Қаусаған қабырға, шайқалған шаңырақ

Қажет Андас Қажет Андас
4426

Қапалдағы тарихи үйлер күйреп, қирандыға айналып жатыр.

Қаусаған қабырға, шайқалған шаңырақ

Қапал өңірі бір кезде хандардың құтты мекені болса, кейін байлардың қонысы болды. Бұл жердің табиғи, рухани, мәдени құндылығына қызыққан Ресей патшасы Қапалды уездік орталық етіп бекітеді. Сонымен Қапал қаласының іргесі көтеріліп, жан-жақтан ағылған байлар өздерінің арман-мұратын осы өңірде жүзеге асыра бастады. Бүгінде Қапал қаласының орны мен қоршап жатқан таулардың әр сілемі тарихтың сан түрлі құпиясын бүгіп жатыр.

"Қапал ауылы ең алғаш уез орталығы болғанда жан-жақтан ағылған бай-манаптар, көпестер бірімен бірі жарыса сәулеті мен салтанаты жарасқан үйлер салып, ғимараттар тұрғызып, өлкенің келбетін асыра түсті. Кезінде сол үйлерді Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында тамсама жазды. Қашқария сапарында Қапалдағы ақын Сараның музейі орналасқан үйде бірнеше күн болып, осы өңірдің игі-жақсыларымен сұхбаттасып, алдағы сапарына дайындалғанын бүгінде біреу білсе біреу білмейді", – деп тарихтан сыр шертті І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, география ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов.

Шоқан Шыңғысұлы осы үйдің ауласына үш түп ағаш егіп кеткен екен. Сол ағаш бүгінде жапырақ жайып, мәуелеп өсіп тұрған көрінеді.

"Мұндай ағаш бұл маңда өспейді. Шоқан бабамыздың көзіндей көріп, аялап, көз қарашығымыздай қорғап, кешегі тарихтың тамырындай мәпелеп келеміз", – дейді ауыл әкімі Нұрбол Ерекенов.

"Сол тұста Қапалда көркемдігі жағынан бір-бірімен сәулеті жарасқан, іргесі ағаштан қаланып, түрлі өрнекпен безендірілген 494 ағаш үй болған екен. Кейін патша өкіметі құлағаннан кейін кеңестік билік оның 124 үйін Алматы қаласына, тағы бір бөлігін Семей, басқа да қалаларға тасып әкетеді. Алматыдағы Сүйінбай даңғылының бойындағы көне ағаш үйлер міне, осы Қапалдан бұзып апарып, қайта тұрғызылған үйлер", – дейді ауыл ақсақалы Уәлибек Мұратбеков.

Қазір солардың қатарынан Жібек жолы көшесіндегі ноғай мешітінің ғимараты, Тәнеке батыр көшесіндегі құрылыс материалдарын Семейден тасып салдырған татар мешітінің ғимараты және Батима Ғабитова атындағы мұражай ашылған үй, Бигелдиев көшесіндегі Шаяхмет байдың үйі ғана сақталып тұр. Олардың да қаңқасы тұр демесең, қаусап тұрған түрін көріп, жаның ашиды. 

Бұл үйлердің біразын елжанды азаматтар кейінге дейін өз қаржысымен абаттандырып, жұрттың тарихи, мәдени байлығына айналдыру мақсатында пайдаланып келген. Бірақ үкіметтен немесе жергілікті биліктен ешқандай қолдау болмаған соң, жеке қаржысымен қолға алған мақсатын ары қарай жалғастыра алмай қалжырап, ақыры тастап кетуге мәжбүр болған.

"2002 жылы Тәнеке батыр көшесіндегі екіқабатты тарихи үйді меншікке алып, жеке кітапхана ашып, бір бұрышынан қазақтың үш алыбына жар болған Батима Ғабитова анамыздың атындағы мұражайға арнадым. Басында бәрі жақсы болды. Ол кезде жұмысым да жақсы, қаржымда жеткілікті болатын. Ғимаратты жылыту, күні бойы келушілерді қабылдау, жәдігерлерді қорғау, ауланы абаттандыру, ғимаратты жөндеу, тағы да басқа жұмыстарға аз ақша кетпейтін. Бірақ жергілікті биліктен ешқандай көмек болмағандықтан мұражайды ұстап тұру оңай болмады. Оны сақтап қалу үшін қақпаған есігім, жолықпаған адамым қалмады. Бәрі уәде береді, бірі де орындамайды. 2008 жылы кітапхананы жабуға тұра келді. Мұражайдағы жәдігерлерді "Қапал арасаны" шипажайынан бір бөлме үй жалдап, сонда көшірдім. Ол жерде ұзақ қоныс болмады. Ары бері тасып жүріп, жәдігердің біразынан айырылып та қалдым. Қазір жеке кәсіпкердің қолына өткен сол үй қаңырап бос тұр", – деп мұң шақты Елтай Сәдуақасов ақсақал.

Бұл үйді Мишаев деген орыс саудагері салдырған екен. Сыртқы қасбеті ағашпен қапталып, ою-өрнекпен айшықталған 150 жылдан астам тарихы бар  үйдің сұрқы кеткен бейнесі жүрек сыздатады. Едендері тозып, қабырғасы көшкен. Үй ішінде көтеріп әкетуге қолайсыз темір пеш пен ХІХ ғасырда жасалған көне күй сандық пен бүлінген басқа да жәдігерлердің  қалдықтары шашылып жатыр. Ал жертөле жазды күні оқыралаған ірі қара мен көлеңке іздеген қой-ешкінің тұрағына айналса, қысты күні көшеден өтіп бара жатқандар сари салатын әжетхана болып қалған. Ең қызығы жыл он екі ай келушілердің аяғы үзілмейтін Тамшыбұлақ бастауының іргесінде тұрған қос қабатты көне ғимараттың жағдайы одан да мүшкіл. Оның шаңырағы ойылып, ортасына түскен. Үлкендер ұнатпаған адамын: "Шаңырағың ортасына түссін", – деп қарғап жатушы еді. Бұл үйдің осындай халге түсетін жөні жоқ қой. Оны қойшы "Рухани жаңғыру" аясында алажаздай Тамшыбұлаққа келіп-кететіндер аттам жердегі бір ғасыр бойы Қапал өңірінің рухани орталығы болған осы үйге қадам баспақ түгіл, қараған жа жоқ.

Дүркіреп тұрған тұсында Қапалда үш мешіт үйі болған екен. Бүгінде жұрт мақтан ететін Жаркент мешітінен тарихы ұзақ сол нысандардың да халі мүшкіл.

"Қапалға 1954 жылы қала деген мәртебе берілген соң жан-жақтан келген байлар мешіт сала бастайды. Олардың қалай салынғаны, кімдердің салғаны туралы архивте дерек жетерлік. Ең алғаш 1856 жылы татар көпестерінің біріккен қаражатымен татар мешітін тұрғызады. Кейін оны татар көпесі Шаяхмет бай Әпсаттаров меншігіне алып, қасынан "Яковия" татар қыздар медресесі салынады. Өкінішке орай, татар көпестері бұл мешітке қазақ, сарт, ноғайларды жолатпайды. Осыдан кейін ноғайлар 1860-жылдары  Ғалиақпар қажы Сәйфулмүліков-Сейітовтың бастауымен ноғай байлары жиналып, Петрбургқа хат жазып, ауылдан мешіт салуға рұхсат сұрайды. Оған Петрбургтағы ноғайлар көмектесіп жүріп, Ғалиакпар қажы тұрған үйдің орнынан мешіт тұрғызуға рұхсат алып, ноғай мешіті Ғалиақпар қажы Сәйфулмүліков-Сейітовтың қаржысымен бой көтереді. Осы мешіт салынып жатқан кезде Семейдегі уақ-керейден шыққан, өз кезінде елубасы, старшын болған Тыныбай қажы Қойкенов деген адам Маман Тұрысбектің ауылына қонаққа келген сапарында мешітті көруге арнайы келеді де көмек ретінде бір бума қағаз ақша береді. Қазір осы деректі шатастырып жүргендер бар. Мешіт салынған соң оның бірінші имамы Ғалиақпар қажы Сәйфулмүліков-Сейітовтың үлкен ұлы Махаметжан болады. Осыдан кейін сарт, тараншы, қазақтар бірігіп сарт мешітін тұрғызады. Мешіттің алдында су алатын құдық болған. Оны бұрынғылар "Абданның құдығы" деп атайтын", – деп таихты түгендеп берді Қапал ауылының тұрғыны Доскелді Қожатайұлы.

Клуб қазір жеке кәсіпкердің қолына өтіп, ауылдың тойханасы болып қызмет етіп жатыр. Ағаш үйдің сырты сыланып, іші бұрынғыша сақталған. Татар мешіті таланып бітсе, ноғай мешіті тозып тұр. Сарт мешітін 1927 жылы қызылдар өртеп жіберген.

"Әрине бұл үйлерді кімнің салдырғаны маңызды емес. Бастысы, Қапал өңірінің бір жарым ғасырдан бұрынғы мәдениеті мен руханиятынан сыр шертетін дүние көз алдымызда күйреп бара жатыр. Енді оларды ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар көмектесіп, қайта қалпына келтіретін шығар деген үмітпен отырмыз", –  деп мұң шағады ауыл ақсақалдары.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу