Қазақ футболының тасы өрге домаламай тұр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4362

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы FIFA рейтингісінде төмен құлдырап, 2017 жылды 137-орынмен тәмамдады.

Қазақ футболының тасы өрге домаламай тұр Фото: kff.kz

FIFA рейтингісі

FIFA желтоқсан айындағы ұлттық құрамалар рейтингісін жаңғыртып, осы аптаның ортасы ауа жариялады. Аталмыш рейтингте Қазақстан құрамасы тағы да төмен сырғып (өткен аймен салыстырғанда, бір саты төмен ығысып), 137-орынға табан тіреген...

Былтыр дәл осы уақытта, яғни 2016 жылы желтоқсан айында, Қазақстан құрамасы FIFA рейтингісінде 98-орынға тұрақтаған еді. Сонда ел намысын қорғайтын футболшыларымыз бір жылдың ішінде 39 саты төмен құлдыраған.

FIFA рейтингісі. 2017 жыл, желтоқсан

Үздік ондық

1 (1). Германия – 1602 ұпай
2 (2). Бразилия – 1483
3 (3). Португалия – 1358
4 (4). Аргентина – 1348
5 (5). Бельгия – 1325

6 (6). Испания – 1231
7 (7). Польша – 1209

8 (8). Швейцария – 1190
9 (9). Франция – 1183
10 (10). Чили – 1162
Бізден жоғары орналасқан бұрынғы "көршілеріміз":

35 (35). Украина – 781
64 (65). Ресей – 534
78 (80). Өзбекстан – 441

89 (84). Эстония – 397
90 (90). Армения – 383

92 (92). Беларусь – 372
104 (104). Грузия – 322

114 (112). Түркіменстан – 292

115 (115). Қырғызстан – 282

117 (117). Әзербайжан – 281

126 (127). Тәжікстан – 255

132 (131). Латвия – 233

137 (136). Қазақстан – 220

Жеті ойын, алты жеңіліс
Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының жеңіске жетпегеніне бір жарым жылдан асып кетті. Ұлттық құрамамыз соңғы рет былтыр, яғни 2016 жылы 7 маусымда Қытай құрамасынан басым түскен. Бірақ бұл жолдастық кездесу болатын. Өкінішке қарай, оның да сыры мен жыры көп болған. Алайда содан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмыттық. Ең жоғарғы нәтижеміз тең ойын болып тұр.

Айтып-айтпай не керек, Ресей маманы Александр Бородюк жаттықтыратын Қазақстан құрамасы үшін 2017 жыл өте сәтсіз өтті. Ұлттық құрамамыз биыл жеті ойын өткізіп, алтауында жеңілістің кермек дәмін татты. Тек соңғысында Армения құрамасымен тең түсті. Жеті кездесудегі доп айырмасы – 4:18.

Енді бір көңіл аударарлық жәйт, биыл біздің құрама ресми түрде, бір ғана жолдастық кездесу өткізді. Бұл ұлттық құрамамыздың дайындалуына жан-жақты жағдай жасалды дегенді білдірмейді. Жалпы, биылғы өткізген ойындарымыз төмендегідей:

Кипр – Қазақстан – 3:1 (жолдастық кездесу)

Армения – Қазақстан – 2:0 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Қазақстан – Дания – 1:3 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Қазақстан – Црна Гора – 0:3 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Польша – Қазақстан – 3:0 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Румыния – Қазақстан – 3:1 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Қазақстан – Армения – 1:1 (ӘЧ-2018 іріктеу ойыны)

Тұздық
Кеше Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Қаныш Әубәкіров орнын босатты. Отбасылық жағдайына байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап отставкаға кеткен.

Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің басқосуына дейін Бас хатшы міндетін уақытша атқару Азамат Айтқожинге жүктеліпті. Яғни Қаныш Әубәкіровтің орнына Кәсіпқой футбол лигасының басшысы келді.

Енді отандық жанкүйерлер Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Ресей маманы Александр Бородюк те орнында көп отырмас деп үміттенеді. Федерацияның жаңа басшысы ешқандай нәтиже көрсете алмаған жаттықтырушыны ұстамас деп ойлаймыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу