Қазақстан қай елдерден нендей мақсатқа қарыз алды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5307

Сыртқы қарыздың жартысынан көбі бес елге тиесілі.

Қазақстан қай елдерден нендей мақсатқа қарыз алды

Қазақстан Республикасының сыртқы борышының көлемі 2018 жылғы бірінші тоқсанда 0,5%-ға немесе 839,3 млн АҚШ долларына қысқарып, 2018 жылғы 1 сәуірде 166,6 млрд долларды құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

Сыртқы қарыздың азаюына сыртқы борыштың 345,7 млн долларлық операциялық шығындар мен 493,7 млн долларлық операциялық емес шығындардың кемуі әсер еткен. Сонымен қатар, қазақстандық борыштық бағалы қағаздардың нарықтық құнының төмендеуі мен өткен кезеңдердегі деректердің өзгеруі де жалпы көрсеткішке өз әсерін тигізген.  

Жалпы, Қазақстан ұзын саны 127 ел мен одан тыс бірнеше халықаралық ұйымдардан 166,6 млрд доллар айналасында қарыз алған болса, соның ішінде 100 млрд доллар шамасындағы қарыз алты елге тиесілі. Атап айтар болсақ, Нидерландқа 49 млрд доллар, Ұлыбританияға 25,8 млрд доллар, АҚШ-қа 12,9 млрд доллар, Қытайға 12 млрд доллар, Францияға 11,9 млрд доллар, Ресейге 10 млрд доллар қарыз болсақ, бұдан бөлек тағы 10 млрд доллар халықаралық ұйымдарға берешекпіз. Қалған 20 млрд долларға жетер жетпес қаражат 120 мемлекетке тиесілі.

Салалар бойынша Қазақстандағы бизнес өкілі мен үкіметтік ұйымдар ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығына 426,8 млн доллар, кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуға 82,4 млрд доллар (соның ішінде 76,8 млрд доллар шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге), өңдеу өнеркәсібіне 9,8 млрд доллар (соның ішінде 5,1 млрд доллар металлургия өнеркәсібі және машиналар мен жабдықтардан өзге дайын металл бұйымдарын өндіруге), электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауға 1,8 млрд доллар, құрылысқа 5,1 млрд доллар, көтерме және бөлшек саудаға 7,9 млрд доллар, көлік және қоймалауға 12,8 млрд доллар, ақпарат және байланысқа 1 млрд доллар, қаржы және сақтандыру қызметіне 11 млрд доллар, жылжымайтын мүлікпен операцияға 1,7 млрд доллар, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке 19 млрд доллар (соның ішінде бас компаниялар қызметі; басқару мәселелері бойынша кеңес  беруге 13,6 млрд доллар), мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамтамасыз етуге 11 млрд доллар қарыз алынған екен.

"Қазақстанның сыртқы борышының 95,0%-ы ұзақмерзімді сыртқы қарыз. Яғни, оларды өтеу мерзімі бір жылдан көп. Бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады, екінші жағынан жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді", – деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның сыртқы борышының қаржы құралдарының түрлері бойынша бейрезиденттерден тартылған кредиттер мен қарыздар жалпы қарыздың 79,9%-ын, бейрезиденттердің қолындағы борыштық бағалы қағаздар 12,7%-ын құрайды екен.

"Банктер" секторының сыртқы борышы (мемлекет бақылайтын банктерді қоса алғанда) 2018 жылғы 1-тоқсанда 560,5 млн долларға қысқарып, 2018 жылғы 1 сәуірде 5,9 млрд  долларды немесе ІЖӨ-нің 3,6%-ын құрады.

Төмендеу негізінен "Кредиттер мен қарыздар" бабы бойынша (-466,3 млн доллар) қарыздарды мерзімінен бұрын өтеуіне, сондай-ақ бейрезиденттердің қолындағы қазақстандық банктердің еурооблигациялары көлемінің төмендеуіне (нетто-азаю (-)153,2 млн доллар) байланысты болды.

Мемлекет бақылайтын ұйымдардың үлестес кредиторлары алдындағы берешегін қоса алғанда фирмааралық берешек 2018 жылғы  бірінші тоқсанда 91,7 млн долларға ұлғайып, 2018 жылғы 1 сәуірде 104,6 млрд долларды немесе ІЖӨ-нің 64,1%-ын құрады.

2018 жылғы бірінші тоқсанның соңында фирмааралық берешекті қоса алғанда, сыртқы борыштың ІЖӨ-ге қатынасы 102,2%-ды, ал фирмааралық берешекті есептемегенде – 38,1%-ды (2017 жылдың соңында тиісінше 105,1%-ды және 39,5%-ды) құрады.

Осылайша, фирмааралық берешек резиденттердің шетелдік еншілес ұйымдардан кредиттерді одан әрі игеруі (құрал бойынша нетто-ұлғаю (+)525,4 млн доллар) тел кәсіпорындарға сыртқы қарызды (құрал бойынша нетто-азаю (-) 542,8 млн доллар) ішінара өтеуіне байланысты іс жүзінде өзгеріссіз қалды.

"Басқа секторлардың" (мемлекет бақылайтын ұйымдарды қоса алғанда) үлестес емес бейрезиденттер алдындағы сыртқы міндеттемелері 2018 жылғы 1 сәуірде 43,1 млрд долларды немесе ІЖӨ-нің 26,5%-ын құрай отырып, 2018 жылғы 1-тоқсанда 413,8 млн долларға қысқарды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу