banner

Қазақстан қайтсе өз тағдырын өзі айқындайды?

4621

Қазақстанның 2041 жылға дейінгі даму сценарийлері жария етілді.

Қазақстан қайтсе өз тағдырын өзі айқындайды?

"Қазақстан тәуелсіздігін әрі қарай да сақтап қалғысы келсе, онда көршілеріне деген ақпараттық тәуелділіктен құтылып, бұл тұрғыдағы көкжиектерді кеңейткені жөн". 28 қараша күні Астанада болып өткен "Тәуелсіздіктің 25-жылдығы: Нәтижелер. Жетістіктер. Келешек көкжиегі" атты халықаралық конференцияда шетелдік белді сарапшылар мен саясаттанушылар қазақ еліне азаттығын сақтап, ұрпағына аманаттай алуының алғышарттарын атады.

Халықаралық іс-шарада сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов та Елбасының көшбасшылығымен Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қол жеткізген барлық жетістіктерді тізбеледі.

Төменгі палата спикері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстандағы парламентаризмнің негізін қалаушы деп атады. "Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуында барлық демократиялық қайта құрудың негізгі бастамашысы саналатын Мемлекет басшысының рөлі айрықша. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ парламентаризмі моделінің негізін қалаушы болып табылады", – деп мәлімдеді Нұрлан Нығматулин.

Ол сондай-ақ Президентті елімізді ілгері сүйреуші алып күш иесіне балады. "Елбасы – қоғамдық өркендеудің барлық бағытында Қазақстанның алға қарай үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ететін қуатты шығармашылық және жұмылдырушы күш болып табылады", – деді Мәжіліс спикері.

Әрине, азаттықтың 25 жылындағы жетістіктеріміз белгілі, олар жұртшылықтың көз алдында, біразын халықаралық қоғамдастық та мойындады. Дегенмен, ары қарай да тәуелсіздікті тұғырлы, мемлекеттілікті мәңгі ету үшін не істеу керек? Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов америкалық және еуропалық сарапшылар осы сауалға жауап іздеп, өз сценарийлерін құрғанын және ақыл-кеңестерін ұсынғанын хабарлады.

Осыған орай халықаралық конференция аясында "Қазақстан 2041: Келесі 25 жылдағы даму сценарийлері" ("Kazakhstan 2041: Scenarios for the Next 25 Years") баяндамасы таныстырылды. Оны АҚШ-тағы Дж.Хопкинс Университетінің Орта Азия және Кавказ бойынша институты (CACI, Вашингтон) мен Қауіпсіздік пен даму проблемаларын зерттеу институтының (ISDP, Стокгольм) жетекші сарапшылары бірлесе әзірлеп шығыпты.

Біз осы "сценарийлердің" теңавторы, Дж.Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ бойынша институтының төрағасы Фредерик Старрды сөзге тарттық. Ол 2041 жылға дейінгі болжам-баяндаманы әзірлеуге шамамен бір жыл уақыт кеткенін айтады.

Abctv.kz порталының "Қазіргі заманда тәуелсіз ел құзға құлдырамау үшін не істеуі керек?" деген сұрағына Фредерик Старр бұл істе ұсақ-түйек жоқ екенін нықтап айтты.

"Қазақстан әлемдегі дамыған елдердің отыздығына кіруге деген ниетін жариялады. Бірақ ол сөз жүзінде қалмауы керек. Республика тек мұнайға ғана басы байланбай, экономикасын әртараптандыруға тиіс. Мысалы, ауыл шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Алдағы онжылдықта отандық қуатты шағын және орта бизнес өкілдерінің қатары ауқымды болуы қажет. Алысқа бармай-ақ, Астанадағы "Хан шатырында" сатылатын тауарлар басым көпшілігінде шетелдік емес, озық отандық өнім болуы керек!" – деп баса айтты Фредерик Старр.

Ол сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікті де нығайтуға шақырды. Қазақтар қазір ақпаратты негізінен ресейлік дереккөздерден алады. Біржақты ақпарат жарға жығады. "Қазақстан көпвекторлы ақпараттық саясат түзу мәселесін қарастырғаны жөн. Мемлекетке ақпарат бөгде ешкімнің сүзгісінен өтпей, өңделмей, әлемдегі өзге елдерден, бүкіл планетадан тікелей, таза қалпында түсуі керек. Сол арқылы Қазақстанның әрбір азаматының дүниетанымы кеңейеді, ол Жер шарында болып жатқанды еш делдалсыз, өз көзімен 360 градусқа шолып, бақылай алады. Бұл – біздіңше, өте маңызды мақсат", - деді Фредерик Старр.

Қазақстан серіктестікке тартқан америкалық осы сарапшы "Мәңгілік ел" құру үшін мемлекеттілікті нығайту керектігіне назар аударды. Оның айтуынша, бұл үшін "тиімді мемлекет" құрылуға тиіс. Бұл нені білдіреді? Үкімет, әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметін адал әрі тиімді атқарып қана қоймай, халық алдында ашық әрі адал болуға тиіс.

"Нені уәде етсе, соны орындауы керек. Сөздері мың құбылмауға тиіс. Олардың сөзі мен ісінің бір жерден шыққанын көріп, қазақтар сүйсінуі керек. Бұл, әрине, әлемдегі әрбір мемлекет үшін басты нысана. Бірақ, оған толық қол жеткізгені жоқ. Дегенмен, мемлекеттің әр азамат мүддесін ескере отырып іс атқаруы демократияның ғана емес, мықты мемлекеттіліктің ұстыны болып табылады", – дейді Фредерик Старр. – Осы арқылы мемлекет өзегіне түсер "жегі" – сыбайлас жемқорлыққа да тосқауыл қойылады".   

"Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан сыртқы саясатта гипербелсенді! Бұл – мадақ-комплимент болып табылады. Халқының саны жас мемлекет үшін өте маңызды әрі қажет. Сіздер тәуелсіз ретінде жойылып кетпеуіңіз үшін ұдайы жаһан жұртшылығының көз алдынан кетпеулеріңіз, барған сайын танымал бола түсулеріңіз керек. Әйтпесе, өз бетімен томаға-тұйық жатқан белгісіз елдің жойылып кеткенін де әлемде ешкім сезбей қалады, демек, көмекке келмейді. Ал жаһандағы жағдай барған сайын күрделене түспек, – дейді Дж. Хопкинс университетінің Орта Азия және Кавказ бойынша институтының төрағасы Фредерик Старр.

"Қазақстан-2041" сценарийлерінің тағы бір теңавторы, Стокгольмдағы Қауіпсіздік пен даму проблемаларын зерттеу институтының директоры Сванте Корнеллдің байламынша, Қазақстан өзінің мемлекеттік институттарын реформалау арқылы өз егемендігін нығайта алады.

"Қазақстан 25 жыл ішінде күрделі жолдан өтті. Бірақ, алда тұрған асулары одан да қиын болуы ықтимал. Бұл қиын жолдан ел үкіметінің теңгерімді, әбден сана мен ақыл таразысына салынған, сарабдал шешімдері ғана аман өткізеді. Бұл шешімдер асығыс емес, бірақ жедел болуға тиіс. Бұған дейін жүргізілген және қазір қолға алынып жатқан реформалар мен жаңғырулар негізінен, Президент Н.Назарбаевтың көзқарасы мен ұстанымына, ерік-жігеріне байланысты. Сондықтан да олардан салыстырмалы түрде алғанда бірізділікті байқауға болады. Ал келер ұрпақтың қадамдары дәл сондай жүйелі, бірізді бола ма? Бұл әрине, отандық басқарушылардың жаңа формациясының қаншалықты тәрбиеленгендігіне, дайындығына байланысты болмақ", – деді Сванте Корнелл.    

Ол Қазақстанның экономикалық дамуының тоқтап қалмай, өрістей беруінің маңыздылығына тоқталды. Өйткені, сананы тұрмыс билейтіні даусыз, елдің осы тұрғыдан өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы мемлекеттік саясатты жүргізуді де жеңілдетеді. 

"Бұл үшін экономикалық дамудың жаңа идеялары ұдайы құйылып отыруы қажет. Әзірге, Қазақстан әлі күнге мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасына тәуелді болып қалды. Ал экономиканы әртараптандыру өте күрделі процесс болып табылады", – деді Сванте Корнелл.

Еуропалық сарапшы саяси мәселелер бойынша да болжам құрды.

"Алдағы 25 жылдықта Қазақстан сыртқы саясатында да бірқатар сын-қатерге кездеседі деген болжам бар. Өйткені, оған көрші Ресей мен Қытайдағы саяси жағдайлардың күрделенуі ықпал етеді. Қазақстан басшылығына осыған орай туған мәселелерді шешуге тура келеді. Бұл ретте Орта Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту маңызды. Өйткені, жалғыздың үні алысқа жетпейді, орталықазиялық мемлекеттер әр жаққа тарта бермей, ортақ мүдде ұстанып, өз дауыстарын хорға айналдырулары керек. Бұл – олардың тәуелсіздігін сақтау мәселесі. Әйтпесе, ресурстарын иелену үшін бұл өңірді басыбайлы билеп, өз мүддесін тықпалайтын державалар көбейеді. Орта Азия елдері өз болашақтарын өздері таңдай алатын, өз тағдырларын шетелдік күштер емес, өздері айқындайтын дәрежеде болуға тиіс", – деді Қауіпсіздік пен даму проблемаларын зерттеу институтының директоры Сванте Корнелл.

Астанада өткен халықаралық форум  жұмысына Беларусь, Бельгия, Бразилия, Венгрия, Иран, Италия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Польша, Ресей, Түркия, Финляндия, Германия және Швециядан сарапшылар қатысты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу