Кәсіпкерлерді "доңғалақты қойма" титықтатып тұр

2510

Министр вагон тапшылығы бар,  ҚТЖ басшысы жоқ дейді. 

 Кәсіпкерлерді "доңғалақты қойма" титықтатып тұр

Осы аптада, 31 қазан күні abctv. kz порталында көтерілген вагондармен қамтамасыз етуге және осы саладағы түйткілдердің салдарынан бизнестің үлкен шығын шегіп жатқанына қатысты проблема қазір қызу талқылануда.

Осы бойынша барлық тараптар пікір білдіріп, жағдайдың анық-қанығы мен мәселенің мәнісін ашуға талпынуда.

Бүгін осы түйінді түйткілге түсініктеме берген инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек тапшылық бар екенін бүкпесіз айтып, вагондардың "доңғалақты қоймаға" айналып кеткеніне қынжылыс білдірді.

"Биыл елімізде астық мол, шығымдылық жоғары болды. Дәл қазір бидай тасу көлемі шырқау шегіне жетіп тұр. Сондай-ақ әртүрлі басқа да жағдайларға байланысты өзге де түйткілді оқиғалар туындауда. Бұдан бөлек, жүк тиелген вагондардың нысаналы жеріне жеткізілмей, тұрып қалуына қатысты мәселелер бар. Тіпті жеткізілгеннің өзінде жүгі түсірілмей тұратындары қаншама. Салдарынан вагондар "доңғалақты қоймаға" айналып кетеді. Біз белсенді түрде мұның мән-жайын анықтап, түйткілдердің түйінін тарқатудамыз. Айтылып отырған тапшылық бірте-бірте жойылып жатыр", – деді министр.

Болашақта мұндай жағдай қайталана бермеуі үшін кейбір мамандар вагондардың жүкпен не жүксіз тұруының уақытын шектеуді, ол талапты сақтамағандарға айыппұл салуды ұсынады. Бірақ бұл үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет көрінеді.

Өз сөзінде инвестициялар және даму министрі тапшылықтан құтылу үшін Қазақстанның көрші елдерден "вагондық көмек" алуға мәжбүр болып отырғанын ашық айтты.

"Біз көрші елдерден, "Российские железные дороги" компаниясынан және басқалардан вагондар түрінде көмек алудамыз. Бұдан былай проблема туындамауы тиіс", – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Қалыптасқан ахуалға қатысты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшылығы да түсініктеме берді. ҚТЖ басшысы Қанат Алпысбаев керісінше, "тапшылық" жоқ деп табандады және дүрбелеңнің себебін басқа жақтан іздеуді ұсынды.

"Қазіргі уақытта астық тасушы вагондарға қатысты тапшылық жоқ. Қазақстанда шамамен 9700 астық тасымалдаушы вагон бар. Бұл биылғы барлық егін өнімін ішкі республикалық бағытта да, сондай-ақ экспорттық бағыттарда да тасымалдауға жетеді. Ал осы вагондардың тиімді пайдаланылмауы және лайықты түрде айналымға қосылмауы – басқа әңгіме. Астық немесе басқа өнімдер ұйымдасқан түрде тасылуы үшін тасымал үдерісіне қатысатын барлық тараптар өзара үйлесімде жұмыс істеуі  керек", – деді ол.

ҚТЖ басшысы қазіргі қиыншылықтың өзі таныған себептерін алға тартып: "Тасымал үдерісін ұйымдастыруға және көлік қызметін сапалы көрсетуге қатысты қиыншылықтардың не себепті туындағаны белгілі. Өйткені элеваторлар тәулік бойы жұмыс жасамайтындықтан, жүк жөнелтушілер жүк арту бойынша жоспарларын дер кезінде тапсырмайтындықтан, тасымал құжаттарын уақытылы рәсімдемейтіндіктен, вагондар темір жолдарда нормативтен тыс, ұзақ тұрып қалады. Бұған қоса тасымалдау процесіне адал емес экспедиторлық компаниялардың араласуы да теріс ықпал етуде. Олар нарықта дүрбелең туғызады және көлік қызметтерін ұсыну бойынша өз мойындарына алған міндеттемелерін орындамайды. Осының барлығы өнімдерді тасымалдауды қамтамасыз ету саласында кернеу туғызады", – деді ұлттық компания басшысы.

Ол тасымалдау үдерісінің "мөлдірлігін" қамтамасыз ете отырып, ақырғы тұтынушыларға дейін жүк жеткізудің бірыңғай тізбегін түзу қажеттігін айтады. Сондай-ақ "ҚТЖ" тарапынан жабық жүк вагондарының жеткілікті көлемі ұсынылатынына уәде береді. Бұл ретте бизнесмендерден оларға жүкті уақытында жүктеу және түсіруді қамтамасыз етуді сұрайды. Ұлттық компания кәсіпкерлермен бірлесіп, вагондарға қатысты жағдайға апта сайын мониторинг-бақылау жүргізіп отыруға келісіпті. Ал темір жолдарға тек "Қазтеміртранс" және "Астық Транс" секілді алпауыттарды ғана емес, өзге де вагонға меншік ететін компанияларды жіберуге қол жеткізілген.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстанда жалғыз ғана логистикалық компания "Астық-Транс" АҚ-ы монополистік жағдайда жұмыс істейтін  көрінеді. "ҚТЖ" ұлттық компаниясының еншілес компаниясы әу баста қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорын түрінде құрылыпты. Бірақ кейін ол толығымен Ресей Федерациясының меншігіне айналған. Енді оған бизнесмендер де, шенеуніктер де ықпал ете алмайды.

Саладағы тапшылықтың бір себебі вагондардың текке тұруы екенін сарапшылар да растайды. Мәселен, бір Ақтау портында ғана 1 мың 100 вагонның босқа тоқтап тұрғаны анықталған.

"Біз бір апта бойы барлық проблемаларды зерделеп шықтық. Нәтижесінде тасымалдау саласында жалған операторлардың шектеулі шоғыры жұмыс істейтіні анықталды. Олар арқылы осы жүйеге бөгде біреулер орнығып алған: олардың ешқандай активі жоқ, бірақ делдалдық қызмет көрсетеді. Олар жабық жылжымалы құрамның бағасын қымбаттатады, оған өз үстемелерін қосады.

"ҚТЖ – Жүк тасымалдары" АҚ-ы шілде айынан бері тарифті көтерген жоқ, мұны мен толық сеніммен айта аламын. Ендеше біз келісімдерді тікелей бекітуіміз керек, сонда делдалдар жоғалады", – дейді "ҚТЖ – Жүк тасымалдары" АҚ президенті Оралхан Құлақов.

Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов вагон тапшылығы сақталып отырғанын айтады.

"Жоспарлы көрсеткіштер бойынша қазан айы үшін 634 вагонға жүк артуға өтініш берілген болатын, алайда соның тек 82-сі ғана ұсынылды. Бидай тасымалдау бойынша 528 вагон жетіспей тұр. Жабық вагондар бойынша 915 вагонға қол жеткізе алмадық.  Вагон жетіспеуінің кесірінен ұн өндірушілер өз кәсіпорындарының жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Ал нарыққа дейін өнімін жеткізе алмаған егіншілерге бағаны түсіруге мәжбүр. Сонымен бірге Өзбекстанға вагонмен тасымалдау тарифтері өсуде", –  деді Мұрат Әбенов.

Жүк жеткізушілердің бұл проблемаларын "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бақылауға алып, барлық тараптармен бірлесе шешімін табуға жұмылуда. Осы орайда ҚТЖ мен "Атамекен" КҰП келісімге қол қойып, жұмыс тобын құруды жоспарлауда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу