banner

Қазақстан әлем елдерінің жүгін жеңілдетеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2525

Бұл үшін болашақ энергиясының жаһандық институтын құру қажет.

Қазақстан әлем елдерінің жүгін жеңілдетеді

XI Аcтана экономикалық форумы 6 мыңнан астам адамның қатысуымен ғана емес, тың бастамалармен және форумда айтылған оқшау ойлармен ерекшеленді.

Елді елең еткізген бірегей бастама – Нобель сыйлығы лауреаттарының жаһан жұртына болашақ энергиясын ілгерілету манифесін жариялауы болды. Манифесті әлемдегі барлық Нобель сыйлығы лауреаттарының атынан

12 адамнан құралған ұйымдастыру комитеті әзірледі.

Дүниежүзіне  халықаралық EXPО-2017  көрмесіндегі идеяларды тарату үшін Қазақста қандай қадамға баруы тиіс екені тәптіштелген құжатта болашақ энергиясының жаһандық институтын құрудың маңыздылығына мән берілді.

Осы турасында Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури:

"Әлемнің бүкіл елдерімен ұлттық деңгейде байланыс орната алатын болашақ энергиясының жаһандық институты құрылатын болса, әлемнің әрбір елі үшін жол картасын әзірлеудің жүгі жеңілдейді", – деді.

Оның ойынша, жаһандық  институт оңтайлы технологиялық шешім қабылдауға жағдай жасайды.  

"Энергетикалық сектор осыдан 50 жыл бұрынғы білімге арқа сүйеп отыр. Бұған көмірсутек шикізатын жағатын жылу электр стансалары дәлел. Меніңше, бұл өте ескі технология. Электрмен жабдықтау жүйесі соңғы 5-6 жылда айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Қазақстан тамаша ел және оның басшылығы болашақ энергиясының жаһандық институтын құру арқылы қазіргі кемшіліктің орнын толтырады деп ойлаймын", – деді  Нобель сыйлығының лауреаты.

Форумда сөз болған тағы бір ілкімді ізденіс – мемлекеттік кірістер комитетінің салықты әкімшілеуге блокчейн технологиясын енгізуге ниет танытуы болды. Бұл туралы инновациялық технологиялар паркінің бас директоры Санжар Кеттебеков: "Бүгінде блокчейн технологиясын енгізу бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің блокчейн технологиясын пайдаланып, қосылған құнға арналған салықты әкімшілеуге қатысты үлкен жобасы бар", – деді.

Бас директордың мәлімдеуінше, алдағы уақытта елімізде онкология саласына жасанды интеллект енгізіледі. Нәтижесінде дерт дер кезінде анықталады.

Экономикалық форумдағы оқшау ойларға келетін болсақ, "Sens" ғылым қорының төрағасы Обри Ди Грейдің пікірінше, кез келген адамның қартаюы адамзаттың үлкен проблемасы екен. Ол көлік қалай жөнделсе, адам солай емделуі тиіс деген пікірді алға тартты.

"Қазір біз адамды емдеу шараларына басымдық береміз. Ондай медицина артта қалады. Болашақтың медицинасы адам ағзасындағы процестерді қалпына келтірумен айналысатын болады. Көлікті қалай жөндесек, болашақтың медицинасы адамның денсаулығын солай қалпына келтіреді. Жасушаларды жаңарту, генетикалық терапия алдыңғы қатарға шығады. Дәл осы салалар адамның денсаулығын жақсартып, өмірін айтарлықтай ұзартады.

Мұндай өзгерістердің экономикалық эффектісі өте үлкен болады. Болашақта адамды жасартатын медицина болады. Ол адамзаттың өмірін түбегейлі өзгертеді. Адамның өмірі ұзарады. Демек қазіргі салық төлеушілер, жұмысшылар, дауыс берушілер ұзақ жасайды. Біз бұл туралы ойлануымыз және алдын ала жоспар жасауымыз қажет. Себебі адамның өмірі ұзарған сайын оның экономикадан алатын үлесі көбейеді", – деді Sens" ғылым қорының төрағасы.

Хайфа университетінің профессоры Гил Ацмон жыл сайын әлем тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 2-3 айға ұзарып келе жатқанын тілге тиек етіп, 2018 жылы туған балалар үшін 100 жыл өмір сүру қалыпты жағдайы болуы мүмкін екенін жеткізді.

"Болашақта адамдар ең кемі 120 жыл, тіпті 200-500 жылға дейін өмір сүре алады. Мұны қалай жүзеге асырамыз? Адамның жеке экономикасын қолданамыз, бұлшықеттер инженериясы, жасушаларды өзгерту, нанотехнологиялар бар. Яғни  адам ағзасына кішкентай роботтар енгізіліп, қажетсіз жасушаларды алмастырып отырады. Адамның тұтас денесін алмастыра алады және 200 жастағы дені сау адамды қоғамға қайтара аламыз", – деді  Гил Ацмон

Бұдан кейін ол ұзақ өмір сүруге ішімдік ішу мен темекі шегу кері әсер ете алмайтынын айтты.

"Ұзақ өмір сүрушілердің жартысына жуығы 70 жыл бұрынғыдай алкаголь тұтынып, темекі шегіп жүр. Ұзақ өмір сүру мен сүрмеу дәл осы факторға байланысты емес", – деді ол.

Форумда әйгілі футуролог, физик-теоретик Митио Каку адамдар мен роботтардың бәсекесінде "жан иелерінің" бәсі биік болатынын баяндады.  Оның пікірінше, роботтар қоғамнан адамдарды тықсырады, бірақ олардың орнын біржола  алмастыра алмайды.

"Роботтар зияткерлік капитал мен инновациялық-шығармашылық тұрғыда адамдардан төмен тұрады. Себебі олар кейбір қарапайым дүниелерден бейхабар. Роботтар  әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынас дегенді түсінбейді. Төртбұрыш пен үшбұрыш сызып, аумақты өлшей алмайды. Бұған қоса роботтар адамдармен қарым-қатынасты талап ететін полиция, криминалистика, сот, оқытушы сияқты мамандықтарды игермеген.

Мысалы полиция қылмыскердің дүниетанымымен жұмыс істейді, ал бұл роботтың қолынан келмейді. Роботтар ән жаза алмайды, жетекші болып, тиімді шешім қабылдай алмайды. Сондықтан роботтарға  адам өміріндегі көмекші құрал деп қана қарау керек", – деді Митио Каку.

Айтпақшы форум барысында қазақ әніне қатысты жағымды жаңалық жылт етті. Кез келген бейтаныс әуеннің атауын тауып беретін Shazam қосымшасының негізін қалаушы Крис Бартон Shazam қосымшасына қазақ әндерін тану мүмкіндігін қосуға дайын екенін жеткізді.

"Shazam бүкіл әлем музыкаларын, мәселен, жапон, корей, қытай, үнді әуендерін тануға ден қояған. Біз өзіміздің қосымшамызға қазақ музыкасын қосу мәселесін қарастырамыз", – деді Крис Бартон.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу