Каспийде итбалықтар жойылып барады

6355

Сүтқоректілердің тіршілігіне техногендік факторлар кері әсер етуде.

Каспийде итбалықтар жойылып барады

Эколог Бостан Сүлейменовтің сөзінше, теңіздің өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қалдықтармен ластануы итбалықтардың ағзасына хлор органикасы мен ауыр металдарды шоғырландырған. Салдарынан олардың имуннитеті әлсіреп, араларында жұқпалы аурудың таралуына түрткі болған.

"Бұрын Каспийде шамамен 1 миллионнан артық итбалық өмір сүрді. 2005 жылғы санақ бойынша теңізде шамамен 1 млн 100 мың итбалық болған. Бұл көрсеткіш қазір 30%-ға дейін кеміді", – деді ол.

Оның сөзінше, итбалық осындай қарқынмен азая беретін болса, мүлде жойылып кетуі мүмкін.

2008-2018 жылдар аралығында жүргізілген зерттеу қорытындысы итбалықтар Каспийдің солтүстігінде көп болатынын көрсеткен. Бұл жерге жету үшін олар Түркіменстан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді.

"Осы дәлізді бірнеше жыл қатарынан тұрақты пайдаланғанына қарағанда бұл жол итбалықтар үшін өте маңызды. Зерттеу бойынша,  жекелеген итбалықтардың белгілі бір мекендерді, мысалы суы таяз жерлерді мекендейтіні байқалған. Итбалықтардың басым бөлігі қоныс аударады.  Соңғы мәліметке сүйенсек, Каспий теңізінің итбалықтары күніне 18 шақырымнан 58 шақырымға дейін орын ауыстырады", – деді геология-минералогия ғылымдарының кандидаты София Нұрсұлтанова.

Мұз үстінде күшіктейтін итбалықтың азаюына мұзжарғыш кемелердің де кесірі тиіп отыр. Өйткені алып су көліктері мұзды ойып өтіп, күшіктерді мекенсіз қалдырады.

"Каспий теңізінде қайықтарымыз,  кемелеріміз, тікұшағымыз бар.  Қалай болғанда да әуе және су көліктері итбалықтардың дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды. Біз түрлі зерттеу жүргізіп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Жыл сайын итбалықтарға зиян тигізбеу шараларын қарастырамыз. Мүмкіндігінше, итбалықтар көп шоғырланған жерлерді айналып өтуге тырысамыз", – деді "НКОК" компаниясының өкілі Ермек Марабаев.

Айта кетейік, әлемде итбалықтың 22 түрі бар. Оның 18 түрі Солтүстік мұзды мұхит пен Антарктида жағалауын мекендейді. Итбалықтардың түйсік қабілеті өте жоғары дәрежеде дамыған. Олар денесіне қатты соққы тисе, көзінен жас шығарып жылайды, ал жақсы әуенді  тапжылмай тыңдайды.

Халықаралық табиғат қорғау одағының "Қызыл кітабына" итбалықтардың 4 түрі енген.

Ясмин Алматқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу