Қазақ сарбазы Сирия жеріне аяқ баса ма?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5249

"Қазақстан Сирияға әскерилерін аттандыруы мүмкін." Осы аптада ел ішін осындай ақпарат дүрліктірді.

Қазақ сарбазы Сирия жеріне аяқ баса ма? Фото: tengrinews.kz

Осы аптада ресейлік және түркиялық ақпарат құралдары Қазақстан мен Қырғызстанның Сирияға мұздай қаруланған және арнайы даярланған жауынгерлерін жолдайтынын жарыса жазды.

Кейін бұл мәліметтің қай жақтан шыққаны анықталды. Бұл Ресей ұсынысы көрінеді. Түркия президентінің өкілі Ибрагим Калын ресейлік тараптың Сириядағы атыс жүргізуге тыйым салынған және босқын халық жиналатын қауіпсіздік аймақтарында бейбітшілікті сақтауға Қазақстан мен Қырғызстан әскерилерін жолдауды ұсынғанын мәлім етті.

Артынша РФ мемдумасының қорғаныс комитетінің басшысы Владимир Шаманов бұл ақпаратты растады, оның айтуынша, "Мәскеу Қазақстанмен және Қырғызстанмен олардың әскерилерін Сирияға жолдау туралы келіссөздер жүргізіп жатыр". "Бұл ниет қана және келіссөздік процестің бастауы. Әрине, әзірге шешім қабылданған жоқ" деді Владимир Шаманов.

Содан ресейлік ақпарат құралдарына түсініктеме берген әскери ғылымдар докторы, ресейлік геосаясат проблемалары академиясының президенті Константин Сивков Сирияға қазақ не қырғыз қарулы күштері кіре алмайтынын хабарлады. Оның байламынша, тіпті Қазақстан тарапы әскерилерді бағыттау туралы шешім қабылдағанның өзінде, ол тұтас әскери бөлімшелер емес, әскери кеңесшілер ғана болады. Яғни, Қазақстан мен Қырғызстан шынайы соғысқа килікпей, ұрыс қимылдарына араласпай, тек бейбіт реттеуге символикалық тұрғыдан қатысуы ықтимал.

"Мен дәл қазір оған қажеттілікті көріп тұрған жоқпын. Ресей өзіне осы одақтас қос мемлекет моральдық тұрғыдан қолдау көрсетуі үшін оларға осындай ұсыныспен шығуы мүмкін. Одан басқа Ресей үшін қандай да бір пайданы көріп тұрған жоқпын.

Еске сала кетсек, биылғы 3-4 мамыр аралығында Астанада өткен Сириядағы ахуалды реттеу бойынша халықаралық кездесудің кезекті раундында кепілдік беруші үш мемлекет – Ресей, Түркия және Иран қауіпсіздік аймақтары туралы меморандумға (меморандум о создании зон безопасности или деэскалации) қол қойған болатын. Ол бойынша әзірше Сирияда 4 аймақ белгіленді. Ол аймақтарда қарудың кез келген түрін қолдануға тыйым салынбақ. Және оның аумағында халықаралық гуманитарлық ұйымдар жұмыс жасайды, босыған сириялықтарға медициналық және басқа да көмектер көрсетіледі.

"Астана процесінің" Сирия бойынша келесі кездесуі елордада 4-5 шілдеде өтеді деп жоспарлануда. Сонда осы қауіпсіздік аймақтарын қамтамасыз етудің нақты параметрлері анықталады деп күтілуде. 

Ресей тарапының бұл ойланыстары мен толғаныстарын Қазақстанның сыртқы істер министрлігі жоққа шығарды және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тиісті баспасөз түсіндірмесін таратты.

Сирияға әскер жөнелту бойынша ақпарға қатысты еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та пікір білдірді. Ол Қазақстанның өз әскерилерін Сириядағы деэскалация аймақтарына жолдау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатпағандығын мәлімдеді.

"Қазақстанның Астанада мүдделі тараптардың кездесулері үшін алаң ұсынуы біздің еліміздің Сирия дағдарысын реттеудегі нақты үлесі болып табылады. Қазақстан Сирияға өз әскери қызметшілерін жіберу бойынша ешкіммен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Сириядағы қақтығысты бәсеңдетудің төрт аймағының қауіпсіздігі мен тиімділігі қандай жолмен қамтамасыз етілетіні туралы мәселе Астана процесі кепілгер елдерінің құзырында. Олар осы және басқа да мәселелерді Қазақстан елордасында 4-5 шілдеде кезекті кездесу барысында талқылайтын болады", – деді ол.

Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы кез-келген жағдайда әлемнің қандай да бір аймағындағы қақтығыс ошағына өз бітімгерлерімізді жіберу мүмкіндігін қарастыру үшін бір маңызды қағидатты шарт орындалуға тиістігін, яғни БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарарының және осы ұйымның тиісті мандатының болуы міндет екенін түсіндірді. Тиісінше, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі рұқсатынсыз қазақ солдаты ол жаққа аяқ баспайтын болса керек.

Бір қызығы, қазақтар бұл хабарды дүрдие қарсы алса, қырғыздар тарапынан құлшыныс байқалды. Қырғыз республикасы парламентінің халықарлық комитетінің басшысы Қаныбек Иманалиев Сириядағы қауіпсіздік аймақтарына қырғыз әскерилерінің қатысуы жақсы тәжірибеге айналатынын мәлімдеді.

"Әзірге бізге, парламентке мұндай келісімнің жобасы келіп түскен жоқ. Бірақ Қырғызстанның ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) мүшесі болуы мұндай әрекеттерді қарастырады. Оның үстіне бұл жерде соғысқа қатысу туралы емес, қауіпсіздіктің сақталуына мониторинг жүргізу туралы сөз болып отыр", –  деді Қаныбек Иманалиев.

Қырғыз депутаты ҰҚШҰ-ға мүше барлық елдер, соның ішінде Қырғызстан да "ДАИШ" (Daesh, Қазақстанда тыйым салынған терроршыл ұйым) тарапынан қауіп-қатер көріп отыр. Бұдан бөлек, ол Қырғызстанның Ресей үшін стратегиялық әріптес болып табылатынын және ресейлік басшылықтың Сириядан төнетін қауіпке қатысты ұстанымын жақтайтынын алға тартты. 

Белгілі қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Сирияға қазақстандық әскерилерді аттандырса, Қазақстанға қандай қатер төнетінін тізбелеп айтып берді.

"Дипломатиялық омыртқаның иілгіштігі мен икемділігін омыртқасыз сыртқы саясатпен шатастырудың қажеті жоқ. Егер әлдекімнің басына біздің әскерилерді Сирияға айдау туралы ақымақ идея келсе, Қазақстан басшылығына бітімгершіл араағайын имиджімен қош айтыса беруіне болады. Сириялық дағдарыста бізді тек Ресейдің одақтасы ретінде ғана қабылдап қоймай, сондай-ақ мұсылман әлемінің бір бөлігін бізге қарсы көтереді. Батыс елдері де мұнымызды жақтыра қоймас. Одан кейін біздің мақтан тұтатын көпбағдарлы саясатымыздың да түте-түтесі шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бастаманың жақсылығынан, шығыны көп" дейді Досым Сәтпаев.  

Осы тұста бір жайтты еске сала кеткен жөн. Егер Қазақстан Сириядағы шиеленісті бейбіт реттеуге өз әскери кеңесшілерін жібергісі келсе және бұған БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің ұлықсаты алынса, жол ашық: тиісті заңнама елімізде бұрын түзілген.

2015 жылғы 28 мамырда Қазақстан парламенті ел тарихындағы ең алғашқы "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" заңын қабылдады. Бұл құжат Қазақстанға шетелге өз әскерилерін бітімгершілік мақсатта жұмсауына мүмкіндік береді.

Тиісінше, ол заң бітімгершілік қызметтің нысаны, сипаты мен мақсатын заңнамалық тұрғыдан реттеді. Бұған дейін бұл сала Конституцияда 53-баппен, "Қазақстанның қорғанысы және Қарулы күштері туралы" заңда 32-баппен, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңда тек бірнеше құқықтық нормамен ғана регламенттелген еді. Алайда олар бітімгершіл әскери қызметшілердің ғана емес, сондай-ақ азаматтық тұлғалардың да толық мүддесін білдірмейтін.

Жаңа заңда Қазақстанның бітімгершілік қызметінің негізгі мақсаттары мен міндеттері, әскери және азаматтық персоналды жіберу тәртібі, бітімгершілік қызметке қатысушы адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің жауаптылық шаралары, ұлттық контингенттің медициналық қамтамасыз етілуі және тамақтануы – бәрі-бәрі жазылған. Бұл ретте ондай миссиялардың қауіптілігі ескеріле отырып, заңда бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде әскери персонал үшін ақшалай қаражатты және азаматтық персоналдар үшін жалақыны үш есе көп мөлшерде төлеу қарастырылған.

Шетелдегі бітімгершілік операцияларына қатысып келген әскерилер мен азаматтық тұлғалар (дәрігерлер, инженерлер және басқалары) ұзақтығы 7-ден 21 күнге дейін санаториялық-курорттық емделеді, бітімгершілік операциясы аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде ұзақтығы 14 күнтізбелік күннен төленетін жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын алады. Бітімгершілікте жүрген кезінде олардың мемлекеттік органдардағы жұмыс орнының сақталуы кепілдендіріледі. ҚР үкіметі айқындаған тәртіппен қаза тапқан, мертіккен, сырқаттанған жағдайда бір жолғы өтемақы төлеу де көзделген.

Бұл заң ең алдымен, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болудағы және Бас ассамблеяның 71-сессиясына төраға лауазымына сайланудағы Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету үшін қажет болды. Сондай-ақ бұл посткеңестік кеңістікпен шектеліп қалмай, басқа елдердің әскери және азаматтық персоналымен тиімді қарым-қатынас орнату және әріптестікті нығайту үшін керек. 

Қалай болғанда, сыртқы істер министрлігіне сенсек, ресми Астана Сирияға әскер жіберу туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Бәлкім, бұл рас та шығар.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу