Қазақ қызы әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Әйелдер арасындағы әлем чемпионатынан екі жүлде бұйырды.

25 Қараша 2018 10:27 Автор: Маруан Түсіп
Қазақ қызы әлем чемпионатының күміс жүлдегері,  бокс, әлем чемпионаты, Жайна Шекербекова , Карина Ибрагимова
Фото: kfb.kz

Үндістанда бокстан әйелдер арасындағы оныншы әлем чемпионаты аяқталды.

Нью-Делидегі Индира Ганди атындағы спорт кешенде өткен Х әлем чемпионатына 62 мемлекеттен 277 боксшы қыз қатысты. Олар он күнге созылған бүкіләлемдік біріншілікте 10 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Қазақ елінің намысын Вадим Присяжнюк жаттықтыратын бұрымдыларымыз қорғады.

Бірден айтайық, Нью-Делидегі жарысқа ұлттық құраманың кейбір тәжірибелі боксшы қыздары қатыса алмады. Мәселен, Дариға Шәкімова (75 келі) жаттығу кезінде жарақат алып қалса, бапкерлер алқасы Азия ойындарында бақ сынаған үш аруымызды елде қалдырып, бұл салмақтарда өзге қыздарға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Назым Қызайбай (51 келі), Сәния Сұлтанқызы (57 келі) және Римма Волосенко (60 келі) үшеуі әлем чемпионатына бара алмады.

Ал 10 салмақ дәрежесінде бақ сынаған аруларымыздың екеуі ғана жүлдеге ілікті. Жайна Шекербекова (51 келі) финалға дейін жетіп, күміс медаль олжаласа, Карина Ибрагимова (60 келі) жартылай финалда жеңіліске ұшырап, қола жүлде еншіледі. Осы ретте айта кетерлігі, екеуінің де қарсыластары әлем чемпионы атанды. Өкінішке қарай, біздің қалған қыздарымыздың бақтары жанбады.

Жайна Шекербекова әуелі Ресей қызы Светлана Солуянованы тізе бүктірді (5:0). Одан кейін Конго Демократиялық Республикасының үміті Розетте Ндонгала Эссоны да үйіне қайтарды (5:0). Бұдан соң Колумбия боксшысы Ингрид Валенсиядан айласын асырды (3:2). Ширек финалда Польша сұлуы Сандра Драбиктен басым түсті (5:0). Жартылай финалда Жапония аруы Цукими Намикиді де жолынан тайдырды (5:0). Ал финалда Солтүстік Корея спортшысы Пан Чоль-Миге есе жіберіп алды (0:5).

Карина Ибрагимова әлем чемпионатын 1/16-финалынан бастап, Алжир аруы Иман Хелифаны ұтты (5:0). Бұдан кейін Тайпэй қызы Ву Ших-Юден басым түсті (5:0). Ширек финалда Қытай боксшысы Янг Венлюді тізе бүктірді (5:0). Өкінішке қарай, жартылай финалда Ирландия үміті Келли Харрингтоннан ұтылып қалды (0:5). Енді барлық қыздарымыздың жалпы нәтижелеріне назар аударайық:

48 келі: Әйгерім Қасенаева – 1/8-финалында ұтылды,

51 келі: Жайна Шекербекова – финал,

54 келі: Дина Жоламан – 1/8-финалы,

57 келі: Назым Ищанова – 1/16-финалы (салмағы артып кетіп, рингке шықпады),

60 келі: Карина Ибрагимова – жартылай финал,

64 келі: Милана Сафронова – ширек финал,

69 келі: Ақерке Бақытжан – 1/8-финалы,

75 келі: Аида Оңдаш – 1/16-финалы,

81 келі: Фариза Шолтай – ширек финал,

+81 келі: Ләззат Күнгейбаева – ширек финал.

Жалпы, Нью-Делидегі әлем чемпионатында Азия қыздарының мерейлері үстем болды. Қытай құрамасының төрт спортшысы чемпион атанса (64, 75, 81, +81 келілер), Тайпэйдің екі қызы алтынмен апталды (54 және 69 келілер). Үндістан және Солтүстік Корея құрамаларына бір алтыннан бұйырды (48 және 51 келілер). Тек екі алтын Еуропаға кетті. 57 келіде Германия, ал 60 келіде Ирландия арулары үздік шықты.

Сөз соңында қосарымыз, бұған дейін әйелдер арасындағы әлем чемпионаттары жұп жылдары өткізіліп келген. Енді ерлер арасындағыдай, тақ жылдары ұйымдастырылатын болыпты. Яғни келесі әлем чемпионаты 2019 жылы өткізіледі. Нақтырақ айтқанда, келесі жылы қазан айында Ресейдегі Бурятияның астанасы Улан-Удэ қаласында жалауы желбірейді. 

Маруан Түсіп