Қазақстан экономикасының 35 пайызы саудаға қойылады

2170

"Астана" қаржы орталығы арқылы Қазақстан өз ЖІӨ-сінің 35 пайызын қамтамасыз ететін ірі ұлттық компанияларды жекешелендіруге ұйғарды.

Қазақстан экономикасының 35 пайызы саудаға қойылады

Қазақстан елордасының 20 жылдық мерейтойын атап өту аясында 5 шілде күні "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) халықаралық ресми тұсаукесері өтпек. Қазір оған орталық қана емес, бүкіл ел үкіметі мен Астана әкімдігі қызу дайындалуда.

Орталық Азия елдеріне, Кавказ республикаларына, Еуразиялық экономикалық одаққа, Таяу Шығыс елдеріне, Батыс Қытай аумағына, Моңғолияға және Еуропа елдеріне арналған қаржылық хабқа айналуға тиісті бұл орталықтың ашылуына арналған той бір емес, екі күн бойы жүрмек.

Ресми таныстырылым қарсаңында, 4 шілде күні АХҚО дамуының стратегиялық бағыттары бойынша пленарлық сессиялар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, айтулы оқиғалардың қатарында 14-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, "Назарбаев орталығында" АХҚО-ның құқықтық мәселелер бойынша І халықаралық конференциясы болады.

Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын ашылу салтанаты 5 шілде күні ЭКСПО аумағындағы Конгресс орталығында өтеді деп күтілуде. Бұл басты іс-шараға қатысуға ірі халықаралық компаниялардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының басшылары шақырылған.  

Сонымен бірге, қаржы орталығының басшылығы көші-қон мәселелеріне де бас қатыруда екен. "ЕХРО-2017" жаһандық көрмесі жабыла салысымен оның орнында "Астана" қаржы орталығы құрылатыны бірнеше жыл бұрын-ақ жария етілгені мәлім. Алайда орталық күні бүгінге дейін көрме кешеніне көшпепті. Кейбір деректер бойынша АХҚО құрылымдары елордадағы әртүрлі бизнес орталықтары мен басқа да ғимараттарды паналауда.

"2018 жыл үдерінде біз бас кеңсемізді ЭКСПО кешені аумағына қайта қоныстандыруды жоспарлап отырмыз. Бүкіл 2018 жыл компанияларды тіркеу процесіне, іске қосылған биржаның, АХҚО сотының, халықаралық төрелік орталығының, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін визалық және тіркеу рәсімдерінен өтуді жеңілдететін экспат орталығының жұмыстарын жолға қоюға кетеді. Біздің есебімізше, жыл соңына дейін АХҚО жобалық толық қуаттылығында жұмыс жасауға көшеді. Сонымен бір мезгілде, 2019 жылдың 1 қаңтарында біз бұрын жоспарлағанымыздай, ЭКСПО аумағына көшіп боламыз", – дейді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Күтпеген жерден қала басшылығы мен мәслихаты көшелер атын өзгертем деп, осы істе "сау басқа сақина" тілеп алыпты. Бұл тосын проблемаға ұлттық банк назар аудартып отыр.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, Қазақстан президентінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №161 "Астана" халықаралық қаржы орталығы аумағының шекарасын анықтау туралы" жарлығына сәйкес, орталықтың аумағының шекарасы "Орынбор–Хусейн Бен Талал–Қабанбай батыр–Тұрар Рысқұлов" көшелері орналасқан 25 гектарға тең ауданды қамтиды. Алайда Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 8 қарашадағы №110-2159 қаулысымен және қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 9 қарашадағы № 66/11-VI шешімімен Орынбор көшесі – "Мәңгілік ел даңғылы", ал Хусейн бен Талал көшесі "Ұлы Дала даңғылы" болып өзгерді.

"Әрине, Астанадағы көшелер атауларын ауыстыру негізінен әлеуметтік сипатқа ие болғанымен, заң жүзінде бұл біршама қиындықтар тудырады. Себебі, АХҚО-ға қатысты конституциялық заң орталық қатысушыларына тек аталған көшелермен белгіленген аумақ шегінде ғана жеңілдіктер мен преференциялар ұсынуды қарастырады", – деп ескертеді ұлттық банк.

Ол толыққанды жұмысты бастап кетпес бұрын, әрі "құқықтық және репутациялық тәуекелдерді жою мақсатында" тиісті құжаттарды ретке келтіріп алуға және "болашақта оларға тұрақты негізде мониторинг жүргізіп тұруға" кеңес береді.

Бұдан бөлек, қаржылық реттеуші АХҚО аясында өтімді жергілікті капитал нарығын (capital markets) дамыту нәтижесінде келешекте "Қазақстанның банктік жүйесіне балама" құрылатынына назар аудартады және мұны құптайды.

Сарапшылардың байламынша, АХҚО қазақстандық компаниялардың қаржылық және сервистік қызметтерінің өсуіне серпін беруі ықтимал. Бұл ретте мамандардың есебінше, алдағы 7-10 жыл ішінде орталық арқасында шамамен 18 мың жұмыс орындарын құру жоспарлануда.

Салықтық жеңілдіктер ұсыну арқылы шетелдік компанияларға біздің елімізде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызуы, ағылшын құқығын ендіру және тәуелсіз сот құру арқылы заң үстемдігін қамтамасыз етуі арқылы "Астана" қаржы орталығы қазақ елінің беделін көтереді, Астана қаласының тартымдылығын арттырады, сондай-ақ ел экономикасының дамуына оң әсер етуі мүмкін.

АХҚО басшысы Қайрат Келімбетов журналистерге сұхбатында тұсаукесерден кейінгі келешекке үңілді. Елбасының 2018 жылғы жаңа жолдауында АХҚО ІРО аясында ұлттық компаниялар саудаға шығарылатын негізгі тұғырнама ретінде бекітілгені белгілі.

"Жалпы, "ай-пи-оға" мемлекетке қарасты және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқаруындағы ұлттық компаниялар шығарылады. 2018 жылы бірінші кезекте, үш компанияны жекешелендіру көзделуде, бұлар – "Эйр Астаны", "Қазатомөнеркәсіп" және "Қазақтелеком". Олар толық жекеге кетпейді, акциялар пакетінің үлкен бөлігі, кем дегенде 25%-ы жекенің қолына беріледі. Ары қарай "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "Самұрық Энерго" сияқты компаниялар, олардың еншілес ұйымдары жекешелендіріледі. Жиынтықты түрде алғанда, бұл компаниялар Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің  35%-ын құрайды. Яғни, экономиканың аса салмақты бөлігі", – дейді Қайрат Келімбетов.

Осы арқылы мемлекеттің нарықта бизнесмендермен бәсекеге түсуіне тоқтау салу, жеке инвесторларға ұлттық компаниялардың акционері атануына мүмкіндік беру, олардың қаржыларын квазимемлекеттік секторға тарту және осы саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыру көзделуде.

Сондықтан биыл және келесі жылы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры, ұлттық компаниялармен және АХҚО-мен бірлесіп, Қазақстандағы ірі ұлттық компанияларды жекешелендіруге қатысуды насихаттау, жария ету және түсіндіру үшін бүкіл дүниежүзі бойынша роуд-шоулар ұйымдастырмақ.

"Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, еуразиялық кеңістіктегі, Еуропа мен АҚШ-тағы инвесторлардың қызығушылығын оятудан үміттіміз. Ендеше АХҚО қызметінің және Қазақстандағы жекешелендіруді өткізудің шарттарымен инвесторларды егжей-тегжейлі таныстыру – біздің алдағы екі жылдағы міндетіміз болады", – деді "Астана" қаржы орталығының басқарушысы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу