіктерге, казиноларға, букмекерлік кеңселерге, сондай-ақ басқа да құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастырушыларға, валюта айырбастау пунктеріне жүктеледі.

Сарапшылар бұл бұйрық күшіне енген соң, қазіргі күйзелісті шақта теңгесіне тиынды әзер қосып жүрген осы салалардағы қаншама бизнесмендердің шығыны ұлғайып, иықтарындағы ауыртпалық артады деген алаңдаушылық білдіруде.

Осы орайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін қаржы министрлігінің аталған бұйрығы жобасына "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы сараптамалық қорытынды жасап, үкіметке жолдады. Онда ұлттық палата "патент, бірыңғай жер салығы негізіндегі арнаулы салық режимі шегінде, сондай-ақ стационарлық емес сауда нысандарында қызмет атқаратын кәсіпкерлерді" мұндай қымбат терминал сатып алуға мәжбүрлеуге болмайтынын қадап айтады. Өйткені "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексін (Салық кодексін) қолданысқа енгізу туралы" заңында бұлар үшін ДТБ кассалық аппараттарын енгізудің басқа мерзімдері көзделген.

Ал қаржы министрлігінің бұйрығы жобасында ондағы талаптың осы кәсіпкерлерге қолданылмайтыны айтылмаған. Сондықтан кәсіпкерлік қауымдастық құжатты шикі деп санайды. Ол "ұлттық заңнамаға сәйкес келтірілуге тиіс".

Сондай-ақ онда сөз болып отырған 17 қызметті жүзеге асыратын, бірақ бұл ретте патентпен жұмыс жасайтын бизнесмендерден, сондай-ақ ол қызметтермен стационарлық емес сауда нысандарында, мысалы, дүңгіршек, павильон, шатыр, автодүкен, даладағы базарда айналысатын шағын кәсіпкерлерден күрделі қондырғы орнатуды талап етуге болмайды деген пікірде ұлттық палата. Себебі, бір де бір банк немесе төлем жүйесі сопайып жалғыз тұрған дүңгіршекке не тіпті қала шетіндегі базарға бұл төлем жүйесінің инфрақұрылымын тартпайды.

"Атамекен" ҰКП басқарма мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов 17 қызмет аясына кірген басқа да кәсіпкерлерге ДТБ бақылау-кассалық машиналарына өту үшін жеткілікті уақыт беру мақсатында министр бұйрығының қолданысқа енгізілу мерзімін қайта қарауды сұрағандарын айтады.

Еске сала кетсек, бұған дейін ДТБ функциясы бар терминалдарды орнату міндеттемесі тек "ағаш, құрылыс материалдарының және сантехникалық жабдықтардың", "метал бұйымдардың, су құбыры және жылыту жабдықтарының" көтерме саудасымен, сондай-ақ "компьютерлердің, перифериялық жабдықтардың және бағдарламалық қамтылымның", "аудио және бейнетехниканың", "электрлі тұрмыстық аспаптардың", "жиһаздың, жарықтандырушы жабдықтардың және басқа да тұрмыстық керек-жарақтың" бөлшек саудасымен айналысатын кәсіпкерлерге, қонақүйлерге, мейрамханаларға, кинотеатрларға және сұлулық салондарына жүктелген болатын.

Бизнес өкілдері ДТБ бақылау-кассалық машиналардың қымбаттығын айтып, Мемлекеттік кірістер комитетіне шағым айтты. Олардың мәліметінше, бұл терминалдардың бағасы кем дегенде 60 мың теңге тұрады. Кейбір түрлерінің құны 140 мың теңгеге дейін барады. Бұған жауап ретінде ҚР қаржы министрлігінің мемкірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев жаңа ережелерге сәйкес, бұл аппараттардың "мемлекеттік реестрге енген модельдері" ғана салық органдарында тіркеуден өте алатынын ескертті.

Ведомствоның түсіндіруінше, қаржы министрінің №206 бұйрығымен бекітілген қызметтермен айналысатын, сонымен бірге дизель мен бензиннің, алкоголь өнімдерінің бөлшек және көтерме саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер жай аппараттарын жаңасына ауыстырулары қажет.

Салық органдарында басқа емес, дәл ДТБ функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды тіркеу талабы "Салық кодексінің 167-шы бабының 1-ші тармағының жаңа редакциясында көрсетілген" көрінеді.

Мемкірістер комитетінің өкілдері телекоммуникациялық желі жоқ жерлерде кәсіпкерге деректерді тіркеу және беру функциясы жоқ аппараттарды қоюға рұқсат етілетінін жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу