Қазақ шойын жолы Италия болат жолымен ұштасты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5146

Жаһандық нарықтарды игеру үшін Қазақстан, Ресей және Беларусь бірлесіп құрған темір жол компаниясы қайта құрылымдауды бастан кешуде.

Қазақ шойын жолы Италия болат жолымен ұштасты

"Бірлескен көліктік-логистикалық компания" ("Объединенная транспортно-логистическая компания" немесе "ОТЛК") АҚ-ында ұзақ ырғасқан үш ел ақыры келісімге келді. Осылайша, мұнда көптен күтілген тепе-теңдік орнап отыр. Әйтпесе, күні бүгінге дейін "Ресей теміржолдарының" "ОТЛК"-дағы еншісі 99,84% болып, қалған екі елге айтып, ауыз ауыртуға ұят 0,08%-дан ғана тиіп еді.

Бірден айталық, 2014 жылғы 13 қарашада тіркелген "ОТЛК" АҚ-ы Астанада үш президент Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойған жылы, одақ аясында өмірге келген тұңғыш интеграциялық бизнес-жоба болып табылады. Оны құру кезінде "Шығыс–Батыс" еуразиялық теміржол транзиті дәлізін ҚХР-дағы, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы және Еуропадағы жүк жөнелтушілер үшін тартымды ету мақсатында үш теміржолдың транзиттік әлеуетін біріктіру көзделген-тін. Алайда Ресей үлесінің қомақты болуы соның сөзін салмақты, үнін өктем еткен, өзгелердің қызығушылығын төмендеткен. Енді жағдай өзгеруде.

"Күні кеше "UTLC ERA" АҚ-ының жарғылық капиталында тепе-теңдікті сақтау міндетінің орындалуына қол жеткізілді. Осының арқасында енді Қазақстан, Ресей және Беларусь ұйым аясындағы жобаларды паритеттік бастамада басқаратын болады. Бүгінгі бірлескен көліктік-логистикалық компаниямыз – шынында мақсаттары ортақ, міндеттері бір әрі тең құқылы қатысушылардың жобасына айналды. Әсіресе, интеграциялық жобаларды жүзеге асыру кезінде бизнесті ұйымдастырудың дәл осындай тәсілдемесі аса маңызды. Өйткені ақырғы нәтижелер серіктестік деңгейі мен өзара әрекеттестіктің тиімділігіне тікелей байланысты болмақ", – деп компания президенті Алексей Гром  қайта құрылымдау қорытындыларына түсініктеме берді.

Бұдан бұрын, былтырғы 12 желтоқсанда "ОТЛК" АҚ-ы акционерлері кезектен тыс құрылтайға жиналған болатын. Онда үш "одақтас" мемлекет ортақ компанияны қайта құру туралы шешімді бірауыздан құптады. Сол ұйғарымға сәйкес, қазір, 2018 жылғы сәуір айының 5-інде оның орнына "ОТЛК Еуразиялық теміржол альянсы" құрылып отыр (ол халықаралық нарыққа "UTLC ERA", "UTLC Eurasian Rail Alliance" брендімен шығады). Компания жобаға қатысушы елдердің аумағы арқылы жүк транзитін ұйымдастыру және дамыту бойынша ОТЛК-ның негізгі өндірістік қызметін ары қарай жүзеге асыратын болады.

Бір атап өтер жайт, ұйым "активі жоқ" аталатын бизнес модель негізінде жұмыс жасауын жалғастырмақ. Салыстыру үшін айталық: біздің ел үкіметінде Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне және сол жолдағы барлық келіссөздерге жеке жауап берген министр Жанар Айтжанова бейресми "портфелі жоқ министр" деп аталғаны мәлім. Сол сияқты транзитті ұйымдастыруға жауапты UTLC ERA-ның да меншігінде ешқандай шойын жолдар, вагондар мен локомотивтер, деполар мен стансалар, тиісті персоналдар мен бригадалар жоқ.

Олардың орнына мұның барлығын компанияға біздің мемлекетімізден – "Қазақстан темір жолы" АҚ-ы, РФ-дан – "Российские железные дороги" ААҚ-ы, Беларусь елінен – "Белорусская железная дорога" мемлекеттік бірлестігі ұсынады. Тиісінше, енді осы үш ел "UTLC Eurasian Rail Alliance"-тың акцияларын 33,33%-дан теңдей бөлісті.

Компания басшылығы UTLC ERA-ның толық рәсімделіп болғанын, барлық қатысушы мемлекеттер өздеріне тиесілі үлестерді иеленгенін хабарлайды.

Осының арқасында "теміржолдық альянстың" анағұрлым қарқынды өрістеуіне, өркен жаюына, оның жобаларын ілгерілетуге барлық үш ел бірдей ынталы болады деген сенім артылуда.

Компания бүгінде Қазақстан, Ресей және Беларусь жері арқылы тұрақты контейнерлік пойыздар құрамымен Қытайдан Еуропаға жүк жеткізуді жүзеге асырады. Таяуда батыс елдерінен кері бағытта да жүк тасымалдау үшін тапсырыс берушілерді тапқанын, яғни вагондардың басым көпшілігі бұрынғыдай бос салдырап қайтпайтынын жария еткен. 

Осы орайда қазақтарға осы "активі жоқ" компания қаншалықты қажет деген сауалға жауап іздегенде оның қаржылық көрсеткіштеріне үңіле кеткен жөн.

Компания өз қызметінде ұдайы жоғары нәтижелер көрсетіп келеді екен. Атап айтқанда, 2017 жыл қорытындысы бойынша "Азия–Еуропа–Азия" бағытында Қазақстан, Ресей және Беларусь аумақтары арқылы осы контейнерлік оператор ұйымдастырған тасымалдар көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 75%-дан астамға артыпты. Сөйтіп, 175 мың TEU-ге жетті (1 TEU 20 пұттық бір контейнерге тең). Тұтастай алғанда, былтыр ол 2 мың 102 жүк пойызын тең-тең жүк артып, көзделген жеріне атандыра алған.

Тепе-теңдік жаңа ғана орнап отырғандықтан, осының алдында ғана "Бірлескен көліктік-логистикалық компания" 2017 жыл қорытындысы бойынша өзінің қаржылық есептілігін бухгалтерлік есептің ресейлік стандарттары (РСБУ) бойынша жария етті. Яғни, төл теңгемізде түсіну үшін ондағы сандардың барлығын 5,5-ке көбейту керек.

Сонымен, өткен жыл нәтижесінде ОТЛК-ның табысы 8 миллиард 268 миллион рульді құрады. Бұл 45 миллиард 474 млн теңгеге тең. Бірақ былтырғы табысының басым бөлігі, 6 млрд 925 млн рубль "ТрансКонтейнер" компаниясы акцияларының дивидендтерінен түскен екен. Бұл факторды алып тастар болсақ, оның "таза табысы" 1 млрд 344 млн рубль болып шығады. Бұл алдыңғы жылғыдан екі еселенген түрі көрінеді. 

Жалпы, компанияның кірісі де 2017 жылғы 12 айда 67%-ға ұлғайып, 13 млрд 901 млн рубльге жетті. 2016 жылы небары 8 млрд 314 млн рубль болыпты. Сатудан түскен кірісі де екі еседен астамға көбейіп, 1 млрд 433 млн рубльді құрады.

Бірақ жаңа теміржолдық альянстың келешегі жақсы сияқты. UTLC ERA енді Италия теміржолымен ұштаспақ. Осы мақсатта ол MercitaliaRail компаниясымен контейнерлік транзит саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум бекітті. Қол қою рәсімі Миланда өтті. Mercitalia Rail – темір жолмен жүк тасушы аса ірі италиялық компания саналады. Қытайдан бастап, тауарларды Қазақстан, РФ және Беларусь жері арқылы еуроодаққа жеткізу осы құжаттың басты мақсаты болып отыр. Италиялық темір жол осы транзитті қолайлырақ етеді және "клиенттер үшін еуропада жаңа көліктік өнімдердің пайда болуына жол ашады" деп мәлімделді.

Әрине, итальяндықтар да бұл қадамға тек қайырымдылық тұрғысынан барып отырған жоқ.

"Біз UTLC Family отбасына бекер кіріп отырған жоқпыз. Бұл келісім біздің мүддемізге жауап береді, себебі, ол бізге Еуразияның қарқынды түрде өсіп келе жатқан тауарлар нарығына шығуымызға мүмкіндік туғызады. Бұл жоба біздің бизнес-жоспарымызға тамаша кірігіп отыр. Өйткені компаниямыз қазір халықаралық нарықтарға көбірек бағдарлана бастады", – деді халықаралық ақпарат агенттіктеріне сұхбатында Mercitalia Rail бас директоры Готелли мырза (Gian Paolo Gotelli).

Расында, Қытайдан Қазақстан жері арқылы ұсынылып отырған бағдар Суэц каналы арқылы теңізбен тасымалдауға қарағанда үш есеге жылдам. Жүктер Қазақстан арқылы Ресей асып, Беларусқа жетіп, ары қарай Польша, Германия және Италияға дейінгі 11 мың шақырымды небары 14 күнде басып өтеді. 

Қол қойылған келісімге сәйкес, еуразиялық теміржол альянсы "Достық/Алтынкөл (Қазақстан) – Брест (Беларусь) – Калининград (РФ)" темір жол бағытында логистикалық және теміржол сервисін ұсынатын болады. Сарапшылардың айтуынша, 5430 шақырымды құрайтын бұл бағытты пойыздар қазір 5 тәулік ішінде басып өтеді. Тәулік сайын осы бағдармен 6 пойыз әрлі-берлі қатынауда.

Өз кезегінде Mercitalia Rail жүктердің еуропалық одақ аумағындағы ары қарайғы теміржол тасымалын қамтамасыз етеді. Бұл ынтымақтастық қазір Қытайдан еуропаға ағындаған жүк тасқынының арта бастауына байланысты өзектілікке ие болуда. 

Бұл ретте "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы 2018 жылғы 4 сәуір күні "Лодзь (Польша) – Ченду (ҚХР)" бағытында да контейнерлік пойыз тұңғыш рет қазақстандық Алтынкөл шекаралық станциясы арқылы өткенін хабарлайды. Теміржол жылжымалы құрамы қырық футтық 41 контейнерден тұрады. Олар "Қорғас–Шығыс қақпасы" АЭА Құрғақ портында өңделді.

"Польшадан Қытайға қатынайтын контейнерлік пойыз ендігі жерде тек Алтынкөл стансасы арқылы тұрақты жүретін болады. Халықаралық жүк ағындарын "Достық – Алашанькоу" мемлекетаралық шекаралық өткелінен "Алтынкөл – Қорғас" бағдарына алмастыру жылжымалы құрамды тар табанды (1435 мм) жолдан кең табанды (1520 мм) жолға алмастырып, өңдеу мерзімін азайтады. Сонымен қатар кедендік ресімдеуді жеделдетеді", – дейді "KTZ Express" АҚ-ының контейнерлік тасымалдау департаментінің директоры Алмат Кәрімов.

Ол "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порттың инфрақұрылымы мен "Алтынкөл" стансасы "Қытай–Еуропа – Қытай" бағдарындағы ірі көлемдегі жүк ағынын өңдеуге әзір екендігін мәлімдеді.

"Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА арқылы халықаралық жүк ағынын дамыту Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің санын көбейтіп, бәсекелестікке сай тасымалды қамтамасыз етуге серпін береді.

2017 жылы "Қытай – Еуропа – Қытай" бағдары бойынша Қазақстан аумағы арқылы 201 мың TEU транзиті өтті. Ал 2018 жылы бұл межені 346 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Егер одақтың теміржолдық бірлескен альянсының ұзақмерзімді жоспарына тоқтала кетсек, UTLC ERA 2025 жылға қарай үш ел арқылы өтетін тасымалды он есеге арттырып, 1 миллион TEU-ге (20 пұттық контейнерге) жеткізбек ниетті.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу