Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бекер ауыспапты

3372

Кейінгі кезде рейдерлік шабуыл туралы кәсіпкерлер мен құқық қорғаушылар жиі дабыл қағатынды шығарды.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бекер ауыспапты Фото: canva.com

"Табиғи ресурстарды өңдеумен айналысатын маңғыстаулық "Каспий Технолоджи" төл бизнесін рейдерлік басып алу талаптары туралы мәлімдеді", "Рейдерлік немесе махинация: ақмолалық кәсіпкерлер бизнесін бөлісе алмады", "Қорғастағы қазақстандық бизнес рейдерлікке шағымданады, ал басқарушы компания инвестклиматтың "жақсы" екеніне сенімді", "Мемлекет пайдасына рейдерлік шапқыншылық? Hilton мемлекет меншігіне өтті"... Бұл ақпарат құралдарының тек таяудағы тақырыптары ғана.  

Тағдырдың басқа салғаны деп, үнсіз көнгені, журналистерге арызданбағаны қанша? Кәсіпкерлерге қарсы түрлі рейдерлік шабуылдың үдегенін Парламент депутаттары да көтерген болатын.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 25 сәуірдегі өкімімен Рустам Жүрсінов "Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл" лауазымынан босатылды. Ресми себебі – уәкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты. Президенттің сол күнгі өкімімен жаңа бизнес-омбудсмен болып, Қанат Нұров тағайындалды.

Қалай болғанда, аталған қызметке білікті басшыны табу оңай шаруа емес көрінеді. Жалақысы салыстырмалы түрде алғанда көп емес, ұлттық компаниялардағы ортанқол менеджердің алатынындай көлемде ғана. Оның орнына дәл осы қызметтің шектеулері тым көп және ондай шектеу-тыйымдар ешкімде, министрлерде де, депутаттарда да жоқ. Салдарынан, омбудсмен болған адам төрт жылға бизнестен де, саяси өмірден де шеттеп қалады.

Біріншіден, Кәсіпкерлер құқықтарын қорғаушы уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде барлық саяси партиядан, қоғамдық бірлестіктерден тегіс шығуға тиіс және мүше болып кіре алмайды.

Екіншіден, уәкілге саяси қызметпен айналысуға тыйым салынады. Ол тіпті саяси тақырыптарда өз пікір-ұстанымын айта алмайды. Содан болса керек, Р.Жүрсінов әлеуметтік желіде жариялаған бірқатар ащы сынға толы посттарын артынша жойып отырды.

Үшіншіден, бизнес-омбудсменге бизнеспен де айналысуына тыйым салынған. Ол қызметке кіріскеннен кейін 1 ай ішінде өз меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың үлестерін, акцияларын, жарғылық капиталға қатысу үлестерін және пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін өзге де мүлікті басқаға, сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мысалы, тіпті әкімқараларға, шенеуніктерге, министрлерге акцияларға қатысты биржада алыпсатарлықпен айналысып, табыс табуға рұқсат етілуде.

Төртіншіден, оған оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетін өзге лауазымдарды атқаруына тыйым салынған.

Бұған бизнес-омбудсмен институтының жұмыс ауқымы алапат, жүктемесі зілбатпан екенін қосыңыз.

Қорлық пен зорлық көрген кәсіпкерлерді күшін сарқа қорғағанда, алғыстан гөрі, арыз-шағым, сынды көп естиді. Мысалы, Рустам Жүрсіновтың Facebook-тегі төл парақшасында бизнес-омбудсмен ретіндегі қызметін қорытып, есеп беріп, қоштасқан екі күн бұрынғы постының астында небәрі 1 (!) ғана адам алғыс айтыпты.

Рустам Жүрсінов қызмет барысында кәсіпкерлерге тиісті түрде көмек көрсете алмаған кездері үшін кешірім өтінді. Мысалы, оған түскен шағымдардың шамамен үштен бір бөлігі ғана шешімін тауыпты.

"Соңғы 4 жылда бізге 17,4 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде жалпы сомасы 299 миллиард теңгеден асатын 6 043 өтініш оң шешімін тапты. Өтініштерде көрсетілетін шағымдар, негізінен, жер, салық және құрылыс мәселелеріне қатысты. Мемлекеттік бақылау реформасы жүргізілді. Бақылау функцияларының саны 544-тен 165-ке қысқартылды және бақылау жүйесінен 23 сала алынып тасталды. Біздің мақсатымыз меморгандардың қызметін қайталамау және оны барынша оңтайландыру еді", – деді кетіп бара жатқан бизнес-омбудсмен.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде әкімшілік кедергілер азайып, шағымдардың саны 30%-ға төмендепті. Сотқа дейінгі тергеулер бес есе қысқарды, ал қылмыстық істер 2020 жылдан бастап екі есеге, 2016 жылдан бастап сегіз есеге азайды. Экономикалық қылмыстарды декриминализациялау Қылмыстық кодекстің өзгеруіне, 29 экономикалық құқық бұзушылық үшін қамау шарасын алып тастауға және залалды өтеу кезінде 10 бап бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатуға мүмкіндік берді.

Р.Жүрсінов рейдерлікпен қал-қадари күресіп баққанын айтады.

"Біз бизнес жұмысына меморгандардың заңсыз араласуына жол бермеу үшін заңнамаға өзгерістер енгіздік, сондай-ақ реттеуді жеңілдету жөнінде жұмыстар атқардық. Жұмыстар жалғасып жатыр", – деді ол.

Кейінгі кезде бизнесмендер Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл институтының беделі құлдырай бастағанын айтып жүр. Оған жазған шағымдары уақыты әрі орнымен шешімін таба бермейтіндіктен, кәсіпкерлер қолды бір сілтеп, бұл институтқа жүгінуді доғара бастаған.

Бизнес-омбудсменнің баспасөз хатшысы Салтанат Құсайынова мұны ішінара растады.

"2020-2023 жылдар аралығында бизнес-омбудсмен кеңсесі 17,4 мыңнан астам өтінішті қарады. Алайда өткен жылдармен салыстырғанда өтініштердің жалпы санының біртіндеп төмендеу үрдісі байқалады. Былтыр 2023 жылы 3 711 өтініш түсті. Оның 1 623-і (48%) бойынша мәселе шешілді. 498-і бойынша тиісті түсініктеме берілген", – деді ол.

Қазақстанда кәсіпкерлердің жағдайы нашарлағанына ел басшылығы да назар аударды. Биылғы 7 ақпанда өткен жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бизнеске биліктің әкімшілік қысымы артқанын сынап, оны азайтуға тапсырма берді.

Сенат депутаты Андрей Лукиннің айтуынша, құзырлы органдар бизнесмендерді бас-көз демей жазаға тарта беруді жаман әдетке айналдырды. Мысалы, 2023 жылы құзырлы органдар бизнес субъектілеріне қатысты меморгандардың 14 мың (!) заңсыз тыйымы мен шектеуін анықтады. 4,5 мыңнан астам айыппұлдың күші жойылды. 190 заңсыз тексеріске, бақылаудың басқа нысандарына тосқауыл қойылды. Оларды заңсыз, негізсіз тағайындаудың 5 800 талабының жолы кесілді. Яғни, кәсіпкерлерге қарсы алапат әрі тоқтаусыз шабуыл жүруде.

Осы бұзушылықтары үшін 680 шенеунік тәртіптік жазаға тартылды. 121 шенеунікке айыппұл салынды. Басқаша айтқанда, айыпты шенеуніктер көбіне, тәртіптік жазамен, ескерту, сөгіс алумен құтылады, немесе мүлдем жазасыз қалады. Бұл ретте зорлықшыл шенді мансабында әрі қарай жоғарылауы үшін сол сөгіс ізінше алып тасталады.

Сенаторлардың байламынша, билігі барлар табысы қомақты кәсіпорындарды рейдерлік басып алуға тырысады. Бұл үшін қолданатын шоқпар-тетіктері шетсіз-шексіз: заңсыз тексерістер тағайындайды. Түрлі сылтаумен айыппұлдар салады (бүгінде айыппұл салу үшін соттың шешімі қажет емес). Кәсіпкердің құқықтарын шектейді, оларға лицензия бермейді немесе оның мерзімін ұзартпай қояды.

Кәсіпкерді бизнес нысанының астындағы мемлекеттік жерден айырады, арендасын ұзартпай қояды. Бизнес субъектісінің қызметін заңсыз түрде белгісіз мерзімге тоқтата тұрады. Банктік есеп шотын бұғаттап тастайды. Жергілікті кәсіпкерлерді қайырымдылық шараларға, жылу жинауға мәжбүрлі түрде тартады. Тиесілі субсидиядан, жеңілдіктер мен преференциялардан қағады және басқа заңсыз шешімдер қабылдайды. Осы арқылы билік өкілі кәсіпкерді өз бизнесімен бөлісуге көндіреді. Бұл қылмысы ашылса, әрі кетсе, сөгіс не айыппұл ғана арқалайтынын біледі.  

Қылмыстық кодексте "заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау" үшін шенділерді қылмыстық қудалауды қарастыратын 365-ші бап қарастырылған. Бірақ ол сирек қолданылады. Өйткені, сенатордың түсіндіруінше, бұл баптың құрамы "материалды" болып табылады. Ол бойынша жазаға тарту үшін әкімқаралар мен шенеуніктердің белгілі бір шешімінің арқасында жеке пайда тапқанын, өзі мен өзге тұлғалар үшін артықшылыққа ие болғанын, үлкен көлемде залал келтіргенін нақты сомасына дейін міндетті түрде дәлелдеп шығу керек. Тергеушілер оған бас қатыра бергісі келмейді.  

Андрей Лукиннің байламынша, заң бизнесменнің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз қол сұққаны үшін арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. Әкімшілік кодекстің 32-бабы бойынша олар тек тәртіптік жазаланады. Салдарынан, кейбір оқалы жағалылардың қызметтен кеткенде, лезде компания-кәсіпорынның қожайыны болып шыға келетіні сирек емес.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Парламентке хатында бизнеске тізесін батырған шенділердің үстінен қозғалған істердің саны мардымсыз екенін мойындады.

"Қылмыстық және әкімшілік ықпал ету шаралары өте аз қолданылады. Заң бойынша бұл тұрғыда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру бойынша уәкілетті орган ретінде Антикор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекітілген. Сонымен бірге Әкімшілік кодекстің 173-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметке лауазымды тұлғалардың заңсыз араласуы коррупциялық құқық бұзушылықтарға жатпайды. Бұл олқылықты түзету үшін 2023 жылдың қарашасында Мәжіліске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасы табысталды. Антикор әзірлеген бұл заң жобасы аталған 173-бапты да түзетеді", – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, заң жобасында бизнеске қысымшыл шенділерге салынатын айыппұлды 2 есе – қазіргі 100-ден 200 АЕК-ке арттыру ұсынылған. Бірақ Олжас Бектенов бизнесменге қиянат жасаған күш құрылымдары қызметкерлерін өзгелермен тең жазалауға қарсы шықты.

"Ұлттық заңнамаға сәйкес, құқық қорғау қызметі және арнайы органдардағы қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Тиісінше, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тәртіптік жаза сыртында, енді әкімшілілік жазаны да енгізуге ерте деп санаймыз. Оларға қатысты тәртіптік сипаттағы тиісті шаралар қарастырылған", – деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов Сенатқа хатында "бизнестің ісіне заңсыз араласуға жол бермеу мәселелері уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында" екенін қосты. Тікелей өзім бақылауға аламын демеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу