Қазақ қыздар гимназиясының мәселесі мәжіліске жетті

5015

Ал білім министрі міз бақпай отыр.

Қазақ қыздар гимназиясының мәселесі мәжіліске жетті

Екібастұз қаласындағы №25 қазақ қыздар гимназиясы оқушылар санының артуына байланысты сабақты екі ауысымда жүргізуге мәжбүр. Қазіргі №24 орыс мектебіндегі 1200 оқушыға лайықталған, екі тілде оқытатын білім ошағында қазақ сыныптарына тек 200 орын ғана бөлінген. Ал мемлекеттік тілде оқитын қыз балалардың саны 400-ден асып отыр. Соның салдарынан түстен кейін білім алатын оқушылар үйлеріне күн бата бір-ақ қайтады. Бұған ата-аналар наразылық танытып отыр.

Бір қызығы, білім ордасындағы қалған 1 мың орын орыс сыныптарына беріліпті. Алайда орыс сыныптарында оқитын оқушылардың саны небары 700-ді ғана құрайды. Демек 300 оқушының орны бос деген сөз. Тағы бір қолайсыздығы, гимназия қыздары мен орыс мектебі оқушылары асхананы, медпунктті, спорт залды ортақ пайдаланады. 

"Мен қаланың шетінде тұрамын. Қызым 3- сыныпта оқиды. Бұл жаста бала өздігінен сабаққа барып келе алмайды. Жұмыс арасында үйге барып, қызымды мектепке жіберемін. Кешке алып қайтамын. Екінші ауысымда оқитындықтан, кейде сабақ 14.00-де емес, ерте басталады. Сондай сәтте қиналып қаламыз. Ал баланы ертерек әкелгенмен, бос сынып жоқ. Ерте келген балалар тар дәлізде сығылысып отырады", – дейді жас ана Гүлсана Медеубай.

Ата-аналар ұлттық әдеп-ғұрыпты бойларына сіңіріп өсіп келе жатқан қазақ қыздарына жеке ғимарат сұрап, құзырлы органдарға бірнеше рет өтініш білдіріпті. Алайда жергілікті билік ширек ғасыр бойы: "Жеке ғимарат салып береміз" деп сырғытпа жауап беруден шаршаған емес. Осы жылдың басында ата-аналарға Екібастұз қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Жеңіс Шақатовтан кезекті хатқа жауап келіпті. Онда: "Сіздердің талап-тілектеріңіз орынды. Биыл жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлейміз", – деп жазылған. Бірақ ата-аналар жаңа мектеп жақын арада салынады дегенге күмәнмен қарайды.

Екібастұз қаласындағы денсаулық сақтау саласының ардагері Сәния Хамметова ғимараттың тарлығынан балаларға жеке шкаф қоюға мүмкіндік қарастырылмағанына наразы.

"Менің немерем 1-сыныпта оқиды. Мектептің киім ілгішіне барсаңыз, балалардың сыртқы киімдері, аяқ киімдері бей-берекет жатады. Бала киініп-шешінетін орын жоқ", – дейді Сәния Хамметова.

Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жазира Хамзабаеваға да бұл мәселеден хабардар. Ол: "Бұл ғимарат 1200 балаға арналғандықтан, кемінде 1000-ға жуық бала оқуы керек. Қыздар гимназиясына осыншама бала жиналуы неғайбыл", – деп күдігін алға тартты.

Қыздар гимназиясының директоры Саламат Ізбастина болса, бұл ғимаратты толығымен №25 қыздар гимназиясына берсе, балалармен толтыра алатынына сенімді.

"Біріншіден, ғимарат орталықта орналасқан. Екіншіден, гимназиядағы мұғалімдердің деңгейі жоғары. Үшіншіден, қыздар гимназиясының ел ішіндегі мәртебесі жоғары. Екібастұздағы әр қыз бала аталған білім ордасында оқуды армандайды", – дейді Саламат Ізбастина.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, жетпіс жыл бойы жоғалтқанымызды түгендей бастаған тұста Екібастұздағы дарынды педагогтардың бірі Ләйла Сырымбетова ерлікке пара-пар іске тәуекел етіп, қазақ қыздарын жаңаша тәрбиелеудің тұжырымдамасын жасады. Нәтижесінде Қазақстанда мемлекеттік тілде білім беретін қазақ қыздар гимназиясының тұсауы кесілді.

Аталмыш білім ордасы 24 жылдың ішінде талай белесті бағындырды. Гимназия 2010 жылдан бері ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіші бойынша қала деңгейіндегі үздік мектептер қатарында.

Бірегей білім ошағының басшысы Саламат Ізбастинаның айтуынша, өткен жылы 26 оқушы алтын ұядан түлеп ұшқан. Оның 19-ы мемлекеттік грантқа ие болған.

Атап өтерлігі, жыл сайын "Алтын белгі" және "Үздік аттестат" иегерлері ҰБТ-да білімдерін дәлелдеп жүр. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы Айдана Өтегенова, 2015 жылы Айдана Бахтиярова, 2017 жылы Әсел Жүсіпбаева "Алтын белгіні", 2016 жылы Жәния Ақтамбердинова, Дилара Тұяқбаева, 2017 жылы Жәмила Жекенбаева, Алина Серікова "Үздік аттестатты" қорғап шықты. Мәселен гимназия ҰБТ қорытындысы бойынша 2014-2015 жылдары 93,8 ұпайға, 2015-2016 жылдары 106,5 ұпайға, 2016-2017 жылдары 103,2 ұпайға ие болған.

Биыл 4 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. Гимназияның жұмысы "Қыздар әліппесі" авторлық бағдарламасы мен "Қыздар әліппесі" хрестоматиясына негізделген.

"Білім беруден бөлек, аталған бағдарлама қыздардың келешекте отбасы ұйытқысы болуына әсер етті ме? Сіздер статистикалық зерттеулер жүргізіп көрдіңіздер ме?" деген сауалымызға Саламат Ізбастина былай деп жауап берді: "Қазақ қыздар гимназиясының басты идеясы – "Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле". Мектепте оқу-тәрбие жұмысының тұжырымдамасы, мектеп түлегі мен қазақ қыздар гимназиясы мұғалімінің моделі жасалды. Олар жыл сайын ата-аналар қоғамы мен әлеуметтік сұранысқа сай толықтырылып, түзетіліп отырады. Бұл бағдарламаның мақсаты – ұлттық рухани байлықты жалпы адамзаттық мәдениетпен ұштастыра байланыстыру арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеу және оқыту".

Директордың сөзінше, бағдарлама аясында барлық оқу пәндері қамтылып, сыныптан тыс жұмыстар енгізілген.

"Гимназияның 20 жылдығы қарсаңында осы аралықта білім алған 2000-нан астам түлектің қазіргі жағдайымен сынып жетекшілері арқылы таныстық. Зерттеудің нәтижесінде гимназияда тәрбиеленген қыздардың 90%-ы өз отбасыларының ұйытқысы болып отырғанына көз жеткіздік. Яғни бірен-сараны болмаса, жалғызбасты, ажырасқан аналар жоқ", – дейді Саламат Ізбастина.

Еншісіне жеке ғимарат бұйырмаған қыздар гимназиясы алғашқы жылдары №3 балабақшада жұмыс істеген. 1994 жылдан 2008 жылдар аралығында Сәтбаев көшесіндегі балабақша ғимаратына көшкен. (Бүгінде бұл ғимарат №23 "Балауса" балабақшасына қайтарылды).

"Біз 2008 жылдан бері №24 орыс мектебінің ғимаратында отырмыз. 1200 балаға лайықталған  ғимараттан қазақ мектебіне  екінші қанаты бөлінді. Біз 183 баламен көшіп келдік. 20 жылда бала саны екі есе өсті. Бүгінде 403 бала білім алуда. Екі ауысымда жұмыс істегенімізге ата-аналар тарапынан наразылық білдірушілер көп. Осы мәселе шешімін тапса екен дейміз", – деді Саламат Ізбастина.

Ойды ой қозғайды демекші, демографиялық өсімге байланысты бүгінде қазақ мектептеріне деген сұраныстың өсіп келе жатқанын уақыт көрсетіп отыр. Соған орай кейбір қазақ мектептері екі ауысымда жұмыс істеп келеді. Екінші ауысымда оқу немесе түстен кейін қызмет ету мұғалімге де, оқушыға да қолайсыздық тудырады. Осындайда балалары екінші ауысымда оқитын ата-аналардың өкпе-ренішіне түсіністікпен қарағың келеді.

Қазақ мектептерінде бала санының көптігі аздай кейбір мемлекеттік мекемелерді қазақ мектептеріне көшіру қандай қажеттіліктен туды екен деп ойлайсың. Мәселен, Екібастұз қалалық №18 мектептің бір қанатында қалалық архив, №2 мектепте педагогикалық-психологиялық медициналық орталық, №36 лицей-мектебінде облыстық дарынды балаларға арналған көпсалалы көп тілді лицей-интернаты орналасқан. Ал №25 қыздар гимназиясының күйін жоғарыда айттық.

Жақында қазақтың өрімдей қыздарының білім алатын жеке ғимаратсыз жүргенінен хабардар болған мәжіліс депутаты Айзада Құрманова білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, ата-аналардың жанайқайын жеткізді. Әзірше білім министрі міз бақпай отыр.  

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу