Қазақстан баскетболшылары екінші кезеңге өтті

Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің бірінші сатысын ойдағыдай аяқтады.

07 Шілде 2018 16:34 Автор: Маруан Түсіп
Қазақстан баскетболшылары екінші кезеңге өтті, баскетбол, әлем чемпионаты, іріктеу кезеңі, Қазақстан құрамасы

Азия баскетболшылары 2019 жылғы әлем чемпионаты іріктеу додасының бірінші кезеңін тәмамдады. Әрі екінші кезеңде қай топтарда бақ сынайтындығы белгілі болды. Қазақстан құрамасы соңғы екі ойынын Ирак пен Иранда өткізіп, екеуінде де ұтылып қалды. Әйтсе де, «D» тобында екінші орынға ие болып, келесі кезеңге шықты.

Негізі, Ирак құрамасы біздің баскетболшылар ұтылатындай команда емес еді. Алайда осы екі матчтың алдында ұлттық құрамамыз әр түрлі қиындықтарға тап болды. Бас бапкері Михаил Карпенко жазға салым өз қызметінен кеткен. Сөйтіп, құрама тізгіні оның көмекшісі болған, небәрі 28 жастағы Литва маманы Ренатас Курилионокасқа ұстатылған. Сонымен қатар, соңғы екі ойынға ең үздік ойыншыларымыз Антон Пономарев пен Анатолий Колесников бармаған...

Содан не керек, ұлттық құрамамыз Дохада өткен матчта 50:64 есебімен ұтылып қалды (Ирак құрамасы өз еліндегі беймаза жағдайларға байланысты үйдегі ойындарын осылай көрші мемлекеттерде өткізіп жүр). Осы ретте айта кетейік, Қазақстан құрамасы Ирак баскетболшыларын Астанада 82:76 есебімен тізе бүктірген болатын. Өкінішке қарай, қарымта матчта да жеңіске жетудің сәті түспеді.

Бұдан кейін біздің баскетболшылар Тегеранға барып, Иран құрамасымен кездесті. Бұл команда «D» тобында көш бастап келе жатқан азулы құрама болатын. Парсы елі баскетболшылары басымдық танытып, 88:56 есебімен жеңіске жетті. Биыл жыл басында Астанада өткен ойынның өзінде 54:75 есебімен ұтылып қалған жігіттеріміз түзде де жеңілістің кермек дәмін татты.

Дегенмен, жоғарыда жазғанымыздай, Қазақстан құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасын одан әрі жалғастырады. Азиядағы електік сынның бірінші сатысындағы тәртібі солай, әр төрттіктегі үш команда келесі кезеңге өтеді (барлығы – төрт топ). «D» тобынан тек Ирак құрамасы «саптан» шығып қалды. Қазақ елі құрамасы енді «F» тобында бақ сынайтын болады.

Басқаша айтқанда, «B» тобы мен «D» тобындағы үш құрама бір алтылыққа біріктірілді. Қазақстан құрамасы енді өзімен бір топта болған Иран және Катар құрамаларымен кездеспейді. Алғашқы електегі ойындары мен ұпайы (тоғыз ұпай) есепке алынады. Екінші кезеңде тек «B» тобынан келген Аустарлия, Филиппин және Жапония жігіттерімен екі ойыннан өткізеді (үйде және түзде). Сонда әлі алты матч өткізуі керек.

Екінші електік кезеңдегі іріктеу ойындары 13 қыркүйекте басталып, 2019 жылғы ақпан айында тәмамдалады. Біздің жігіттерге әлем чемпионатына бару үшін «F» тобында үздік үштікке ілігу керек. Тіпті 4-орын алған команданың да көмескі үміті болады. Ол үшін «E» тобындағы Қытай құрамасы да үштікке ілігуі керек. Себебі 2019 жылғы әлем чемпионаты көрші елде өтеді.

Енді соңғы екі ойында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған баскетболшыларымыдың тізімімен таныс болыңыздар:   

Рустам Ерғали, Рустам Мырзағалиев, Асқар Майдекин, Шайым Қуанов, Аймұрат Сәткеев, Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов, Вадим Щербак, Максим Марчук, Азим Ягодкин, Николай Бажин, Антон Быков.

2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындары. Екінші кезең.

13.09.2018: Қазақстан – Жапония

17.09.2018: Аустралия – Қазақстан

30.11.2018: Филиппин – Қазақстан

03.12.2018: Жапония – Қазақстан

21.02.2019: Қазақстан – Аустралия

24.02.2019: Қазақстан – Филиппин    

Маруан Түсіп