Кавказ бен Орталық Азия: бес сауалға жауап

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) екі аймақтағы өндіріс өсімі 2017 жылмен салыстырғанда күштірек екенін жариялады.

18 Мамыр 2018 10:01 Автор: Арыстан Рысбек
Кавказ бен Орталық Азия: бес сауалға жауап, Кавказ, Орталық Азия, ХВҚ, экономикалық өсім

Халықаралық валюта қорының мамырдың 14-де жариялаған болжамына қарағанда, биыл Кавказ бен Орталық Азия елдерінде экономикалық өсім былтырғы жылмен салыстырғанда күштірек болады. Бірақ, қарқынды даму байқалмайды. Осыған байланысты ХВҚ бес сауалға жауап іздеген. Олардың мәні төмендегідей:

2017 жылы Кавказ бен Орталық Азия елдерінде өсімге себеп болған қандай факторлар
Әзербайжанда экономикаға мемлекеттік инвестиция молырақ салынды, Қазақстанда мұнай өндірісі артты, ал әлемде 2017 жылдың екінші жартысында энергетикалық шикізат бағасы айтарлықтай жоғарылады. Сондықтан, бұл екі мемлекетте өндірістің даму көрсеткіштері болжамдағыдан жоғары болып отыр. Және де бұл жағдайлар Кавказ бен Орталық Азияда мұнай экспортын 4 пайызға жуық көтеруге жәрдемдесті.

Сонымен қатар, мұнай импорттаушылардың қатары болжамдағы көрсеткіштерден асып, 5,9 пайызға жетті. Екі аймақтағы барлық елдер көлемі арта түскен аударылған ақшадан да пайда көріп, сыртқы сұраныстың қатты өсуінен Грузия мен Тәжікстан экономикалары қарқын алды. Пайыздық мөлшерлеменің төмендеуінен және ауылшаруашылығы секторының қалпына келуінен Арменияның жалпы ішкі өнімі 7,5 пайызға дейін өскен.

Жалпы алғанда, қазіргі саясатты, дамудың баяулауын ескерсек, бұл аймақтардағы өсім 2018 жылы 3,7, ал 2019 жылы 3,9 пайызға дейін ғана көтеріледі деген болжам бар.

Кавказ бен Орталық Азия аймақтарында өсім неліктен баяуламақ
Халықаралық валюта қоры мамандарының пікірінше, 2017 жылы бұл аймақтарда экономиканы алға сүйреген және оның даму көрсеткіштерін болжамдағыдан жоғары еткен факторлар уақытша сипатқа ие. Мысалы, ХВҚ-ның пайымдауынша, Қазақстанның мұнай өндірісінен алған қарқыны баяулайды және несие өсімінің осалдығынан Қазақстанның мұнайдан тыс секторларындағы белсенділік қарыштап емес, біртіндеп қана күшеймек. Сонымен қатар, біздің елде мұнай импортерлерінен келген қаражат көлемі артқанымен, шетелден аударылған ақша мөлшері азаймақ.

Кавказ бен Орталық Азияны күтіп тұрған негізгі проблемалар қандай
Халықаралық валюта қорының өзге бір болжамына жүгінсек, егер ортамерзімдік өсім болжамдары жүзеге асатын болса, екі аймақтың даму көрсеткіштері бәрібір 2000-2010 жылдар аралығындағы өсім көрсеткіштерінің жартысына да жетпейді. Демек, бұл өңірлерде экономикалық даму баяу болып, қарқыны жағынан ол дамушы нарықтардың да соңында қалмақ.

Сонымен қатар, екі аймақта қарыз мөлшері жеті жыл бұрынғыдан үш есе жоғары болғандықтан, мемлекеттік шығындар шектеліп, экономиканың өсімі арта алмайды. Және де осы аймақтардың кейбір елдеріндегі нашар банктер несиелеу мүмкіндігі аз болғандықтан, экономикада жекеменшік инвестицияның көбеюіне үлес қоса алмайды.

ХВҚ-ның ойынша, мұнайға, газға, кен орындарына, шетелден аударылған ақшаға, құрылысқа, мемлекеттік шығындарға негізделген қазіргі өсім моделі тұрақты дамуды көздейтін экономикалық көзқараспен бірте-бірте үйлесім таппай барады.

Алға жылжи отырып, Кавказ бен Орталық Азия аймағы қандай саясатты ту етіп ұстауы керек
Әлемнің басты қаржы ұйымының мәлімдеуінше, Кавказ бен Орталық Азия аймағы мықты жекеменшік секторға сүйенетін экономикалық өсім моделіне көшу процесін жеделдеткені абзал. Ол үшін бірқатар елдердегі банк жүйесін ретке келтіру керек, ал тағы бір мемлекеттерде бизнестік климатты жақсарту қажет болады.

Сонымен қатар, ХВҚ-ның болжамынша, бұл аймақтар өзінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуды әрі қарай жалғастырып, ортамерзімдік өсімді қамтамасыз етуге қауқарлы болғаны жөн. Оған қарызды көбейтпей-ақ, әлеуметтік шығындарды қаржыландыруға көмектесу мақсатында кірісті арттыру шаралары кіреді.

Халықаралық валюта қорының ойынша, Кавказ бен Орталық Азия елдері ғаламдық және аймақтық интеграция мен ашықтық жолында жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, соңғы онжылдықтарда бұл аймақтарда өзара сауда айтарлықтай құлдырап, әлемдік нарыққа мұнайдан тыс тауарларды экспорттау деңгейі дамушы елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмендеп кеткен. Ал, кеңірек интеграция Кавказ бен Орталық Азияға дүниежүзілік экономиканың күшеюінен туындаған мүмкіндіктердің игілігін көруге жол ашар еді. 

Кавказ бен Орталық Азия аймағындағы елдер тәуекелдер алдындағы күшін нығайту үшін не істей алады
ХВҚ-ның баяндамасында көрсетілгендей, бұл аймақ елдері босаңсымауы керек. Ғалам экономикасының көрсеткіштері қазір көңілге қонымды. Бірақ, қажетті реформалар тоқтамағаны жөн. Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттері әлемдік дамуды құрылымдық реформаларды жеделдетуге пайдаланып, алдағы бірнеше айдың немесе бірнеше жылдың жүзінде қаржылық тұрақсыздықтар алдындағы күшін нығайтып алуға тиіс.

Баяндамада кейбір елдердің қорғанысты қалай күшейтіп жатқаны туралы көңілге үміт ұялататын мысалдар келтірілген. Мәселен, Грузия қаржылық тәуекелдер туралы кеңейтілген мәлімдеме жариялады. Онда мемлекет пен жеке сектор арасындағы серіктес қатынастар, электр қуатын сатып алу туралы келісімдер, мемлекеттік кәсіпорындармен байланыстағы шартты міндеттемелер жайы қамтылған. Сонымен қатар, Армения да халықаралық тәжірибеге сәйкес мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы заң қабылдап, қаржы министрлігінің қаржылық тәуекелдерді бағалау бөлімінің рөлін күшейтіп, позитивтік қадамға баруда.

Халықаралық валюта қоры осы баяндамасы арқылы мынадай үміт білдіріп отыр: ғаламдық экономика өсіп жатқанда, Кавказ бен Орталық Азия аймағы сол өсімді сырттан аударылған ақшаға, шикізатқа, мемлекеттік шығындарға сүйенетін экономикалық модельден кетуге және әртараптандырылған жекеменшік секторды дамыту жолындағы реформаларды жүзеге асыруға пайдалана алады.

Арыстан Рысбек