Қазақстан хоккейшілері Жоғарғы топқа шыға алмады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1907

Шайбалы хоккейден Будапеште өткен әлем чемпионаты Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтсіз аяқталды.

Қазақстан хоккейшілері Жоғарғы топқа шыға алмады Фото: icehockey.kz

Венгрияның бас қаласында әлем чемпионаты мәресіне жетіп, бірінші дивизионның "А" тобындағы додасы тәмамдалды. Қазақстан ұлттық құрамасы алға қойған мақсатына қол жеткізе алмай, үшінші орынмен шектелді. Келесі жылы Жоғары дивизионда ойнауға құқық беретін екі жолдама Ұлыбритания және Италия хоккейшілеріне бұйырды.  

Қазақстан құрамасы соңғы ойынын Польша хоккейшілерімен өткізген. Ұтылып қалса, "B" тобына түсіп қалуы да ықтимал еді. Ал жеңсе, Жоғарғы дивизионға шығатын мүмкіндігі арта түсетін-ді. Сондықтан, Ғалым Мәмбетәлиев жаттықтыратын жігіттеріміз бар күш-жігерлерін салды. Жеңіліп қалса, ұятқа қалатындықтарын жақсы біледі.

Алайда Польша құрамасына да жеңіс керек-тін. Олар да аянар емес. Тіпті матч басталған бетте гол соғып та кете жаздады. Тамырында швед қаны соққан қақпашымыз Хенрик Карлссон қас шеберлік танытып, өзімен бетпе-бет шыққан поляк шабуылшысының соққысын тойтарды. Осылай бұл ойын шектен тыс шиеленісті басталды.

Бірінші кезең бел ортасынан ауғанда, Әлихан Әсетов Польша құрамасының қақпашысымен бетпе-бет шығып еді. Оны артындағы поляк қорғаушысы шалып құлатты. Буллит! Өкінішке қарай, Әлихан айып соққысынан мүлт кетіп, гол соға алмады. Тәжірибелі қақпашыдан айласын асырудың сәті түспеді.

Есесіне, іле шала (небәрі 18 секундтан кейін) біздің құрама гол соқты. Бірінші бестіктегі шабуылшыларымыз жылдам шабуыл ұйымдастырып, Роман Старченко есеп ашты. Көп ұзамай Павел Акользин есепті еселеді. Осыдан кейін біздің жігіттер көсіле сілтеп, қобалжуды ұмытты. Өздеріне деген сенімділіктері арта түсті.

Қалған екі кезеңде тағы екі голдан соғып, өз қақпамызға бір-ақ шайба жіберіп алды. Жеңіс! Әрі айқын басымдық. Әсіресе, команданың сенім артқан серкесі Роман Старченконың айдарынан жел есіп, айы оңынан туды. Ол бұл ойында төрт гол соғып, бір нәтижелі пас берді (4+1).

Сонымен бұл ойында біздің хоккейшілер Польша құрамасын ойсырата жеңді. Содан соң келесі екі ойынның нәтижесін тосты. Мәселен, Италия мен Словения арасындағы ойынның негізгі уақыты тең аяқталса, біздің құрама келесі жылы Жоғары топта ойнар еді. Өкінішке қарай, матчың соңында Словения құрамасы қақпашысын алып тастап, кездесудің аяқталуына небәрі екі-ақ секунд қалғанда Италия құрамасы гол соғып кетті...

Одан соң айдын иелері мен Ұлыбритания арасындағы соңғы матчты сарыла күттік. Бұл ойында мадияр бауырларымыз жеңіске жетсе, Қазақстан мен Венгрия Жоғары топқа шығар еді. Өкінішке қарай, мұнда да соңғы секундтарда Қазақ елі құрамасының көмескі үміті өшті. Ұлыбританияның жанкешті жігіттері матчтың аяқталуына 15 секунд қалғанда есепті теңестіріп, бір емес екі елді Бірінші дивизионда қалдырды (әрі буллитте бақтары жанып, жеңіске де жетті).

 

Әлем чемпионаты. 1-дивизион, "А" тобы. Бесінші күн

 

Италия – Словения – 4:3

Ұлыбритания – Венгрия – 3:2 /Б/

Қазақстан – Польша – 6:1 (2:0, 2:1, 2:0)

Голдар: Старченко (Рымарев, Кучин), 12:20 (1:0). Акользин (Орехов), 13:34 (2:0). Старченко (Семёнов, Даллмэн), 24:34 (3:0) – артық құрамда. Запала (Лышчарчик), 27:19 (3:1). Старченко (Даллмэн, Семёнов), 39:13 (4:1) – артық құрамда. Кучин (Старченко, Рымарев), 46:03 (5:1). Старченко (Рымарев, Семёнов), 59:08 (6:1) – артық құрамда (5х3).

Қазақстан: Хенрик Карллсон; Кевин Даллмэн – Максим Семёнов, Роман Старченко – Иван Кучин – Евгений Рымарев; Артемий Лакиза – Леонид Метальников, Никита Михайлис – Дмитрий Гренц – Ярослав Евдокимов; Кирилл Полохов – Валерий Орехов, Антон Сагадеев – Владимир Маркелов – Павел Акользин; Әлихан Әсетов – Дмитрий Гурков – Егор Петухов.

Маруан Түсіп

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу