Қазақстан қытайлық зейнеткерлерді көптеп тарту үшін "55+" жобасын қолға алмақ

5801

ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов азиялық мемлекеттермен, соның ішінде араб елдерімен ынтымақтастықты арттыруға күш салып жатқандарын жеткізді. 

Қазақстан қытайлық зейнеткерлерді көптеп тарту үшін "55+" жобасын қолға алмақ

"Визалық режимге қатысты мәселе бір жағынан, біздің еліміздегі визалық режимді жеңілдетуді қарастырады. Сонымен бір мезгілде біз көші-қон бақылауын және ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің тиімділігін арттыруға тиіспіз. Қазіргі кезде дипломатиялық төлқұжат иелерін визадан босату туралы Қазақстанның 66 елмен және халықаралық ұйымдармен келісімі бар. Қызметтік паспорт иелері үшін 44 мемлекетпен арамызда визасыз режим орнатылған", – деді министр.  

Ол биылғы жылы Біріккен Араб Әмірліктерімен арамызда барлық паспорт иелері үшін визасыз сапарлар туралы келісім бекітілгенін хабарлады.

"Демалыс-курорттық маусымдарда БАӘ-ге қашан еркін баруымызға жол ашылатыны туралы қазақстандықтардан бізге жиі сұрау салынады. Біз өз тарапымыздан бұл үшін қажетті барлық жұмыстарды жүргіздік. Тиісті мемлекетаралық келісімді ратификацияладық. Ал БАӘ-ге кіретін барлық әмірліктер жақында өздерінде бұл келісімді ратификациялап шығады және ол туралы бізді құлағдар етеді деп күтілуде. Бұл қазақстандық барша туристер үшін үлкен жаңалық болады" – деді Қайрат Әбдірахманов. Айтқандай, енді бұл елге бизнесмендеріміз де емін-еркін кіріп, өз ісін жүргізе алады.

Сыртқы саясат ведомствосының басшысы дәл осындай келісім Тайланд патшалығымен арада да бекітілгенін мәлім етті.

Жалпы, туризм саласы жақында мәдениет және спорт министрлігінің құзырына берілгені мәлім. Осы министрліктің туризм индустриясы комитетінің төрағасы Майнюра Мырзамадиеваның айтуынша, визалық және көші-қон режимін жеңілдету мәселелері енді мәдениет ведомствосының негізгі міндеттерінің бірі болады.

"Сол себепті біз бұл бағытта сыртқы істер министрлігімен белсенді жұмыс жасаудамыз. Қазір Қазақстан 66 елмен арада визасыз режим орнатты. Бұл ретте әсіресе, елімізден 4-5 сағаттық ұшу қашықтығында орналасқан елдермен визалық және миграциялық режимді оңайлату бойынша жұмыс жасалды. Өйткені бұл біздің басымдықты аймағымыз болып есептеледі. Оған Ресей, Қытай, Үндістан, Иран және Парсы шығанағы елдері жатады", – деді комитет төрағасы.

Ол Экспо-2017 халықаралық көрмесі кезінде тек Қытай азаматтарына арналған және Алматы мен Астана әуежайларында ғана жұмыс жасаған "72 сағаттық визасыз транзит" атты пилоттық жоба сынақтан өткенін еске салды.

"Соның арқасында көрме өткен үш айлық мерзім ішінде ҚХР-дан бізге 4,5 мың турист ұшып келді. Біз есептеу жүргіздік, олар осы күндерде елімізде 1,5 миллион доллар қалдырып кетті. Сондықтан Қытайға арналған аталған режим жақында 2018 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Бүгінде Үндістан мен Иран азаматтары үшін де дәл осындай 72 сағаттық визасыз режим енгізгелі отырмыз. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. Біз Қытайдан қолы бос зейнеткерлерді турист ретінде Қазақстанға келіп қайтуға тартқымыз келеді. Және осы мақсатта үлкен өзгерістер жасаймыз. Қытайлық зейнеткерлер көбірек келуі үшін "55+" деген жобаны қолға алудамыз. Бұл бағытта СІМ-мен бірлескен жұмыс жүргізілуде", – деп хабарлады Майнюра Мырзамадиева.

Өз кезегінде Kazakh Tourizm ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев қытайлық туристердің неге "Қазақстанға келгісі келмейтіндігіне" түсініктеме бере кетті. Оның айтуынша, шың елінің азаматтары жалғыз қазақ еліне келумен шектелуді қомсынады, олар бір сапар аясында "стан" жалғауы бар негізгі Орталық Азия елдерінің барлығын аралап шығуды қалайтын көрінеді.

"Шынында, шетелдік, соның ішінде қытайлық туристер тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ орталықазиялық елдер тұтастай қызықтырады. Яғни, олар бір сапар аясында "Ұлы жібек жолы" бойында орналасқан көрші барлық елді – Қазақстанды, Өзбекстанды, Қырғызстанды және Тәжікстанды аралап, тамашалағысы келеді. Сондықтан бұл бағытта бірқатар меморандум-уағдаластықтар іске қосылды. Мәселен, "Өзбек Туризммен" бірлескен трансшекаралық туристік бағыттарды әзірлеуге келістік. Сонда ғана бұл оларға қызықты болады", – деді Kazakh Tourizm басшысы.

Бұдан бөлек, дәл осындай жұмысты Грузиямен және Әзербайжанмен арада жолға қою жоспарлануда.

"Нәтижесінде, 7-10 күнге саяхаттап шыққан қытайлық турист алдымен Қазақстанға ұшып келеді де, осында 2-3 күнін өткізеді, ары қарай басқа күндерін басқа елдерге баруға жұмсайды", – деген сенімде Рашид Күзембаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу