Қазақстан әзірге Орталық Азияда инвестициялық хабқа айнала алмай отыр

2523

Орталық Азияға түсетін жалпы инвестицияның 61%-ы Қазақстанға тиесілі, көршілеріміз бұл бағытта кенже қалғанымен, біздің елге инвесторлардың қызығушылығы төмендегені байқалады.  

Қазақстан әзірге Орталық Азияда инвестициялық хабқа айнала алмай отыр

Екі жыл ішінде инвестициялық штабпен 150 проблемалық сұрақтар анықталды, оның ішінде болашақ инвестор талабына сай жобаның болмауы, соңғы гео-ахуалға байланысты логистикалық тізбектің бұзылуы, бүкіл инвестициялық базаның бір – мұнай-газ саласына шоғырлануы жетекші рөл атқарады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі сарапшылар пікірін негізге ала отырып. 

Қазақстанның Өңірлік инвестициялық хаб болу-болмауын сөз еткенде, түрлі мысалдар мен сандар келтіріледі. Тәуелсіздік алғалы бері біздің жалпы ұлттық табысымыз 420 млрд доллардан асты. Былтыр көрсеткіш жылдық мәнде 22%-ға артты. 

"Әрине, бұл ең мықты нәтиже емес, 2010-2012 жылдары бұл көрсеткіш 300-500 млн доллардан жоғары еді. Мен неге нақты осы кезеңге тоқталып отырмын, себебі біз сол кезден бері 2 девальвацияны бастан кешірдік, ЖІӨ-мен тура сондай жағдай, бірақ түскен 200 млрд доллар инвестиция жыртықтың жамауын бүтіндегендей болды. Ал біз net жөнінде айтар болсақ, яғни түскен таза қаражатқа назар аударсақ, мұнда біз жағдайымызды түзете алдық деуге келмейді. Максималды көрсеткіш 2012 жылы – 10 млрд доллар тіркелді, ал былтыр 6,1 млрд доллардан аса алмадық", - деді KAZAKH INVEST өкілі Азамат Қожанов. 

Аймақтық инвестициялық хабқа келер болсақ, Орталық Азияға түсетін жалпы инвестицияның 61%-ы Қазақстанға тиесілі, яғни көршілеріміз бұл бағытта кенже қалды деп мақтануға келмейді. Себебі елімізде соңғы деректер бойынша инвестиция құны артқанымен (2022 жылы 17,7%-ға артып, 28 млрд долларды құрады – ред.), жаңа инвесторлар қарасы көрінбейді, ал жалпы сома реинвестиция көмегімен ғана тұрақтылықты көрсетіп отыр. Бірер жылда жаңа салымшылар пайда болмаса, біз көшбасшылықтан айырылып қалуымыз мүмкін. 

Азамат Қожановтың айтуынша, шетелдік инвестицияларды тартуға қатысты үкіметтік деңгейде тиісті шаралар жүргізіліп жатыр, мысалы, екі жыл ішінде инвестициялық штабпен 150 проблемалық сұрақтар анықталды. Соның ішінде ең басты мәселе – инвестордың сұранысы мен біздің ұсыныстың сәйкес келмеуі. Кез-келген инвестор белгілі бір нарыққа кірудің алдында бірнеше факторларды қарастырады: жоба барысындағы тәуекелдер, мемлекет тұрақтылығы, жұмыс тобының бар болуы және оның жалақысы, тауарды тараты нарығы, жеткізушілердің болуы және т.б.

"Бізде KAZAKH INVEST-та шұғыл инвестицияны қажет ететін 200-ден астам инвестициялық жобалардың пайплайны бар, жалпы сомасы – 10 млрд доллар шамасында. Негізінен қайта өңдеу, инфрақұрылымға қатысты жобалар. Енді түйінді мәселе неде десек, бұлардың дені greenfield-жобалар (бастапқы кезеңнен жасалатын жобалар – ред.). Ал қазақстандық нарыққа бет алған шетелдік компаниялар мұндай жобаларға аса қызығушылық таныта қоймайды. Мысалы, GCC (Араб түбегіндегі алты араб мемлекетінің аймақтық одағы)  елдері brownfield-жобаларды (қолданыстағы өндірістік активтерді жаңарту немесе кеңейту арқылы) талап етеді және шетелдік стратегиялық серіктес болу тиіс, оған қоса экспортты табысты көздейтін міндеттемелер қояды. Ал бізде мұндай жобалар жоқтың қасы. Сондықтан бізге тікелей шетелдік инвестиция нарығын дамыту керек. Тіпті жер қойнауын пайдаланушылар – лицензия алған жекеменшік компанияларға қазір тау-кен нысанына жатпайтын жобаға инвестор тарту қиынға түседі, себебі нарықта тұрақсыздық байқалады: экспорттау мүмкіндігі белгісіз, оның бағасының тұрақсыздығы", - деп түсіндірді KAZAKH INVEST өкілі.

Астана халықаралық қаржы орталығы Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Темірлан Мұханбетжанов та әріптесінің сөзін растап, қазір аймақта ғана емес, бүкіл әлемде капитал үшін күрес жүріп жатқанын айтты. 

"Инвестклиматты біз барлық құрылымдармен бірлесе отырып бірге жасаймыз, бірақ әр инвестордың өзінің талап-міндеттері барын ескеру керек. Біріншіден, бізде ақша қозғалысын жүзеге асыратын және салымшының талаптарына сай келетін нақты инвестициялық жобалар дайын болуы керек. Көбіне инвесторлардың сұрайтыны – brownfield, кем дегенде 20%-дан асатын доллар түріндегі табыс және кепілдік. Бұл жерде ішкі сауда-саттықты талдау жүргізілуі тиіс, сол арқылы инвестордың талаптарын орындау мүмкіндігі қарастырылады. Әрине, аймақтық деңгейде, әлемдік деңгейде болсын инвесторлар үшін күрес болатыны белгілі. Қазір капитал үшін бақталастық болып жатыр", - деді Темірлан Мұханбетжанов. 

Ал біз, сарапшының айтуынша, әлі экономикамыздың ішкі мәселелерін толық шешкен жоқпыз және алдымызға тым жоғары мақсаттар қойып отырмыз.  

"Шыны керек, негізі ЖІӨ-ні екі есе арттыру біз үшін ауыр міндет. Ол үшін біз жыл сайын 10-15% тұрақты өсім көрсетуіміз керек, қазіргі жаһандық саяси-экономикалық жағдайды ескерсек, оны іске асыруымыз екіталай. Біріншіден, көлік пен логистика мәселесі барын ұмытпау керек. Қазақстан әлемдік сауда жолдарынан алыс орналасқан, өйткені дүние жүзіндегі бар тауардың 80-90%-ы теңіз арқылы жеткізіледі, ал біздің суға шығатын мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан бізге түрлі амалдарды қарастырып көру керек, осы бағытта бірінші қадамдар жасалды, мысалы, орта дәліз бойынша келіссөздер белсенді жүргізіліп жатыр: Қытай мен Орталық Азия елдерінен шығып Кавказ жерлері арқылы Еуропаға шығу көзделген. Менің ойымша, дәл осы бағытта ары қарай да белсенділік таныту керек, бұл жерде, әрине, мемлекет басты рөл атқарады. Екіншіден, жол түзелгеннен кейін бізге кеден, баж салығы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізген жөн. Үшіншіден, халықтың бәсекеге қабілеттілігн арттыру керек. Қарапайым ағылшын тілін білу деңгейі бойынша Қазақстан соңынан санағанда 10-шы орында тұр", - деп ойын білдірді. 

Сарапшылар Қазақстаннның инвестициялық әлеуетін жалпылама қарауға келмейтінін айтады, сондықтан еліміздің аймақтағы инвестициялық хаб ретіндегі рөліне де нақты баға беруге келмейді, әр салада өзіндік ерекшеліктер бар.

Қазіргі жағдайды ескерсек, Қазақстан өңдеу өнеркәсібі тұрғысында инвесторлар үшін тартымды болуы мүмкін, өйткені шикізаттың болуы – үлкен артықшылық, деді Темірлан Мұханбетжанов.

"Ал газ-мұнай саласында салыстырмалы түрде жағдай жаман емес, алдағы уақытта тұрақсыздық нышаны байқалмайды. Яғни downstream бойынша (қайта өңдеумен айналысатын зауыттар, бөлшек сатып алушыларға өнімді тарату желісі) бізде бәрі түсінікті, ал upstream-ға (кен орындарын барлау жұмыстары, өндіру процесі) келер болсақ, жағдай жоғарыда айтқанымдай қиын болып тұр, өйткені жекеменшік компанияларға капитал қолжетімді емес. Оларға гео-барлау жұмыстарын жүргізуге жол ашу керек. 
Энергетика саласына тереңірек үңілсек, мұндағы инвестицияның 50%-дан астамы мұнай-газ еншісінде екені бәрмізге аян. Алайда соңғы зерттеулерге сенсек, болашақта Қазақстанның дәл осы саласына құйылатын қаражаттың көлемі азаймақ, бірақ соңғы уақыттары бізде жақсы тенденция – қайта өңдеу үлесі артып келеді. 2005 жылдан бері қайта өңдеудің жалпы көлемі 20%-ға өскен. Осы саладағы тағы бір жақсы тұрақтылық – жаңартылатын энергия көздері саласына салынатын шетелдік инвестициялардың жыл сайын бір деңгейден төмендемеуі", - деп түсіндірді Азамат Қожанов. 

Сонымен қатар инвестициялық климатқа гео-ахуалдың да белгілі бір әсері болды. 
салыстырмалы түрде арзан, бірақ кәсіби жұмыс қолы, Ресей, Қытай мен Орталық Азия елдерімен шекаралас болудың да өзіндік оң әсері бар. Оған қоса соңғы кездері гео-ахуал да экономикаға белгілі бір деңгейде әсер етті. Көршілес Ресей елі санкциялар астында қалды, осыған байланысты Қазақстанға тәуекел үшін  берілетін үстемақы көлемі біршама артқанымен, логистикалық тізбек бұзылды, енді альтернативті көлік жолдарын іздеп қана қоймай, инвесторлық базаны әртараптандыру қажет.

"Қазір біз бірінші кезекте инвесторлық базаны әртараптандыру жағын ойластыру керек. Батыс белгілі себептермен Ресей мен Қытайдың қатысы бар іске жақындағысы келмейді, сондықтан кейбір инвесторлар "күту режиміне" ауысып, саяси жағдайды бақылап отыр. Дегенмен тәуекелге бел буған елдер де жетерлік, мысалы, түбек елдері. Сондықтан Қазақстанда таңдау бар, тіпті, қазіргі ахуалдың өзін өз мүддеміз үшін икемді қолдануымызға болады Әсіресе, Үндістан біздің елде мықты инвестор бола алатын еді, бірақ әлі күнге дейін бұл елмен байланыс орнаған жоқ. Осы сияқты нұсқаларды ары қарай да қарастыра беру керек", - деп қорытындылады Темірлан Мұханбетжанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу