Қазақ астығының сапасына қытай тарапының талабы жоғары

Алдағы уақытта Қытайға экспортталатын бидай жарты миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін.

05 Маусым 2018 11:18 Автор: Данияр Сериков
Қазақ астығының сапасына қытай тарапының талабы жоғары,  бидай, астық, АӨК, АШМ , Қытай, экспорт , ҚҚАИКҚ

Қытайға экспортталатын қазақстандық бидай жарты миллион тоннаға дейін өсуі мүмкін. Мұндай пікірді Астанада Қазақстан-Қытай азық-түлік индустриясы кәсіпкерлері қауымдастығы (ҚҚАИКҚ) ұйымдастырған дөңгелек үстел сыртында болған әңгімеде COFCO International Kazakhstan бас директоры Шыңғыс Отарбаев айтты.

«Қазақстан бидайын экспорттауға қатысты еш кедергі жоқ. Ең бастысы, түпкілікті тұтынушы, қытайлық ұн тартушыларды біздің өнімге үйрету керек, өйткені оның америкалық немесе канадалық бәсекеге қабілетті жоғары протейнді бидайдан айырмашылығы бар. Дегенмен динамика сонда да жағымды. Қытайға осыдан 10 жыл бұрын 10 мың тонна экспорттаудан бастаған болатынбыз. Он жыл өтті, қазір 300 мың тоннадан (2017 жылы-Ред.) артық бидай тиеп отырмыз. Себебі динамиканың бар екенін көріп отырмыз. Миллион тонна – бұл, әрине, алға қойған мақсат, соны орындауға ұмтылатынымыз анық. Бірақ та алдағы уақытта 500 мың тоннаға қол жеткізуге болады деп ойлаймын», – деп атап кетті қытайлық азық-түлік корпорациясының қазақстандық бөлімшесінің өкілі.

Еске сала кетер болсақ, жақында АШМ басшылығы Қытайдың мемлекеттік азық-түлік басқармасы басшысының орынбасары Цзэн Лиинге ҚХР-ге импортталатын қазақстандық астықтың квотасын 2019 жылы 500 мың тоннаға, 2020 жылы 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуды өтінген болатын.

Сонымен қатар қазақстандық тарап квоталарды ҚХР-дың ішкі астық нарығындағы басқа да ойыншылары арасында (сірә, Қытайдың COFCO азық-түлік корпорациясынан басқалары – Ред.) бөлуді ұсынған еді. Бұған дейін наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжан Ханьхуэй журналистермен болған кездесуде COFCO өкілдерінен қазақстандық бидай импортына арналған квотаны жарты миллион тоннаға дейін ұлғайтуды сұрағанын айтқан болатын. COFCO Қытайға жеткізілетін астыққа арналған квоталардың 90%-дан астамын қадағалайтыны белгілі.

«Қазір квота 100 мың тоннаны құрайды. Бұл Қазақстанға бөлінген арнайы квота екенін атап кеткім келді. Әлемнің басқа ешбір елінде, АҚШ-та да, Канадада да, тіпті Аустралияда да мұндай квота жоқ. Бұл Қазақстан мен Қытай үкіметінің уағдаластығы бойынша арнайы жасалған квота. Біз, COFCO Kazakhstan өкілі ретінде, әрине, тек Қазақстанға ғана бөлінетін арнайы квотаны ұлғайту үшін барлық күшті саламыз. Жақын арада жоқ дегенде 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуға тырысамыз. Қазақстан бастапқы квотадан бөлінген арнайы квотаны арттыра отырып экспорттай алатынын айта кеткен жөн», – деп нақтылады Шыңғыс Отарбаев.

Қазақстандық COFCO өкілінің мәліметі бойынша, осы жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Достық-Алашанькоу шекарасы арқылы Қытайға 70 мың тонна жоғары протейнді бидай экспорттаған. Ең басты экспорттаушылар COFCO Kazakhstan, Азық-түлік корпорациясы және америкалық Cargill компаниясымен еншілес «ДЭН» БК болған.

«Динамика қытайлық ұн тартушылар қазақстандық бидайды пайдалануға үйреніп келе жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстандық бидай Қытай нарығында өз орнын таба бастады, сондықтан Қытайға бидайды импорттау өседі деп отырмыз. Сонымен қатар басқа да позицияларды ашу үшін фитосанитарлық рұсқаттарды мақұлдауға тырысып жатырмыз. Мақсарыға қатысты мәселелер болған еді, алайда биыл жағдай жақсарды деуге болады. Былтырғы жылдың қыркүйегінде Қытайдың фитосанитарлық қызметімен арада мәселелер туындап, вагондарымыз Қорғаста 45 күнге дейін тұрып қалған. Алайда қазір бұл мәселе реттелді. Бүгінгі күні келісілген қазақстандық бидайды Қытайға экспорттауға қатысты ешқандай қиындық көріп отырғанымыз жоқ», – деді  Шыңғыс Отарбаев.

COFCO Kazakhstan өкілі ауа райының қолайсыздығына байланысты егінді кеш салғандықтан, күзге қарай жоғары сапалы бидайдың бағасы көтеріліп кету мүмкін деп болжап отыр.

«Егін салған кезде ауа райы қолайсыз болды. Егер жаз жайлы  болса, онда біздің егін пісіп үлгереді де, сапасына қатысты проблема туындамайды. Бірақ та қалай дегенмен, егінді қыркүйекте жинауымыз мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан біздің күтіп отырған жоғары протейнді бидай болмайды деп ойлаймыз. COFCO компаниясы болғандықтан, біз жоғары протейнді бидай бағасын өсіруді ұсынамыз. Өйткені сұраныстың болатынын көріп отырмыз. Сұраныс болатындықтан, ұсыныс көп болмайды, сұраныс ұсыныстан басым болады, демек баға да көтеріледі»,– деп болжам жасап отыр COFCO өкілі.

Квотадан бөлек түйіткіл
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық квотаны 1 млн тоннаға дейін арттыру туралы мәселесге Қытайдың ұлттық астық әкімшілігі басқармасы төрағасының орынбасары Цзэн Лиин де тоқталып кетті.

«Қытайдың квотаны бөлу саясатында нақты бір елге басымдық беру жоқ. Біз бидаймен қатар ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерінің сапасы мен бағасына қараймыз. Егер қазақстандық бидайдың сапасы жоғары болып, бағасы бәсекегеқабілетті болса, онда қытайлық компаниялар мен кәсіпорындар нақ осы бидайды сатып алуға қызығушылық танытары анық. Ал бір миллион тонна квотаға келер болсақ, мұндай бағыттың бар екені рас. Қазақстанмен достық қарым-қатынаста болғандықтан, қазақстандық тараптың мүддесін қолдауға тырысамыз. Сондықтан осы бағытты дамытып жатырмыз», – деді Цзэн Лиин шара барысында abctv.kz сауалына жауап бергенде.

Бұл ретте, ол қазақстандық бидайды ресми берілген квотаның сыртында да жеткізуге болатынын айтты.

«Қазақстандық бидайдың сапасы жоғары екенін білемін. Квотамен қатар, бұл өнімді сатып алуды да арттыра аламыз деп ойлаймын. Мысалы, «Айцзю» корпорациясы ешқандай квотаны қолданбайды, бірақ осы квотаның сыртында Қытайға жүздеген тонна қазақстандық бидай сатты. Сол себепті екі жақ бірін-бірі жақсы танып білгеннен кейін, Қытайға қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін сату процесі тек артатын болады деп есептеймін», – деді қытайлық азық-түлік корпорациясының басшысы.

«Солтүстік астық» компаниясы тобының құрылтайшысы Евгений Карабанов наурыз айының соңында abctv.kz -пен болған әңгімеде квотаның сыртында Қытайға импортталатын сапасы жоғары бидайға салынатын салық 60%-дан асып кететінін айтқан болатын.

«Біз Қытайға экспортталатын квотаға жатпайтын, жоғары баж салығымен жөнелтілетін бидай баға жағынан бәсекегеқабілетті болмай, қиындыққа тап болып жатқанын көріп отырмыз. Бұл мәселе Қытайға астық саудалаумен айналысатындар үшін маңызды. Сондықтан мәселе шекарадағы баға белгілеумен тікелей байланысты. Қытайлық сатып алушылар біздің сатушылармен, ауылшаруашылық өндірушілермен келісімшарт жасап, квота ала алмағандықтан, келісімшарттарынан бас тартып жатқан жағдайлар көп болды. Өйткені олардың квотаның сыртындағы бағамен сатып алуға мүмкіндіктері жоқ», – деп жалғастырды Қазақстан-Қытай азық-түлік индустриясы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті Кемелхан Әбілеков.

Астық тасымалдаудағы қиындық
COFCO International-дың Қара теңіз жағалауы бойынша өкілі Суна Даляняның айтуынша, қазақстандық бидайды Қытайға экспорттауды арттырудағы басты фактор – логистика.

«Біз әдетте астықты сатып алып, экспортқа келісімшарт жасап, жеткізуге кірісіп кетеміз. Бірақ келісімшартты орындау үшін темір жол вагондарына тапсырыс жасау керек. Климат жағдайына байланысты немесе вагондардың жетіспеуінен кейде көлік жоспары баяу немесе уақытында бектілмейді. Тіпті кейде вагондарға берілген тапсырыс бекітілсе де, вагондар жетпей жатады. Ақыр соңында тауар бар болғанмен, тек көлік жетіспегендіктен, жеткізілмей жатады. Өткен жылы қыстың соңында бізде осындай проблема болды, сол кезде біз бірлесіп, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне және Қазақстан ауылшаруашылық министрлігіне өтініш жасап, «ҚТЖ»-мен бірлесіп жұмыс жасадық. Қазақстанның аталған мемлекеттік органдары бізге көп көмек жасады. Олар бірлескен комитет құрып, вагондардың дер кезінде тиелуін қадағалап отырды. Жыл соңына дейін орындап шықтық. Егер орындай алмағанда, онда қазақстандық бидай жаман атқа ие болар еді. Бидай сапасы жоғары болғанмен де уақытында жеткізілмеген болса, онда алдағы уақытта тапсырыс бергенде олар осы факторды ескеретін болады», – деді.

Осылайша, егер қытайлық тұтынушылар қазақстандық бидайды уақытында ала алмайтын болса, онда келешекте олар логистика факторын ескеріп, өз өндірістерін тоқтаусыз жұмыс істету үшін шикізатты басқа жерден сатып алатын болады, деп нақтылады Суна Далянь.

«Егер жеткізілім санын арттырғымыз келсе, онда шекарадағы өткізу тиімділігіне мән беру керек. Алашанькоу мен Достықта инфрақұрылымға шектеу қойылғандықтан, өткізу бекетіндегі өткізу қабілетіне де шектеу қойылған. Егер қателеспесем, өткізу-қабылдаудан бір айда тек 20 мың тонна ғана өте алады. Бұл аз. Алдағы уақытта Қазақстаннан агроөнімді импорттау санын арттырамыз деген жоспар бар. Бірақ қазіргі өткізу қуаты бұған да әсер ететін болады. Қалауымыз бен факті үйлесімді болуға тиіс. Инфрақұрылым мен логистиканы дамыту, көлікке кепілдік беру – мұның барлығы маңызды», – деп атап кетті ол abctv.kz.-пен болған әңгімеде.

«Қазақстан темір жолшысы» газетінің сәуір айындағы ақпаратына сүйенсек, COFCO-ның Қазақстанның астығын тасымалдау көлемі 2017 жылы 68 мың тоннаға жеткен. Жыл басынан бастап сәуірге дейінгі аралықта Қытайға экспортталған астық 48 мың тонна болған. Ал жоспарланғаны – 100 мың тонна.

Далянның айтуынша, COFCO қазақстандық жеткізушілерден астықты қытайлық сатып алушыларға Қорғас арқылы тасымалдау логистика жағынан тиімсіз әрі қымбатқа түседі. Сондай-ақ ол Қытайға астық қаппен жеткізіліп жатқанын нақтылап кетті.

«Сусымалы күйінде тапсырып-қабылдау үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Ол үшін астық вагондарының алдынан есік ашылып, барлығын жүйеге қотара салатын терминал салу керек. Содан кейін оны қытайлық астық вагондарына аудару қажет. Өйткені жолдардың табаны әртүрлі, сондықтан астық тасымалдайтын вагондар шекарадан өте алмайды. Бұл фактор қытайлық сатып алушылар тарапынан да туындап отыр. Себебі кез келген сатып алушы астық вагондарын қабылдай алмайды. Сол үшін астық тасымалдайтындар үшін жетілдірілген жүйе керек. Ол жерге астық қоймасы, басқа да технологиялар қажет. Өкінішке орай, бүгінгі күні бидай көп жағдайда қаппен жеткізіліп жатыр. Контейнерларге тиеліп жеткізілген жағдайлар болды. Бірақ логистикаға шығын көп кететіндіктен, ол тиімсіз», – деп түсіндірді COFCO өкілі.

Сондай-ақ логистиканың арзандығын ескерген корпорация, Қытай бағытынан кері қарай бос қайтатын контейнерлерден пайда тапқысы келеді.

«Бұл оңай емес. Қиындығы контейнерлерге тиеуде болып тұр. Ол үшін тауардың бүлінбей жетуі үшін арнайы технологиялар қажет. Ал төгіп тиеу үшін жаңа машиналар мен технологиялар керек. Тағы бір ескеретін жайт – астықтың салмағы ауыр, оны тасымалдау үшін міндетті түрде контейнердің моделін таңдау қажет. Әдетте 20 фунттық, кішкентай контейнерлер талап етіледі, олар ауыр тауарларды тасымалдауға арналған. Ал қазір бос кетіп жатқан контейнерлердің көбісі 40 фунттық. Олар көбінесе, технологияларды, машиналарды тасымалдауға арналған, олар астық тасымалдауға жарамайды. Егер 40 фунттық контейнерді толығымен толтыратын болсақ, оны кран көтере алмайды. Ал егер екіге бөліп, аз тиейтін болсақ, онда логистика көтеріліп кетеді (бағасы-Ред). Сонымен қатар қалай қабылдап алатындығы да мәселе. Қытайлық сатып алушының барлығында өзінің фабрикасында қабылдай алатындай  технология жоқ. Сондықтан бұл жерде толықтай жүйе ойластырылуы қажет», – деп түсіндірді.

Қосақтаулы экспорт
Дөңгелек үстел барысында сөз алған ҚҚАИКҚ бас хатшысы Чжан Синьже екі ел арасындағы ынтымақтастық жеке компаниялардың өзара іс-қимылы есебінен қарқынды дамып келе жатқанын атап кетті. Ол Қазақстанның бірқатар өңірінде болып, қазақстандық бидайдың түрлері мен сұрыптарына терең зерттеу жүргізгенін айтты.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы бидай саудасында бірқатар мәселе бар екенін көріп отырмын. Ең бірінші, бұл елдер арасындағы сапа стандарттарының әртүрлілігі. Тап қазіргі уақытта осы сапа стандартындағы айырмашылық сауда айналымына әсер ететінін көріп отырмыз. Егер қазақстандық бидай сұрпына қатысты айтар болсақ, онда Қазақстанда өте сапалы бидай сұрыптарының бар екенін білеміз. Бірақ та аталған сұрыптардың саны шектеулі. Сондықтан аталған сұрыптарды Қытайға импорттау да айтарлықтай емес екенін көріп отырмыз. Қазақстандық бидайдың бағасы жақсы, ол аса жоғары емес. Алайда сапасы жоғары сұрыпты бидай көп емес, сол себепті Қытай Қазақстанның жалпы бидайын көп сатып алғысы келмейді», – деді ол.

Чжан Синьженің сөзінше, Қытайға бидай экспорттаумен айналысатын қазақстандық өндірушілер бидайдың сұрпының сапасын арттыруға тиіс. Сонымен қатар олар ҚХР-да нарық ашуы үшін стандарттар мен өндіріс жағдайын қытайлық деңгейге жеткізу керек. Бұл ретте ол былтырғы жылы Синьцзянға экспорттаған көлемі 120-130 мың тоннаға жеткен қазақстандық өсімдік май өсірушінің мысалға келтірді. Қытайлық сарапшы бұл майлы дақылды Қазақстан ауылшаруашылығының басты ресурстарының бірі деп есептейді.

«Қазақстандық күнбағыс майын Қытайға импорттаған кезде ол қазақстандық тарапта тексеріледі. Ол стандарттың ең жоғарғы деңгейіне жетіп, шамамен 48-49 пайыз болады, бірақ Қытайға жеткеннен кейін стандарттардың әртүрлі болуынан бұл деңгей 42-43 пайызға төмендейді. Сондай-ақ көптеген ферма мен өндіріс орындарында инфрақұрылым, жабдық нашар екенін көрдік. Бұл алаңдардағы тексеретін жабдықтардың мүмкіндіктерін арттыру керек. Сондықтан қазақстандық өндірушілер Қытай нарығына кіргенде мәселенің туындауы қытайлықтардың осы немесе басқа өнімді таңдауда кірпияздығынан емес, Қытайға көптеген ел тауар әкелетіндігінде және олардың өнімінің сапасы көп жағдайда қазақстандық өнімнен асып түсетіндігінде», – деп нақтылады ол.

Чжан Синьженің ойынша, Қазақстан ауылшаруашылығындағы өндірістің сапасы мен нәтижелілігін арттыруға тиімділігі жоғары қытайлық технологияларға бейімделу арқылы ғана қолжеткізе алады.

«Осы жерде қауымдастық атынан қытайлық компаниялардың технологиясын енгізу жөнінде шараларды мемлекеттік деңгейде жүзеге асыру, сондай-ақ инфрақұрылым деңгейін, қазақстандық тараптың өнімділігін арттыруға ұсыныс жасаймын. Сондай-ақ қазақстандық өндірушілерді тағы да Қытайға келіп, біздің технологиялық ғылыми орталықтарды, біздің АӨК саласындағы ірі кәсіпорындарды көруге, сөйтіп қазір Қытайдағы жағдай қандай екенін көзбен көруге шақырамын. Біздің қауымдастық екі елдің өндіруші-кәсіпорындарға сапалы қызмет көрсету мен сервисті ұсыну үшін Қытай мен Қазақстан АӨК кәсіпорындары арасында ерекше технологиялық платформа бола алады деп ойлаймын», – деді ол дөңгелек үстел қатысушыларына.

Қазақстан-Қытай азық-түлік индустриясы кәсіпкерлері қауымдастығы басшысы Кемелбек Әбілеков abctv.kz-пен болған әңгімеде қазір қытайлық ауылшаруашылық машиналары мен олардың қосалқы бөлшектері қоймасын Қазақстан аумағында нарықтық ілгерілетуді ұйымдастыру туралы мәселе қаралып жатқанын растады. Сонымен қатар кәсіби техникалық училищелер қауымдастығымен ынтымақтастық орнату арқылы елімізде оқу орталықтары желісі құрылып жатыр. Ол жерде қазақстандық мамандар қытайлық аграрлық техникалар мен технологияларды қолдануды үйренеді.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Сериков