Қазақ клубтарының тең жартысы бас бапкерін ауыстырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2987

Үш жарым айдың ішінде Қазақстан премьер-лигасындағы 12 клубтың алтауы бас жаттықтырушыларын алмастырды.

Қазақ клубтарының тең жартысы бас бапкерін ауыстырды

Ертең Қазақстан премьер-лигасында ХІV турдың ойындары басталады. Рас, кейбір клубтарымыз 13 емес, 14-15 ойыннан өткізіп үлгерді. Әйтсе де, небары үш жарым айдың ішінде 12 клубтың тең жартысы әр түрлі себептермен бас бапкерлерін ауыстыруға мәжбүр болды. Мәселен, ел чемпионы "Астана" Станиимир Стойловты ұлттық құраманы жаттықтыруға жіберіп, келісімін беріп, өз еркімен "ұзатты"...

Содан елордалықтардың тізгінін біраз уақыт Стойловтың көмекшісі болған Григорий Бабаян ұстағанын да білесіздер. Алайда "Астана" екі рет ортаңқол командалардан ұтылып қалып, білікті маман керек екендігі сезіліп қалды. Сөйтіп, қазақтың бас қаласына Украина маманы Роман Григорчук келді.

Өткен жылдың соңында "Ақжайық" клубына бас бапкер болып келген Владимир Мазяр оралдықтарды өрге сүйреп еді. Бірақ бұл команда 10-турда "Ақтөбеден" 3:5 есебімен ұтылып, Украина маманы өз шәкіртерін түсінбей дал болды. Айтуынша, қарамағындағы футболшылар дәл осы ойында оның сөзіне құлақ аспай кеткен. Сөйтіп, олардың бұл қылықтарынан секем алып, өз еліне кетіп қалды. Өкінішті...

Жақында "Ордабасы" клубы да бас бапкерін ауыстырды. Бір қызығы, Георги Дерменджиевтің де Шымкент клубынан кетуі түсініксіздеу болды. Дәл қазір клуб басшысы соңғы кездері жеңілістерінің жиілеп кеткендігін тілге тиек етіп отыр. Ал Болгария маманы бірнеше ай бойы жалақысын алмағандығын және "Ордабасының" Еуропа лигасынан тыс қалғандығын алға тартады...

Қалған үш команда (атап айтқанда – "Ертіс", "Атырау" және "Қызыл-Жар") бас бапкерлері сенім үдесінен шықпай, кежегелері кейін тарта бастаған соң осындай қадамға барды. Осы ретте айта кетерлігі, "Ертіс" ресми түрде бас бапкер қызметіне Ойрат Садуовты тағайындағанымен, тізгін Ресей маманы Дмитрий Кузнецовтың уысында сияқты.

Айтпақшы, бас бапкерлерін ауыстырған алты команданың екеуі жаңа бапкер тағайындауға асығар емес. Нақтырақ айтқанда, "Ақжайық" клубында Артур Авакянц, ал "Қызыл-Жарда" Юрий Чухлеба бас жаттықтырушы міндетін уақытша атқарып жүр. Бұл отандық мамандарға берілген мүмкіндік пе, әлде қаржы тапшылығы жар бермей жүрген жағдай ма, кесіп айту қиын...       

Маусым соңына дейін әлі қанша бас бапкердің қызметінен айырылары белгісіз. Әр түрлі себептермен әлі талай ауыс-түйіс болуы әбден мүмкін. Қайсыбір клубымыз тұрақсыздық айыбын төлеу керек болатындықтан қазіргі бас бапкерін отставкаға жібере алмай жүрген де сияқты. Көп ұзамай UEFA Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу кезеңі басталады. Еурордодада сенімді ақтау үшін білікті бапкерлер керек-ақ...

Қазақстан премьер-лигасындағы бас бапкерлер тізімі:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу