Қаталаса – қымыран, шөлдесе – шұбат ұсынады

100 түйесі бар отбасы бір ауданның алғысына бөленіп отыр. 

Қаталаса – қымыран, шөлдесе – шұбат ұсынады

Түркістан облысының Отырар ауданында күніне 200 литрге жуық шұбат өндіретін Ахметовтер әулеті тұрады. Олар аймаққа шұбат, қымыран өндіруші ретінде танылған.

Шәуілдір елдімекенінде "Қымыран" атты шұбат-қымыран тарату орталығын ашқан отбасының отағасы, "Ахмет" шаруа қожалығының иесі Жұмағали Ахметовтың айтуынша, бұл жер түйе өсіруге қолайлы аймақ. Шеңгел мен жантақ көп болғандықтан мұнда жылқы емес, түйе өсірген тиімді.

"Түйе өсіріп, шұбат өндіру ісін екі мыңыншы жылы екі түйемен бастадық. Қазір 100 түйеден өнім, халықтан алғыс алып отырмыз", – деді ол.

Әңгімеге тартқан кезімізде өндірілген өнімді сатумен айналысатын әулеттің анасы Гүлсара Айдосова түйе 2 жылда бір боталайтынына назар аударды.  

"Біз түскен табысты түйе санын көбейтуге жұмсап отырдық. Қазір 50 шақты түйені аналық әрі өнім беретін түлік ретінде бағып отырмыз", – деді кейуана.

Өз кезегінде олардың ұлы Нұрсейіт Ахметов күнделікті табыс шұбаттан түсетінін айтты.

"Түйелер күніне 3 рет, қолмен сауылады. Болашақта автоматтандырылған жүйеге көшуді жоспарлап отырмыз", – деді Нұрсейіт Ахметов.

Оның сөзінше, шаруа қожалығының меншігінде 100 гектар жайылым жер бар.

"Қазір жем мен шөптің тапшылығын сезініп отырмыз. Биыл мемлекет қол ұшын бермесе қиналатын сияқтымыз", – деді ол.

Отбасы өкілдерінің айтуынша, ең басты мақсат – "Ахмет" шаруа қожалығының беделіне және  шұбаттың сапасына сын келтірмеу.

"Бізден көтерме бағамен шұбат сатып алатындарды үнемі бақылап отырамыз. Олардың қандай да бір жағымсыз әрекетін білсек немесе үстерінен бізден алып сатқан шұбаттың сапасына қатысты шағым түссе, байланысымызды үземіз. Біз таза, табиғи, қоспасыз шұбат өндіреміз. Су қосу деген болған емес. Жанымызға орналасқан бірқатар дәмханалар мен  тойханалар шұбатты бізден алады. Өткенде бір дәмхананың бізден алған қымыранға су қосып сатқаны анықталды. Қазір оларға есігімізді ашпаймыз", – деп табысқа жетудің сырымен бөлісті Гүлсара Айдосова.

Жергілікті халық Ахметовтер әулеті өндіретін шұбатты ауыздарының суы құрып мақтайды. Әр литрін 350 теңгеден сатып алып жүрген адамдар дүкенде 800 теңгеден сатылатын шұбат табиғи шұбатпен мүлде салыстыруға келмейтінін айтады.

Өткен жылдың 11 айында Отырарда 400 мың тонна шұбат өндірілді. Бұл көрсеткішке Ахметовтар отбасы жұмылып жүріп үлес қосты. Мұны олар мақтан тұтады.

Ерболат Мамырайхан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу