Қазақстан 3 трлн доллардан үлес алуға тиіс

11963

Еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға насихат пен жарнама жетпейді. 

Қазақстан 3 трлн доллардан үлес алуға тиіс

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы Қытай, Үндістан, БАЭ, Польша мемлекеттерінен келген МICE агенттіктерінің өкілдеріне Қазақстан бойынша ақпараттық тур ұйымдастырды.

Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, шетелдік мамандар Астана, Алматы қалаларындағы іскерлік туризмге қатысы бар нысандарды аралап, көрнекті орындармен танысқан. Сонымен қатар халқымыздың мәдениетімен сусындап, ұлттық тағамдарымыздан дәм татқан.

Workshop және B2B форматында өткен жиында Қазақстанның іскерлік туризмді ілгерілетудегі ілкі жобалары таныстырылып, туризм саласы бойынша халықаралық ынтымақтастықтың тамырын тереңдету мәселесі талқыланды.

Аbctv.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының бас менеджері Ақбота Қалиева мәселенің мән-жайын төмендегідей түсіндірді: "Әлемде МICE-туризм деген ұғым бар. Мұны қазақшалайтын болсақ, іскерлік туризм деген түсінік пайда болады. Туризм индустриясының дәл осы бағыты түрлі корпоративтік шара өткізуді мақсат тұтады. МICE-туризм 4 негізгі бағытты қамтиды. Олар: meetings – корпоративтік кездесулер, таныстырылымдар, келіссөздер, incentives – мотивациялық турлар, тимбилдингтер, корпоративтік мерекелер, conferences – конференциялар, конгрестер, съездер, форумдар, семинарлар, exhibitions – көрмелер, имидждік іс-шаралар, фестивальдар, қайырымдылық концерттері, пресс-турлар және PR-оқиғалар. Осының басы-қасында арнайы агенттер жүреді. Олар қай шараны қай елде, қанша қаржыға өткізу мүмкіндігі бар екенінен бастап, оның нәтижесі қандай болатынына дейінгі аралықта ақыл-кеңес беріп, қызмет көрсетеді. Осы жолы біз Қытай, Үндістан, БАЭ, Польша мемлекеттерінен келген МICE агенттіктерінің өкілдеріне ақпараттық тур ұйымдастырдық. Себебі бұл елдермен туризмге қатысты мәселелердің барлығы үкімет деңгейінде шешілген".

Бас менеджердің мәлімдеуінше, МICE агенттіктерінің өкілдері Қазақстанға қатты қызыққан және алдағы уақытта міндетті түрде туристер легін біздің елге бағыттауға уәде берген.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы былтыр Ресей Федерациясының МICE агенттіктерімен байланыс орнатты. Нәтижесінде елімізге солтүстіктегі көршімізден келетін туристердің саны артты. Биыл Бейжің мен Барселонада workshop ұйымдастыру жоспарланған. Бұл бастаманың қорытындысы жақсы болады деп үміттенеміз", – деді Ақбота Қалиева.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы өкілінің мәліметінше, МICE-туризм бойынша әлемде 3 трлн доллар айналады. Қазақстан осы сомадан өз үлесін алып қалуға тиіс.

"Біздің елімізде саясат, экономика, спорт салалары бойынша түрлі ауқымды шара өткізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым бар. Мәселен әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер, халықаралық жиын өткізуге арналған сарайлар, халықаралық стандартқа сай салынған спорт кешендері. Осының барлығын  кез келген деңгейдегі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыратын алаң ретінде шетелдіктерге жалға беретін  болсақ, қазынаға қомақты қаржы түседі", – деді Ақбота Қалиева.

Wizcraft МICE агенттігінің менеджері, үндістандық Саурабх Мантри аbctv.kz тілшісімен әңгімелескенде Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға насихат пен жарнама жетпейтінін айтты.  

"Сіздердің мемлекеттеріңізді мұнайға бай ел деп қана елестететінмін. Шынымды айтсам, сәулет өнерінің тың туындылары бар екенінен бейхабар болдым. Қазақстаннан Үндістанның ең әйгілі ғимараты Тәж Махал сияқты көздің жауын алатын ғимараттарды көремін деп ойлаған жоқпын. Өкініштісі, Үндістанда сіздердегі сұлулық пен қонақжайлықты ешкім білмейді. Меніңше, сіздерде туризмнің насихаты ақсап жатқан сияқты", – деді ол.

Сөз арасында Саурабх Мантри Қазақстан мен Үндістан арасындағы туризмнің дамуына дәнекер болуға атсалысатынын жеткізді.

"Біз рэпер Jay-Z пен поп-королі болған марқұм Майкл Джексонның концерттерін ұйымдастырғанымызбен ғана емес, әлемдік деңгейде іскерлік туризмге қосқан қомақты үлесімізбен танымалмыз. Біздің компанияның бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асты. Үндістаннан әлемнің кез келген нүктесіне бір 200-500 турист апарып жүрміз. Бұған дейін Лондон, Париж секілді қалаларда іскерлік туризмге қатысты жобаларымызды жүзеге сәтті асырдық. Бізді Қазақстанның архитектурасы мен ұлттық тағамы қатты қызықтырды. Сіздердің қонақжайлықтарыңыз менің отандастарымның да көңілінен шығады және мен оларды бастап Қазақстанға бір емес, бірнеше рет келемін деп үміттенемін", – деп түйді ойын Wizcraft МICE агенттігінің менеджері.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу