Қазақ хоккейін шетелдік журналистер билейтін болған ба

Ресей мен Беларусь журналистері өз ойларын батырып-батырып жазып, тіпті нұсқау да беретін болыпты.

15 Маусым 2018 17:03 Автор: Маруан Түсіп
Қазақ хоккейін шетелдік журналистер билейтін болған ба, хоккей, Барыс, бапкер, келісімшарт
Фото: icehockey.kz

Ресейде Алексей Шевченко деген белгілі спорт журналисі, шайбалы хоккей сарапшысы бар. Осы маман биыл «Барыс» клубы мен Қазақстан құрамасының басшылары мен бас бапкерін қатты сынады. Бір емес, бірнеше рет. Клуб президенті Асқар Шопобаев пен бас бапкері міндетін атқарған Ғалым Мәмбетәлиевке шүйлігіп, екеуін де іске жарамсыз қылған болатын.

«Барыс» клубындағы елді дүрліктерген дүрбелең мен ұлттық құраманың сәтсіздікке ұшырауына да аталған екі маманды кінәлаған. Түп-тамырымен соларға аударып, олардың тәжірибесіздіктерін әшкере қылуға тырысып баққан-ды. Әрі бұл әрекеттері «жаман» болып шыққан жоқ.

Аталмыш журналистің өрнектеп жазған эмоциялық бояуы басым сөздерінде ащы мысқыл мен жанамалай айтылған әжуаның қаншалықты болғандығына тоқталмай-ақ қояйық. Бірақ орыс тілді отандық басылымдарымыздың біразы Шевченконың әрбіз сөзі мен пікірін ілтипатпен көшіріп басып отырғанын айта кеткенді жөн санап отырмыз...

Шевченко мырза «Барыстың» трансферлік саясатын да көзінен таса қылмай сынап-мінеп отырды. Мәселен, Венгрияда өткен әлем чемпионатында (Бірінші дивизион, «А» тобы) Ұлыбритания құрамасының қорғаушысы Бен О'Коннор көзге түсіп, үздік қорғаушы атанған болатын. Сол кезде Қазақстан құрамасының Асқар Шопобаев бастаған басшылары осы қорғаушымен келісіп, «Барыс» клубының сапына шақырған. Тіпті өзара келісіп, келісімшартқа отырғандай да еді.

Ресей сарапшысы Алексей Шевченкоға бұл қорғаушы мүлде ұнамайды екен. «Барыстың» бұл трансферін де біраз сынап, сөз қылды. Сонымен, ақыр соңы не болды дерсіз? «Барыс» клубының және Қазақстан хоккей федерациясының басшылары Асқар Шопобаевты да, Ғалым Мәмбетәлиевті де қызметтерінен босатты. Тіпті Бен О'Коннормен келісімшарты бір жақты түрде бұзды. Сөйтіп, Шевченко мырза өз дегеніне жетіп тынды.

Ол, ол ма? Қызықтың көкесі алда екен... Бұған дейін жазғанымыздай, «Барыс» бас бапкерлік тізгінін Беларусь маманы Андрей Скабелкаға ұстатып, екі жылға келісімшартқа отырған. Енді осы елдің Григорий Трофименков деген журналисі Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Маминнің, бас директоры Юрий Зверевтің және жауапты хатшысы Глеб Каратаевтың, яғни үшеуінің атына ашық хат жолдапты!

Трофименков мырза мүлде әріге шапқан. Қазақ тілінде «Қайырлы күн» деп бастаған үшбу хатында «Скабелканың ісіне араласпаңыздар» деп тоқ етерін айтқан. «Өзіне қандай көмекші алғысы келеді», оған да шектеу қоймаңыздар деген. Сонымен қатар, басқадай міндеттерді (жасөспірімдер командаларына да назарынан тыс қалдырмай, оларға да жауапты болуды) мойнына ілмеуді талап еткен (өтінген). Тағысын тағы... Қысқасы, еркіндік және мүмкіндік беруді ескерткен.

Сонда қалай? Біздің хоккейімізге Алексей Шевченко мен Григорий Трофименков «билік» жүргізе ме? Солардың сөздеріне құлақ асатын болғанымыз ба? Рас, «Барысқа» бас бапкер тұрақтамай қойды. 2000 жылдан бері 21 рет бас бапкерін ауыстырды. Яғни Беларусь журналисінің өкпе-назы мен талап-тілегінің тұзы да татитын сияқты. Дегенмен... түсіну қиын...   

Маруан Түсіп