Қазақ хоккейінде өзгеріс көп

Маусым аралығында шайбалы хоккейімізде ауыс-түйіс көп, еліміздің ең үздік клубтары бас бапкерлерін ауыстырып, құрамдарын екшеп жатыр. 

09 Маусым 2018 16:47 Автор: Маруан Түсіп
Қазақ хоккейінде өзгеріс көп, хоккей, Барыс, Сарыарқа, ұлттық құрама, бапкер

«Барыс» басшыларын да ауыстырды
«Барыс» клубы мамыр айының соңғы күндері президентін ауыстырды. Нақтырақ айтқанда, Асқар Шопобаев «отбасылық жағдайына байланысты» өтініш беріп, қызметінен кетті. Ресми түрде мәлімделген себебі осы болғанымен, оның тамыры тереңде еді. «Барыстың» өткен маусымдағы сәтсіздіктерінің бәрін ресейлік және отандық мамандар осы басшыға ысырып отыр. Сөйтіп, клубтың Қамқоршылық кеңесінің шешімімен бұл қызметке Борис Иванищев тағайындалды. Ол 2006 жылдан бері «Барыстың» вице-президенті қызметін атқарып келген болатын. Отандық маман, Қызылжар тумасы.

Бұдан кейін «Барыс» басшылары бас бапкер міндетін атқарып келген Ғалым Мәмбетәлиевті де қызметінен босатты. Жақында Беларусь маманы Андрей Скабелкамен екі жылға келісімшартқа отырып, бас бапкерлік қызметке ресми түрде бекітті. Скабелка – көпшіліке танымал жаттықтырушы. «Металлург» (Новокузнецк), «Гомель» (Беларусь), «Торпедо» (Нижний Новгород), «Сибирь», «Авангард» секілді клубтардың және Беларусь құрамасының бас бапкері болған. Құрлықтық хоккей лигасындағы тәжірибесі мол. 2014/2015 жылдар маусымында Новосибирск клубымен ҚХЛ-дың қола жүлдегері атанғанын айтсақ та жетер.

Клуб басшылары сапындағы өзгеріс мұнымен шектелген жоқ. Жақында «Барыс» вице-президент қызметіне, яғни Борис Иванищевтің бұрынғы орнына Болат Қарабалинді тағайындады. Бұл маман бұған дейін үш жыл бойы «Құлагер» (Петропавл) клубының директоры қызметін атқарған болатын. Әрі Қызылжар хоккейінің дамуына үлес қосып, балалар мен жасөспірімдер хоккейін де жетілдіре түскен-ді.  Енді «Барыс» құрамын жасақтауға кірісті. Жаттықтырушылар құрамына кімдердің кіретіндігін Скабелканың өзі шешеді екен. Ал қазір команда сапын жаңа хоккейшілермен толықтыру және нығайту мәселесі қолға алынып жатыр. Бірінші кезекте, команданың беделді ардагерлерінің бірі Роман Старченкомен екі жылға келісімшартқа қол қойылыпты. Енді легионерлер бестігін құру қарастырылып жатқанға ұқсайды. Бұл түсінікті. Найджел Доус кеткен, сондай сұрмерген керек-ақ.

«Сарыарқа» тізгінін сыралғы маманға ұстатты
Ресейдің Жоғарғы хоккей лигасында өнер көрсететін Қарағандының «Сарыарқасы» көпшілікті таң қалдырып, бас бапкерлік тізгінін әйгілі фин маманы Кари Хейккиляға ұстатты. ЖХЛ тұрмақ, Құрлықтық хоккей лигасындағы көптеген клубтар қызығатын – білікті маман. 2008/2009 жылдар маусымында «Локомотив» (Ярославль) клубымен ҚХЛ-дың финалына шығып, күміс жүлдегері атанған.

Жалпы, ол Сундсваль», «Боден» (екеуі де – Швеция), ХПК, «Васса спорт», «Кэрпэт» (бәрі де – Финляндия), «Локомотив» (Ярославль, Ресей), «Металлург» (Магнитогорск, Ресей), «Динамо» (Минск, Беларусь), «Нефтехимик» (Нижнекамск, Ресей), «Динамо» (Рига, Латвия), «Лукко» (Раума, Финляндия) клубтарын жаттықтырып, 2017/2018 жылдар маусымында өз еліндегі «Ильвес» клубының спорт менеджері болған. 2012 жылғы әлем чемпионатында Беларусь құрамасының бас бапкері болған.

«Сарыарқа» клубы да қазір құрамын нығайтып жатыр. Әзірше Мадияр Ибрайбеков, Максим Беляев, Адам Вай (Венгрия), Эдгарс Сиксна (Латвия), Аслан Раисов, Тимур Сультеев, Алексей Митрофанов (бәрі де – Ресей) сынды тәжірибелі хоккейшілермен және басқа да ойыншылармен еңбек келісіміне қол қойыпты. Ал Кари Хейккиляға оның отандасы Томми Неккула көмектеседі екен. Қарағанды клубы мұндай білікті маманмен ЖХЛ-да топ жарып, Петров (Братина) кубогын жеңіп алуы керек.

Сағымбаев «Алтай-Торпедо» клубын түлетуге кірісті
Өскеменнің «Торпедосы» Қазақстан чемпионатында ойнайтын, «Алтай-Торпедо» деп аталатын екінші құрамын түлетуді қолға алғандай. Бұл ұжымның бас бапкері қызметіне ел спортына кеңінен танымал Ерлан Сағымбаевты тағайындады. Ал Ерлан Ерлесұлы бірден команданы күшейтуді қолға алып, қарамағына тәжірибелі және әлеуеттері зор хоккейшілерді жинауға кірісті.

Атап айтқанда, бүгінге дейін Нұрсұлтан Белгібаев, Михаил Рахманов, Андрей Огородников, Андрей Спиридонов, Артём Бурделёв, Максим Худяков сынды Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған хоккейшілер «Алтай-Торпедо» клубына келді. Қақпашы Павел Полуэктов Өскеменде қалатын болса, тәжірибесі мол Георгий Гелашвили де Ерлан Сағымбаевтың командасына ауысатын секілді. Қалай десек те, бұл команда құрамын мейілінше нығайтып жатыр.

Маруан Түсіп