Қазағы жоқ құрама Кореядан тұңғыш рет ұтылды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2019

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Киевте өтіп жатқан әлем чемпионатында "тарихи" жеңіліске ұшырады.

Қазағы жоқ құрама Кореядан тұңғыш рет ұтылды

Ұлттық құраманы Канада және АҚШ хокккейшілерімен күшейттік

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлтық құрамасы биыл әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы "А" тобында бақ сынайды. Мұны деңгейі жағынан бүкіләлемдік біріншіліктің екінші "лигасы" деп түсінген жөн. Былтыр біздің құрама жоғарғы дивизионнан түсіп қалған.

Биыл 1-дивизиондағы "А" тобының командалары Киевте додаға түсіп жатыр. Алты құрама екі жолдамаға таласады. Бірінші және екінші орын алғандары келесі жылы кіл мықтылар арасында өнер көрсетеді.

Қазақстан ұлттық құрамасына осы екі жолдаманың біріне қол жеткізу аса қиын болмаса керек еді. Себебі біздің хоккейшілердің деңгейі осы топтағы басқа елдердің ойыншыларымен салыстырғанда біршама жоғары. Оның үстіне Қазақстан азаматтық берген солтүстікамерикалық хоккейшілеріміздің саны жыл сайын артып келеді.

Әуелі Қазақстан ұлттық құрамасы жейдесін Канада қорғаушысы Кевин Даллмэн киген. Одан кейін оған Найджел Доус (Канада), Брэндон Боченски (АҚШ) және Дастин Бойд (Канада) үшеуі қосылды. Биыл Канада шабуылшысы Мартен Сен-Пьер де біздің елдің намысын қорғап жүр.

Сонда бірінші бестігіміз Солтүстік Американың хас шеберлерінен құралған. Бірнеше жыл бірге ойнап, бір-бірін жақсы түсініп алған. "Барыс" хоккей клубын алға сүйреп жүрген – осылар. Бұлар ұлттық құраманы да жоғары жетістіктер мен жарқын жеңістерге жетелейді деп кәміл сенгенбіз...

Құрама сапында бір қазақ жоқ

Ең өкініштісі, құрама сапында бірде-бір қазақ жоқ. Соңғы жылдары мұндай мүлде болмаған-ды. Жоқ дегенде, бір қазақ жігіті ойнайтын. Досжан Есіркенов, Талғат Жайлауов, Данияр Қайыров сынды хоккейшілерімізді көріп, мәз болатын жанкүйерлер көп еді...    

Ал биыл Занковецтер мен Корешковтар бастайтын Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері мен басшылары ешкімді алмаған. Бұлай дейтін себебіміз Эдуард Занковец – бас жаттықтырушы, оның ұлы Владислав – құрама жаттықтырушысы. Ал ағайынды Корешковтардың Александры – бас менеджер де, оның інісі Евгений – бас бапкердің көмекшісі. Мұндайда экономикадағы "отбасылық мердігерлік" деген ұғым еріксіз тілге оралады екен...

Негізі құрама сапында ойнауға лайық жігіттеріміз бар сияқты еді. Атап айтқанда Данияр Ибрайбеков, Әлихан Әсетов, Талғат Жайлауов, Нұрсұлтан Белгібаев және т.б. Өкінішке қарай, бұлардың бірде-біреуі ұлтық құрама сапына алынбады.

Есесіне экс-ресейліктер аз емес. Қорғаушылар Дмитрий Степанов, Вячеслав Трясунов және Артемий Лакиза, шабуылшылар Иван Кучин мен Владимир Маркелов қазір біздің елдің намысын қорғап, Киевтегі құрама сапында ойнап жүр.

Ал Евгений Рымарев, Константин Савенков, Александр Шин, Михаил Рахманов, Леонид Метальников, Семён Кошелев, Юрий Сергиенко сынды дарынды хоккейшілеріміз ұлттық құрама сапында жоқ...   

Ұлттық құрама Кореядан оңбай ұтылды

Қазақстан ұлттық құрамасы Киевте өтіп жатқан әлем чемпионатында сенім үдесінен шыға алар емес. Бірінші ойында Австрия хоккейшілерін әупіріммен, әзер ұтты. Есеп – 3:2. Бас бапкер Эдуард Занковец "бірінші ойын қашанда ауыр болады",- деп жұбатқан болды.

Ал бұрнағы күні Корея құрамасынан 2:5 есебімен ұтылып қалды. Бұл елдің хоккейшілерін бұрындары біздің жігіттер екі таңбалы санмен ұтып жүретін. 1999 жылы Азия ойындарында 12:1 есебімен, ал 2002 жылы әлем чемпионатында (1-дивизион) 10:0 есебімен күйрете жеңген.

Осыған дейін екі елдің хоккейшілері 10 рет кездесіп, бәрінде де біздің құрама жеңіске жеткен болатын. Шайба айырмасы 77:9 еді. Ал осы жолы ... Иә, осы жолы Эдуард Занковец бастаған Қазақстан ұлттық құрамасы бұған дейін мұзайдындағы жігіттерімізге төтеп бере алмай жүрген командадан ұтылып қалды.

Алысқа бармай-ақ қояйық, биыл қыста Саппорода VІІІ Азия ойындары өтті. Сонда 22 ақпан күні Қазақстан құрамасы Корея хоккейшілерін 4:0 есебімен ұтты. Бір қызығы, екі голды Әсетов пен Савенков соқты. Аталған матчта да біздің қақпаны Виталий Колесник қорғап, кәрістердің 29 соққысын тойтарған еді.   

Корея құрамасының бас бапкері Джим Пак кеше қазақстандық журналистерге Киевке де сол Саппородағы құрамын әкелгенін айтыпты. Тек бір-екі ойыншысын ғана ауыстырған. Ал Қазақстан құрамасы небәрі екі айдан кейін осы командадан ұтылып отыр. Солтүстік Америкадан алған "жұлдыздарымызбен" қоса.

Сонда екі айдың ішінде не өзгерді, не болды? Айырмашылығы, Ақ Азиадаға барған құрамамызды өз маманымыз Сергей Старыгин жаттықтырған болатын. Негізінен Қазақстан чемпионатындағы ойыншыларға сенім артты.  "Барыстың" жұлдыздары болған жоқ еді.

Бұл жерде мәселе бас бапкерде сияқты. Құрлықтық хоккей лигасында "Барысты" плей-офф додасына алып шыққан Эдуард Занковец ұлттық құраманы дұрыстап жасақтай алмаған сияқты. Түсініксіз, ең үздік хоккейшілерімізді емес, өзіне ұнайтындарды жинап алған ба? Әлде спорттық баптарына келтіріп, дайындай алмаған ба?

Алда әлі үш ойын бар. Біздің құрама сәрсенбі күні Украина, ал 28 сәуірде Венгрия хоккейшілерімен кездеседі. Енді, тек әліптің артын тосайық. Осы матчтарда бас бапкердің біліктілігі мен ұлттық құраманың шама-шарқын анық білетін боламыз.

Маруан Түсіп

Екі күннен кейінгі дода кестесі

Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Киев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу