Қазақ теңгесін санкцияның ызғары тоңдыра бастады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4105

Мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталған кезде Ұлттық банктің жағдайды бақылауға мүмкіндігі бар.

Қазақ теңгесін санкцияның ызғары тоңдыра бастады

Өткен түнде айырбастау пункттерінде 1 АҚШ долларының құны 383 теңгені төңіректеді. Жыл аяғына дейін 400 теңгеге жетіп жығылады деген болжамның ауылы жақындап қалғандай. Теңге тек тамыз айында ғана 0,2 пайызға құнсызданды. Күні бүгінге дейін жағдайдың бақылауда екендігіне сендіріп келген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев алдағы жылдары инфляция деңгейі артуы мүмкін екенін ашық айтты.

"2019-2020 жылдары инфляция деңгейі жоғары болуы мүмкін. Яғни белгі­ленген дәлізден асып түседі. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ресей­ге қарсы санкциялар күшейіп жатыр. Бұған қоса, теңгенің әлсіреуіне мұнай ба­ға­сының төмендеуі және әлеу­мет­тік шығындардың арта түсуі де айтар­лықтай ықпал етеді", – деді Данияр Ақышев. 
Сарапшылардың болжамы және нарықтағы негізгі ойыншылардың үмітіне қарамастан, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайыздық дәлізде қалдырды. Бұл реттеушінің базалық ставкасы да, мұнай бағасы да теңгенің құнын айқындау факторы емес деген сарапшылардың пікірін нақтылай түсті. Ұлттық банк мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде ғана осындай мүмкіндікке ие болатыны бұрыннан белгілі еді. Енді жағдай бұрынғысынан да күрделеніп кетті. Қаржы нарығы мен ұлттық валютамызды санкцияның салқыны тоңдыра бастады.

Тәуелсіз сарапшы Евгений Киселев Ұлттық банктің келесі шешімі ресейлік Орталық банктің шешіміне және инфляцияның беталысына тәуелді екенін айтады. 2019 жылы жылы көмірсутегінің құны көтерілетінін, алдағы айларда 80-90 АҚШ долларына жететінін америкалық сарапшы Джон Килдуф CNBC-ге сұхбат бергенде айтты. АҚШ-тың Иран­ның мұнай экспортына сал­ған санкциясы мұнай бағасына әсерін тигізеді. Демек, Қазақстан сияқты негізгі табысы макроэкономикадан құралатын мемлекеттердің қаржылық-экономикалық жағдайына оң әсер етуі де әбден мүмкін екен.

Бірақ...
Мұнай бағалары салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталған кезде, Ұлттық банк жағдайды бақылап отырмыз деуіне мүмкіндігі болғанымен, мұнай бағасын бізге тиімді бағада ұстап тұруға құзіреті жоғын айтады. Жағдай бұлай жалғаса берсе, бізді инфляциядан қымбат мұнай да құтқара алмайды

"Қазіргі уақытта қымбат мұнай бағасы девальвация емес, ревальвация қаупіне ұрынады", – дейді тәуелсіз сарапшы Евгений Киселев.

Ал сарапшылар болса 9 пайыздық мөлшерлеменің жыл аяғына дейін төмендемейтінін айтып жатыр.

"Ұлттық банктің ендігі шешімі ресейлік Орталық банктің шешіміне байланысты. Теңгенің әлсіреуі инфляцияға кері әсерін тигізіп, соңында базалық мөлшерлеменің өсуіне әкелуі мүмкін. Бірақ сарапшылардың басым көпшілігі жыл аяғына дейін өзгермейтінін айтып отыр", – дейді Евгений Киселев.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырған күннің ертеңіне, 2019-2020 жылдардағы инфляция туралы өзінің болжамын нақты айта алмайтынын байқатып қойды. Сарапшылар базалық мөлшерлеме төмендесе, инфляция дәлізінің 7 емес, 5 пайыз болып қалуы әбден мүмкін екенін, бұл Ұлттық банкке ғана тиімді екенін айтып отыр.

"Базалық мөлшерлемені төмендете берудің тәуекелі жоғары. Бұл ұлттық валютаға қалыпты мұнай бағасы да әсер етпейтінін, теңгенің Ресейдің рублімен берге санкцияның қыспағына түсіп қалғанын дәлелдеп тұр. Бұл экономика субьектілерінің Ұлттық банк жүргізіп отырған саясатқа деген сенімін төмендетті" , – дейді Евгений Киселев.

Евгений Киселев сөз арасында Ұлттық банктің қазіргі әрекеті инфляцияны және банк депозиттеріндегі доллардың үлесін көбейтуді жылдамдататынын айтады. Жағдай бұлай жалғасса, халықтың табысының төмендеуі мен кепілсіз берілетін тұтынушылық несиесінің күрт артып кетуіне алып келуі мүмкін.

Бұл мемлекетке де, банктерге де қауіпті
"Ұлттық банк өзінің саясатын қазіргі жағдайға бейімдеуі керек. Ресейге бағытталып отырған санкция белгілі бір деңгейде ықпал ететіні де мемлекеттік деңгейде мойындалуға тиіс. Олардың қазіргі жүргізіп отырған саясаты бас реттеушінің емес, жағдайды сырттан бақылап отырған бейтарап ұйымның тірлігіне көбірек ұқсайды", – дейді Евгений Киселев.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 8 тамызында Вашингтон Ресейге қатысты бірқатар жаңа санкция жариялады. Бұл жолғысы – Ресейдің мемлекеттік қарызына және бірнеше ірі банкке қатысты. Осы санкциялар пакетін енгізгеннен кейін, 8 тамызда доллар бағамы айырбастау пункттерінде 357 теңгеден асып кетті. Қыркүйекте 360 теңгеден асып, 370 теңгеге тұрақтаған еді. Ал кеше 380 теңгеден асып жығылды.

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы, Ұлттық банк өкілдері сарапшылар мен журналистермен кездескен кезде базалық мөлшерлемені бірден 50 базалық пунк бойынша төмендетіп жібергенін түсіне алмай отырғанын айтты.

"Бірақ бұл шешімнің себептері 2017 жылы Қазақстанның экономикасы үшін оңтайлы нәтижелерді қалыптастырғанын көрдік. Егер алдағы жылдары мұнайдың баррелі 60 АҚШ долларынан төмен болмаса, Ұлттық банктің шешімі оң өзгерістер әкелуі мүмкін", – дейді қауымдастықтың сараптамалық орталығының өкілі Павел Афанасьев 
Павел Афанасьев осы тұста былтырғы жылы инфляция 7,1 пайыз деңгейінде болғанын, Ұлттық банк белгілеген дәліз деңгейінен аспағанын еске салды. Дәл қазір базалық мөлшерлемені ұзақ уақытқа дейін бір мөлшерде ұстап тұру елдегі пайыздық мөлшерлеменің деңгейін бізге тиімді мөлшерде тұруына мүмкіндік береді екен.
"Қазіргі Ұлттық банктің саясатына валюталық алыпсатарлар кедергі келтіріп отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, келер жылы да инфляция деңгейін 5-7 пайыздық деңгейде ұстай алмаймыз. Халықтың басым көпшілігінің табысы төмендеп барады. Инфляцияға Ұлттық банктің саясаты емес, ұсыныстың төмендеп кетуі де себеп болуы мүмкін", – дейді Павел Афанасьев.

Қаржыгер Ерлан Ибрагим барлық кедергі – нарықтық механизмнің болмауы, реттеуші ұйымдардың қазақстандықтарға банк секторы туралы толыққанды ақпараттар бермей отырғандығы дейді. Банктерге қатысты клиенттердің көзқарасы үкіметтің жүргізіп отырған саясатын дөп басқандай: "Соңында үкімет банкті банкрот деп жариялайды немесе банктерді бір-біріне қосады. Мәселе осымен бітеді".

"Қазіргі жағдайға банктердің қатысы бар. Олар сенімді ақтамады. Ал Ұлттық банкте қазіргі жағдайды талдап беретін мүмкіндік бар. Бірақ олардың шындықты неге жасырып отырғанын түсінбеймін", – дейді Ерлан Ибрагим.

Ерлан Ибрагим осы ретте Ұлттық банк "халықты тұтынушылық несиеге көптеп тарту арқылы банктер қосымша қаржы түсіреді. Банктер оны экономикаға салады" деген тәтті үміттен әлі күнге дейін сенімін үзбей отырғанын айтады. Ұлттық банктің айтарын қабағынан танитын банктер ШОБ пен өндірісті айналып өтті де, тұтыну несиесіне көңіл бөліп кетті.

"Жаңа теледидарлар, ұялы телефондар мен пәтерлерді жоғары пайызбен несиеге беріп, экономиканың өсіміне жете алмаймыз. Бұл өткенге қайта оралу деген сөз. Бұлай жалғаса берсе, 2008 жылғы жағдай қайталанатын болады", – дейді Ерлан Ибрагим.

Сол себепті Ұлттық банктің қаржылық-несиелік саясатын сыртқы фактордың ыңғайына қарай бейімдейтін кез келді.

Егер Ұлттық банк әлсіреп бара жатқан банктерді жанталасып қорғамағанда, біз пайыздық мөлшерлеменің қозғалысына тәуелді болып қалмас едік, деген Ерлан Ибрагим осы тұста бірнеше апта бұрын Ұлттық банк баспасөз хабарламасын жариялағанын айтты. Онда ол банктердің облигацияларына жылдық 12% мөлшерінде 200 млрд теңге орналастырғанын көрсетті. Бұл қаржыны БЖЗҚ-дан алған.
"Бұл олардың қаржы қорының жеткілікті емес екенін көрсетіп тұр. Әлемдік нарық қас-қабаққа қарап есеп беретін біздің ел емес. Өзгеретін, бейімделетін кез келді", – дейді Ерлан Ибрагим.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу