Қазақстан "айылбасы" атануы мүмкін

1717

Қазақстан жаһандық инвесторлардың ұсынысымен өз брендін ауыстыратын болды.

Қазақстан "айылбасы" атануы мүмкін

Бұл туралы бүгін елордадағы "Ritz Carlton" қонақүйінде өткен "Kazakhstan Global Investment Roundtable-2018" жаһандық инвестициялар жөніндегі жиында үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

"Күні бүгінге дейін біз Қазақстанды "Еуропа мен Азия арасындағы көпір" деп ұлықтап келген едік. Бірақ қазіргі заманғы жаңа Жібек жолы, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы тұрғысынан алғанда, Қазақстан шын мәнінде де, "белдіктің айылбасы" болып табылады", – деген үкімет жетекшісі енді Қазақстанды осылай дәріптеуге болатынына келісті.

Түсіндіре кетсек, бұл терминді жиын барысында SUN Group алпауыт компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Шив Хемка ұсынды. Ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Астанаға сапары кезінде жария еткен "Бір белдеу, бір жол" бастамасын тілге тиек етті. Бұл бастама халықаралық айналымда "One Belt, One Road", яғни дәлме-дәл аударғанда "бір белбеу, бір жол" болып аударылатыны мәлім.

"Өздеріңіз білесіздер, белбеу өте қымбат, зерлі, әдемі болуы мүмкін, бірақ оның айылбасы болмаса немесе онысы жұмыс жасамаса, онда бүкіл белбеу пайдасыз болып қалады. Ондай белбеуді лақтырып тастауға тура келеді. Сол сияқты Қытай тарапы "One Belt" бастамасына қанша миллиардтар төксе де, қанша күш-жігер бағыттаса да, ол Қазақстансыз жүзеге аспайды. Өйткені Қазақстан осы жаһандық белбеудің айылбасы (пряжка ремня) болып табылады. Белбеудің дұрыс реттелуі, лайықты деңгейде қысып ұстауы, яғни іске жарауы да тікелей Қазақстанға тәуелді", – деді Шив Хемка.

Бұл идеяны америкалық экономист, IHSMarkit компаниясының вице-төрағасы, энергетика, халықаралық саясат және экономика саласындағы танымал әрі беделді кеңесші Даниэл Ергин қызу құптады.

"Маған "белбеудің айылбасы" концепциясы қатты ұнап отыр. Оның қазақ тілінде, не орыс тілінде қаншалықты әуезді дыбысталатынын білмеймін, бірақ ағылшын тілінде "belt buckle" (белт бакл) болып, өте жақсы естіледі. Бұл өте қызықты ұғым. Құрметті Сағынтаев мырза, мұны Қазақстанның брендіне айналдыруларыңыз керек!", – деді премьерге қайырылған Даниэл Ергин.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұған қуана келісті.

Жиында инвестициялар тарту және қор нарығын дамыту мәселелері көтерілді. Осы орайда ел үкіметінің инвесторларға жағдай жасау үшін маңызды бір шешім қабылдағаны жария болды. Нақтырақ айтсақ, мемлекет KASE тағдырын шешіпті.

Бұл ретте Renaissance Capital бас экономисі Чарльз Робертсон Қазақстан қор биржасының тым шағындығына шағымданған болатын. Оның айтуынша, қанша санкциялық қыспаққа түссе де, дәл осы қор нарығының дамуы арқасында Мәскеу өңірдегі ең маңызды қаржы орталығына айналуда.

"Инвесторлар еркін қимылдауды қалайды. Бірақ Қазақстанда бұған қаржы мен өтімділіктің жетпеуі және аздығы кедергі келтіреді. Мысалы, мен бірде он миллион долларға акциялар сатып алмақ болдым. Алайда KASE-дегі орташа сауда көлемі үлкен емес. Орташа есеппен 50 мың доллар ғана. Яғни, он миллион инвестиция салу үшін ең аз дегенде 2,5 ай кететін көрінеді. Мен осынша қаражатты Грузияда әлдеқайда тезірек ілгерілете аламын: 3,5 миллионнан үш күн ішінде қажетті инвестицияны өткізуіме мүмкіндік бар", – деді ол.

Дегенмен, Грузияның проблемасы сол, олардың қор биржасында "сапа жоқ" екен.

"Сондықтан біз жергілікті нарық пен ондағы өтімділіктің болуын күтеміз. Біз мұны Ресейден тауып отырмыз. Нәтижесінде, инвесторлар өз қаражатын Ресей арқылы жылжытуда. Және Мәскеу қазір өте ірі өңірлік қаржы орталығына айналуда", – деген Чарльз Робертсон егер Қазақстанда лайықты жағдайлар түзілсе, капитал бері ағатынына сенім білдірді. Өйткені Ресейге қарағанда, Қазақстанда валюта арзанға түседі.     

Мұны естіген үкімет басшысы листингке қатысты жағдай жақсаратынына сендірді.

"Бұдан былай KASE шағын бизнеске арналған биржа болады. Ал ірі инвесторларға арғыкүні халықаралық тұсауы кесілетін "Астана" халықаралық қаржы орталығы қызмет ететін болады", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Өз кезегінде SUN Group алпауыт компаниясының басқарма төрағасының орынбасары АХҚО-ның Дубайдай орталыққа айнала алатынын болжады.

"Мен бала кезімде, 1974 жылы Дубайға алғаш сапарлап бардым. Бұл шағын ғана кент болатын. Шөл даланың ортасында кішкентай ғана әуежай тұрды, бірақ сол кездің өзінде ол "дьюти фри" (салықтан босату аймағы) ретінде жұмыс жасай бастаған. Ол бірте-бірте өзінің табыс тарихын жазып шықты. Қазір бұрынғы жағдайымен салыстырсаңыз, айырмашылығы керемет", – деді Шив Хемка.

Себебі, инвесторлардың байламынша, Дубай қаржылық қызметтерді озық деңгейде көрсетуге, өзінде адами капиталдың өркендеуіне, әлемнің әр елінен ең үздік мамандарды тартуға, заңнамасын жеңілдетіп, барша инвесторларға жағдай жасауға күш салды.

"Қазақстан да осы жолмен жүріп келеді. Қаласаңыздар, жағдай жасасаңыздар, Қытайдан да, Үндістаннан да жетекші мамандар Астанаға ағылып келеді, қаланы жаңа белестерге көтереді. Сонда Халықаралық қаржы орталығы ретіндегі Астанадағы шетелдіктер саны Дубайдағы жатжұрттық мамандар санына тез-ақ жетеді", – деп түйді SUN Group басшылығының өкілі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу