Қазақстан Doing Business рейтингінде 8 сатыға жоғарылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2870

Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында көш бастады.

Қазақстан Doing Business рейтингінде 8 сатыға жоғарылады

31 қазанда Дүниежүзілік банк "Doing Business – 2018" рейтингінің нәтижесін шығарды. Қазақстан былтырғы көрсеткішін 8 позицияға жақсартып, 190 мемлекеттің ішінде 28-орынға орналасты. Осылайша, біздің ел бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша әлемдегі ТОП-30-дықтың қатарына қосылды.

Тағы бір атап өтерлігі, биыл Дүниежүзілік банктің аталған рейтингке қатысты Вашингтондағы кездесуіне алғаш рет үкімет мүшелерімен бірге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов та қатысты. Қазақстандық делегацияны ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бастап барды.

Еске сала кетейік, Doing Business рейтингі негізгі 10 бағытты қамтиды. Ал әр бағыт бірнеше индикатордан тұрады. Олар жалпы рейтингтегі жағдайға әсер етеді. Индикаторлардың көрсеткішін есептеу нәтижесінде мемлекеттердің рейтингі түзіледі.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан "Миноритарлық инвесторларды қорғау" индикаторы бойынша осымен қатарынан екінші рет рейтингте көш бастады. "Шарттардың орындалуын қамтамасыз ету" бойынша 4-орынға орнықты. "Құрылысқа рұқсат алу" бойынша 35-орында, ал "Кәсіпорын ашу" бойынша 36-орында тұр.

Вашингтондағы кездесуде қазақстандық делегация еліміздегі бизнес-климатты жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан реформаларды таныстырды. Жалпы Doing Business рейтингінің 9 индикаторы бойынша 7 кодекс пен 20 заңға 148 түзету енгізілген болатын. Осы орайда заңға өзгерістер енгізуге бизнес-қауымдастықтың ерекше үлес қосқанын атап өткен жөн.  

Қазақстан рейтингте Испания (30 орын), Франция (32), Польша (33), Португалия (34), Швейцария (38), Жапония (39), Түркия (43) сияқты елдерді басып озды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің арасында көшбасшы атанды. Рейтингте Ресей (31), Беларусь (37), Армения (41) және Қыргызстан (70) елдері Қазақстаннан төмен орналасқан.

Doing Business-2018 рейтингін Жаңа Зеландия бастап тұр. Үздік ондыққа Сингапур, Дания, Оңтүстік Корея, Гонконг, Грузия, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания, Македония енді.  

Дүниежүзілік банк Қазақстанды 2017-2018 жылдары бизнесті жүргізу жеңілдігі индикаторлары аясында үштен астам реттеушілік реформа жүргізген елдер қатарында атап өтті.

Қазақстан 10 бағыттың алтауы бойынша өз позициясын жақсартты. Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, мемлекетіміз "Миноритарлық инвесторларды қорғау", "Халықаралық сауда" (+21), "Несие алу" (+17), "Құрылысқа рұқсат алу" (+17), "Кәсіпорын ашу" (+5), "Шарттардың орындалуын қамтамасыз ету" (+2) және "Төлемқабілетсіздікті шешу" (+2) бойынша айтарлықтай өсім көрсеткен.

Сонымен қатар, "Салық салу" (-6), "Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу" (-6) және "Меншікті тіркеу" (-1) индикаторлары бойынша позициялардың төмендеуі байқалады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу